Ауыл шаруашылығыТОП

Диқандар сәуірді күтіп отыр

Бүгінгі күні өңірдегі аудан, қалалардың көктемгі егіс науқанына дайындығы – 98 пайыз. Яғни, тракторлар, топырақ өңдейтін және егін егетін техникалар егіс алқаптарына шығуға сақадай – сай. Осы себепті, шығысқазақстандық шаруалар көктемгі егіс науқанын сәуір айының екінші онкүндігінде бастап кетуі әбден мүмкін. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы хабарлады.

Қомақты қаражат бөлінді

Шаруаның жайы күннің райымен тығыз байланысты. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Өйткені, егіс түсімінің тең жарымы дәннің көктемде топыраққа себіліп, күзгі орымға дейінгі аралықта оның күтіп-бапталуымен байланысты болса, қалған 50 пайызы ауа райына байланысты екені бесенеден белгілі. Маусым сайын қайта айналып соғатын күйбең тіршілік биыл да күннің райына байланысты болмақ. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, өңірдің табиғи-климаттық жағдайы мүмкіндік берсе биыл көктемгі дала жұмыстарын сәуір айының екінші онкүндігінде бастап кету жоспарланған.

Өткен жылдың осы істе өңір шаруалары үшін оңай соқпағаны белгілі. Жыл басынан пандемияға байланысты қойылған шектеулер, жаз ортасына қарай болған қуаңшылық өңірдегі егіс түсімін біршама төмендетіп жіберді. Дейтұрғанмен, былтырғыдан алған сабақ аймақтағы осы салаға жауапты мемлекеттік органдардың сақтығын арттырмаса кеміткен жоқ. Атап айтсақ, биыл көктемгі егіс науқанын жүргізуге бюджеттен бөлінетін қомақты қаржы шаруаның жайын жақсартуға бағытталмақ көрінеді.

– Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын табысты жүргізу үшін 2021 жылы облыс бюджетінен 5 млрд. 577 млн. теңге субсидия бөлінді. Бұл былтырғы деңгейден 178,1 млн. теңгеге артық, – дейді облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Владимир Гайламазян.

Құзырлы мекеме басшысының айтуынша, аталған субсидиялау қаражатының 2,1 млрд. теңгесі тұқым шаруашылығын қолдауға бағытталса, 1,7 млрд. теңгеден астамы минералды тыңайтқыштардың бағасын арзандатуға, ал 1,6 млрд. теңгеден астамы пестицидтердің бағасын арзандатуға және суармалы суды жеткізу бойынша қызметтерді субсидиялауға бөлінбек.

Сонымен қатар көктемгі егіс науқанын жүргізу үшін өңір шаруаларына жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінеді. Басқарма басшысының хабарлауынша, егіс науқанын жүргізу үшін өңір шаруаларына 32 мың тонна дизель отыны қажет. Ал бүгінде облыстағы шаруашылықтарда 3,4 мың тонна жанар-жағармай бар. Бұл қажеттіліктің 11 пайызын құрайды. Бұдан бөлек, еліміздің Энергетика министрлігі көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Павлодар мұнай өңдеу зауытынан литрі 146 теңгеден, 32 мың тонна жанармай бөлді. Аталған жанармайдың 2 мың тоннасы наурыз айына қарастырылса, қалған жанармай сәуір, мамыр, маусым айларына тиісінше 10 мың тоннадан бөлінбек.

Егіс алқаптарының саны артады

Биыл егіс алқаптарының көлемі де арта түспек. Атап айтсақ, биыл, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңы 1379,7 мың гектарды құрап, өткен жылғы деңгейден 16 мың гектарға артық болмақ. Егіс алқаптарының 42 пайызына дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егілсе, 34,4 пайызына майлы дақылдар себілмек. Оның ішінде күнбағыс 31,8 пайызын құрайды. Бұл соңғы жылдары өңірдегі диқандардың майлы дақылдарды көптеп өсіре бастауының белгісі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар нәтижесінде аталмыш дақыл түрлерін өсірудегі көрсеткіш жоғарылай түсті. Мұның бір айғағы, бүгінгі таңда аймақта жүзеге асырылып жатқан өсімдік майын өңдеуге арналған үш ірі жоба. Бұл өз кезегінде аталған өнімнің өңделу қарқынын жылына 1,1 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бермек. Осылайша, кешенді түрде жүргізілген істердің арқасында 2022 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген майлы дақылдар өнімдерінің көлемі төрт есеге дейін ұлғаймақ.

