Қоғам

«ДИПЛОММЕН – АУЫЛҒА» БАРҒАНДАР

2009 жылы басталған «Дипломмен ауылға»  бағдарламасы 10 жылда қандай нәтиже берді дейтін болсақ, қорытындысы көңіл көншітерлік емес. Облыста мамандарға мұқтаж өңірлер көбеймесе, азайған жоқ. Өз міндеттемесін орындап, үш жыл ауылда жұмыс істеген мұғалімдер мен дәрігерлер міндетті жылын өтеген соң, жүктерін буып-түйіп,  қайтадан қалаға көшіп кетіп жатыр.

   ҮШ МЫҢНАН АСТАМ МАМАН КЕЛДІ

Аталған бағдарлама алдағы жылдары да жалғасады. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшылығының айтуынша, 2020 жылы ауылға баратын жас мамандарға үй сатып алу үшін кредит беруге республикалық бюджеттен 396 маманға 1 552,1млн. теңге (өткен жылға қарағанда 62,4 пайызға ұлғайған) қарастырылып отыр.  475 маманға 125,9 млн. теңге көтерме жәрдемақы берілмек.

Сонымен, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен 2009-2019 жылдар аралығында облыстың елді мекендеріне денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру,  мәдениет, спорт және ауыл шаруашылығы саласына 3,6 мың маман келген. Мамандардың көпшілігі  Бородулиха (389), Күршім (336), Катонқарағай (350) аудандарына барған. Ұлан, Тарбағатай аудандарына сәйкесінше 323-289, Жарма ауданына 265, Глубокое ауданына 263 жас маман жұмысқа келген. Ауылға барған сол мамандардың 2 409-ы білім беру, 922 маман денсаулық сақтау саласына, ауыл шаруашылығы саласына – 56, спорт саласына – 56, мәдениет саласына – 101, әлеуметтік қамсыздандыру саласына 41маман жұмысқа орналасқан.

Үкіметтің 2009 жылғы «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерін айқындау туралы» №183 қаулысына сәйкес қазіргі күні «Дипломмен – ауылға» барғандарға 100 АЕК немесе 252, 5 мың теңге көтерме жәрдемақы,  тұрғын үй сатып алу үшін әлеуметтік қолдауға 1500 еселік айлық есептік көрсеткіштен  аспайтын сомада бюджеттік кредит беріліп келеді. Он жылда 2 мың маман осындай  5 млрд. теңгенің бюджеттік кредитін алған.

 КЕЛГЕНДЕР ҚАЙТАДАН  ҚАЙТЫП КЕТКЕН

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен ауылға баратындар табылып отырғанымен, тұрақтап қалатындар сирек. Ауыл десе, ат тонын ала қашатын жастар, әйтеуір, ауылдық жерге текке бармайтынын, несиеге (пайызсыз) үй беретінін, көтерме жәрдемақы беретінін медеу етіп «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен ауылға барғанымен, үш жыл мерзімі біте салысымен қайтадан қалаға қайтып кетіп жатыр. Әупірімдеп өткізген үш жылда жинаған аз-маз  тәжірибелерін өздерімен қоса ала кетеді. Олардың орнына келген өзгелер де осылай істеуде. Ақыр аяғында көптеген  ауылдар әлі күнге дейін тәжірибелі мұғалімсіз, білікті дәрігерсіз отыр. Қысқасын айтқанда, мамандар тұрақтамай тұрған ауыл тәжірибесі жоқ, қолында құр дипломы бар маманның өзіне де зәру болып отыр. Катонқарағай аудандық білім бөлімінің басшысы Ғалия Көшенова ауылға келген жас мамандардың басым бөлігі үш жыл мерзімі өткен соң қалаға көшіп кетіп жатқанын, осының салдарынан ауданда мұғалім мамандары тапшылығы, тәжірибелі мамандардың тұрақтамауы мәселесі күн тәртібінен түспей отырғанын айтады. Бүгінде Катонқарағай ауданына физика, математика, ағылшын, орыс тілі – барлығы 21 маман қажет. Бұдан түйетін түйін –  ауыл халқы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының игілігін  көре алмай келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына бөлінетін қаражатты 20 млрд. теңгеге ұлғайтуды тапсырды. Оның бірден-бір себебі ауылдық мектептерде  педагог кадрлардың, дәрігерлердің жетіспеушілігімен байланысты. Бірақ көбейтілген қаржы ауылға жас мамандардың көптеп баруына ықпал етсе де, тұрақтап қалуына әсер ете алмайтындай. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, жас мамандардың дені ауылға үш жылға, бағдарламада көрсетілген уақытқа ғана баруда.

Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен сияқты салалар бойынша жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған бұл бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін жас мамандарға берілетін көтерме жәрдемақы көлемін көбейтіп, ауылдарды тәжірибелі мамандармен қамту мақсатында міндеттелген үш жылды бес жылға дейін көбейту керек дегенді айтады сала  мамандарының кейбірі.  Уақыт көрсетіп отырғандай, жас маманның қай-қайсы да қала іргесіндегі ауылдар мен аудан орталығына тұрақтағанды жөн санайды. Сондықтан мамандар  қаладан, аудан орталығынан әлдеқайда алыс ауылдарға баруға бел буғандардың көтерме жәрдемақысы өзгелердікінен жоғары болса деген пікірде. Яғни берілетін көмек маман тұрақтаған жердің географиялық, әлеуметтік, экономикалық ахуалына қарай есептелгені жөн. Бұл ұсыныстар жоғарыдан  құпталса да, құпталмаса да,  жас мамандарды шалғай, жағдайы жоқ ауылға тұрақтандырудың, тартудың түйткілді бір тұсы – осында, ынталандырудың жоқтығында жатқандай.

Бағдарламаның басты міндеті – ауылдық жерлердегі маман тапшылығын қамтамасыз ету ғана емес, қала мен ауыл мектептері, ауруханалары, емханалары арасындағы білім беру, денсаулық сақтау қызметі сапасының едәуір алшақтығын жою. Алшақтықты жою үшін тәжірибелі мұғалім, дәрігер керек, ол үшін оларға жағдай жасау қажет. Шалғайдағы Шұбартау, Марқакөл  өңіріндегі елді мекендерге, аудандарға барғандарға қала маңында  орналасқан аудан орталығында жұмыс істейтін мамандардан артықтау қолдау, көмек көрсетілсе, мамандар алыс аудандарға барып, тұрақтай бастар ма еді?

Ауылға барып жатқан мамандардың көпшілігі 250 мың теңге көлеміндегі осы азын-аулақ көтерме жәрдемақының өзін, несие қаржысын бірнеше айлап, жылдап күтіп, әрең алып жатыр.  «Әкел де, қолыма сал» деу артық» деп айтқанмен, тиесілі көмектің кешіктіріліп берілуі де осы көмекті медеу етіп келген маман көңіліне кірбің түсіруде. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшылығы мұның себебін бюджеттік қаражат шығыны бюджеттік жоспарлауға енгізілгеннен кейін, қаржының түсуіне байланысты бөлінетінімен түсіндірді.

Айтып отырғанымыздай, әлеуметтік көмек алған маман ауылдық елді мекенде кемі үш жыл жұмыс істеуге міндетті. Аудандардағы білім бөлімі басшылары дипломмен ауылға барған мамандардың көпшілігі мұғалімдер, сонымен қоса  үш жылдан соң қалаға қайтадан қайтып кететіндердің де көпшілігі мұғалімдер деседі. Мұның себебін бағдарламаға жауапты әкімші, комиссия мен маман арасында тұрақты қарым-қатынастың жоқтығымен байланыстырады. Кейбір ауылдарда  оқу жүктемесі азайып, ауылға барған жас мамандардың жұмыссыз қала жаздаған, кетуге мәжбүр болған,  несиелік қаржының үй сатып алуға жетпеген жағдайлары да  кездескен.

