Қоғам

Дипломымды бір жылдан кейін алдым

Дипломымды бір жылдан кейін алдым

Өздеріңіз білесіздер, түрлі саяси себептер Желтоқсан көтерілісінің негізіне айналды. Сол жылы мен ҚазПИ-дің физика-математика факультетінің 5 курсында оқып жүргенмін.

16 желтоқсан күні институттағы сабақтар аяқталған соң құрбы курстастарыммен бірге жатақханаға келдім. «Қазақ болсаңдар, көшеге шығыңдар!» деген ақ парақ қағазға көзіміз түсті. Мұндай шақырудың сыры бізге белгісіз болатын. «Көшеде не болып жатқанын көрейік» деген ой бізді жатақханада байыз тауып отырғызбады. Тәуекелге бел байлап, жатақханадан шығып, орталыққа жастардың сапына қосылдық.

Жастар Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін шырқап келеді. Абай көшесінің екі жағында милиционерлер тізіліп тұр. Орталық алаңға келдік.

«Қазақстанға қазақ басшы болсын!» деп жастар талап қойып ұрандатты. Қатарымызға жастардың тобы лек-легімен қосыла берді. Түн болды. Солдаттар алаңға әкелінді. Үкімет адамдары жастарды алаңнан қайтуға үгіттеді. Жастар оған көнбеді. Түн суыта бастады. Бөшкелі машиналар келіп жастарға су шашты. Сол-ақ екен, қақтығыс басталды. Солдаттар жастарды сабай жөнелді. Әркім бас сауғалап жан-жаққа қашты. Бірге барған қыздар бір-бірінен көз жазып қалды.
Орталық стадионның жанында қолға түскен топтың арасында болдым. Автобусқа толтыра тиеп, милиция бөлімшесіне әкелді. Аулада қар. Соның үстіне жатқызып, жауап алуға бөліп әкете бастады. Алдарына салып айдап тепкілейді. Ұзын дәліздің ішіндегі тордың бір жағында жігіттер, екінші жағында қыздар тұрмыз. Жігіттерді біздің көзімізше сабап, тепкілеп, намыстарын қорлады.
Мен жасы егде, ұлты қазақ милиционеріне жауап беріп, көрген жайттарым жөнінде түсініктеме жаздым. Жауап беруге келе жатқанымда артымдағы милиционер балағаттап, арқамнан түйгіштеді. Менен түсініктеме алған ағаның жаны күйзеліп отыр. Сол кісі изоляторға қаматпай, жасырын есіктен мені сыртқа шығарып жіберді.
Түн ортасы ауғанда жатақханаға жеттім. Бұрышта таныс студент Гүлнәр Нүрпейісова отыр. Әбден тоңған. Бізді 17-18 желтоқсанда жатақханадан шығармады. Үйқамақта отырдық. 19 желтоқсанда сабаққа баруға рұқсат берді.
Алаңда болғанымыз, милицияға берген түсініктемеміз туралы институт ректорына мәлімдеме түсіпті. Институттың комсомол ұйымының жиналысында мені ВЛКСМ қатарынан шығарды. Оқуда қалдырып, соңымнан аңду қойды.
Таныстар менен сырт айналды, саяси сенімсіз адам деп санады. Оқуды бітіретін уақыт жетті. Математика пәнінен өткен мемлекеттік емтиханнан мені құлату жөнінде тапсырма болған екен. Институтта 5 жыл оқығанымды растайтын анықтама алдым. Өзгелердің дипломдары қолдарында. Жаным күйзелді. 1988 жылы емтихан тапсырдым. Диплом бір жыл кейін қолыма тиді.
Бұрынғы Самар ауданының Жұмба ауылындағы мектепте 17 жыл қызмет істедім. Еліміз егемендігін алғанға дейін өзімнің мемлекеттік қауіпсіздік органының бақылауында болғанымды білдім. Желтоқсан көтерілісі қазақ жастарының санасына сілкініс жасады. Тоталитарлық жүйе айыптаған жастар – Қайрат Рысқұлбековті, Ләззат Асанованы, Сәбира Мұхамеджанованы қазақ халқы өзінің батырлары деп таныды. Көтеріліс барысындағы күндерде соққы жеген, кейін жапа шеккен жастар қазір егде азаматтар. Оқудан шығарылған студенттер ҚазМУ-да, ҚазПИ-де сырттай оқып, дипломдарын алды.
Қызыл империяның, тоталитарлық режимнің дәурені өтті. Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды, демократиялық даму жолына түсті.
Уақыт өтіп жатыр. Биыл желтоқсан көтерілісіне 27 жыл толды. 16 желтоқсан күні басымнан өткен оқиға жаңғырып есіме түседі. Қазақ жастарының желтоқсандағы көтерілісі өз бағасын алды. Желтоқсан көтерілісінің алғашқы күні еліміздің Тәуелсіздік күні болып жарияланды. Еліміздің өркендеп, егемендігіміздің баянды болғанын көріп, өзімді бақытты санаймын.

Жайнагүл Бажығалиева,
«Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясының мұғалімі

Риддер.

Осы айдарда

Back to top button