Естеріңізде болса, біз бұған дейін Семейдің май өңдеу зауытының қуаты тәулігіне мың тонна күнбағысты өңдеуге жететіндігі туралы айтқан болатынбыз. Бұдан бөлек Глубокое ауданындағы екі ірі цех пен Шемонайха ауданындағы қайта өңдеу кәсіпорыны да қолданысқа берілді. Бұл өз кезегінде облыстағы егіс алқаптарының сапасы мен көлемін қайта қарау қажеттігін білдірді. Осы себепті, аймақ басшысы Даниал Ахметов облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен бірлесіп, қысқа уақыт ішінде майлы дақылдар отырғызылатын егістік алқаптарының санын арттыруға байланысты жоспар құруды тапсырды. Жоспарда күнбағыстан бөлек, соя, рапс және зығыр сынды дақылдарды егу жайы қарастырылды.

Бүгінде елімізде өндірілетін күнбағыс өнімінің 66 пайызы Шығыс Қазақстанның үлесінде. Ал жалпы майлы дақылдардың 23 пайызы біздің еншімізде.

– Ауыл шаруашылығы өнімдерінің тиімділігін арттыру керек, – деді Даниал Ахметов. – Соя, жүгері алқаптарының санын көбейту қажет. 2025 жылға қарай біз соя алқабын жеті есе, ал жүгері алқабын бес есе арттыруды жоспарлап отырмыз.

Облыстық басқарманың ақпаратына сүйенсек, биыл өңірдегі егіс алқаптарының 23 пайыздан астамына мал азықтық дақылдар, картоп және бақша дақылдары егілетін көрінеді. Сондай-ақ болжам бойынша жаздық дақылдар 1101,6 мың гектарды, ал күздік дақылдар 48,8 мың гектарды құрайды.

– Биыл көктемгі егіс науқанын жүргізуге облыс бойынша бес мыңнан астам шаруашылық қатысады. Көктемгі егіс жұмыстарын ұйымдастыру үшін шаруашылықтарда тракторлар мен егетін және топырақ өңдейтін техникалар жеткілікті. 10 наурыздағы жағдай бойынша облыста тракторлардың дайындығы 97 пайызды, ал топырақ өңдеу және егіс техникаларының дайындығы 98 пайызды құрайды. Бүгінгі күні өңірдегі аудан, қалалардың көктемгі егіс науқанына дайындығы 98 пайыз. Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысына жүргізілген талдау, жалпы жоспарланған жұмыстардың барлық кешені сапалы әрі тиісті агротехникалық мерзімде орындалатынын көрсетеді, – деп қосты Владимир Гайламазян.

Қоса кетсек, былтырғы егіс маусымында аймақтағы агроқұрылымдар егіс жинау жұмыстарын оңтайландыратын материалдық-техникалық ресурстармен толық қамтылған болатын. Ол кезде облыстағы шаруашылықтар мен элеваторларында 90 кептіргіш пен астық жинайтын 3248 комбайн жұмыс істеді. Бұған қоса, астықты сақтау және кептіру қондырғыларымен жабдықталған лицензиясы бар сегіз элеватор шаруаның ісін одан әрі ілгерілеткен еді.

Дақыл түрлерін өсіруге машықтанған

Өңірде өсірілетін дақылдардың аудандар бойынша отырғызылатын көлеміне көз жүгіртсек, астық және бұршақ дақылдарын егу көрсеткішінде Бородулиха, Шемонайха, Үржар, Алтай және Ұлан аудандары алдыңғы орынға жайғасқан. Ал майлы дақылдар өсіруге Бородулиха, Үржар, Шемонайха, Ұлан аудандарымен қоса, Көкпекті, Бесқарағай және Катонқарағай аудандарының шаруалары да бел шеше кіріскен. Шығыс Қазақстан астық дақылдарының ішінде жаздық бидай, арпа, сұлы және қарақұмық егуге, майлы дақылдардың ішінде күнбағыс, соя, рапс сияқты дақылдарды отырғызуға көбірек машықтанған.

Бұдан бөлек, өңірдің кейбір аудандары картоп пен басқа да бақша дақылдарын егуді қолға алған. Облыстық басқарманың берген ақпаратына сүйенсек, былтыр аймақтың аудан, қалаларында жалпы аумағы 17,6 мың гектар алқапқа картоп, ал 14,4 мың гектар алқапқа  бақша дақылдары егілген екен.

Сондай-ақ етті және сүтті мал шаруашылығының дамуы соңғы жылдары облыста азықтық дақылдардың көптеп өсіріле бастауына жол ашты. Алтайдың алты айға созылатын қаһарлы қысында облыстағы шаруалар үшін біржылдық және көпжылдық дақылдарды егіп, сүрлем жабудың пайдасы зор. Осы себепті, тек былтыр ғана облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы аумағы 292 мың гектар алқапқа аталмыш дақыл түрлерін отырғызған. Статистикалық деректер бойынша өткен жылдарда көпжылдық дақылдар 235,8 мың гектар алқапқа отырғызылған. Яғни, көрсеткіш бірнеше жыл ішінде 56,2 мың гектарға өскен.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button