Осы мәселелерге байланысты жолдаған сауалдарымызға: «Қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігінде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Біз министрлікке аудан орталықтарында  және тұрғын үй құны кемінде 5 млн. теңгені құрайтын көптеген ірі ауылдық елді мекендерде кадрлық тапшылықты болдырмау мақсатында бюджеттік кредит мөлшері 2000 АЕК-ке дейін ұлғайтылсын деген ұсыныс жолдап отырмыз, өйткені белгіленген   1500 АЕК-ке дейінгі  несие сомасы (3 787,5 мың теңге) мамандардың тұрғын үй сатып алуы үшін жеткіліксіз. Сонымен бірге, жергілікті бюджеттерге жүктемені төмендету үшін сенім білдірілген агенттің қызмет құнын өтеу пайызын 0,5-1 пайызға дейін төмендетуді ұсынып отырмыз» деген жауап қайтарды  «Дипломмен – ауылға»  бағдарламасының әкімшісі – экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.

2018 жылы Катонқарағай ауданының Өрел ауылындағы 11 жылдық  мектепке «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен келген Маржан Баспақова қазір осы мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп жатыр. Арнайы білімі бар маманға ауылдан үй сатып алуға несиелік қаржы  берілген.

– Мен үйді 3 млн. теңгеге алдым. Ай сайын 15 мың теңгеден төлеп отырамын. Ең жақсысы, бұл – пайызсыз берілетін несие, сондай-ақ төлей алмай қалсаңыз да, пайызы өспейді. Осы қаржыны 15 жыл бойы 15 мың теңгеден төлеп қайтарамын, мерзімінен бұрын қайтарып, жауып тастауыма болады. Негізінен, қалаға қайта кетіп қалатындардың көбі – жалғызілікті мамандар. Ал мен сияқты отбасылы жастардың кетіп қалуы сирек.   Жолдасым екеуімізге кішкентай балаларымызбен қалада пәтер жалдап тұрғаннан гөрі, ауылда тұру әлдеқайда жеңілдеу. Ал жас маман жалғыз болса, шешім шығару да, қалаған жеріне кетіп қалуы да оңай болады, – дейді Маржан.

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева жуықта  депутаттарға әкімдер ат басын бұра бермейтін шалғайдағы елді мекендерге бару керектігін айтып,  сайлаушылардың арыз-шағымын, талап-тілегін бетпе-бет тыңдауды, білім беру, денсаулық сақтау жүйелерін цифрландыру мен ауылдардағы интернет мәселелерін шешуді тапсырды. Биыл Сенатта өңірлер күндерін өткізу жоспарланып отыр. Халық қалаулыларының аяғы аталған бағдарламаның игілігін көре алмай, мұғалімдер мен дәрігерлер тапшы болып отырған, мектептері құлағалы тұрған  халі мүшкіл ауылдарға жетсе екен дейсің.

Біздің анықтама:

   «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы әлеуметтік қолдау алу үшін жас маман аталған бағдарламаның аудандар мен қалалардағы әкімшісі (Әкімші) – экономика және қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімдеріне баруы қажет. Ұлттық экономика министрлігінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығымен  ауылдарға жұмыс істеуге барған мамандарға кредит, көтерме жәрдемақы берудің қағидалары бекітілген. Әлеуметтік қолдау мамандарға жас ерекшеліктеріне қарамастан ұсынылады. Мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету жұмыстарын ұйымдастыру үшін  аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігі, аудандық мәслихат депутаттарынан, ауданның жергілікті атқарушы органдары мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінен  тұратын тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрылған. Әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін  маман өтінішпен және құжаттардың толық тізбесімен Әкімшіге жүгінеді. Сондай-ақ балама негізде құжаттарды қабылдау «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы жүзеге асырылады. Мамандарға үй сатып алуға немесе салуға берілетін бюджеттік кредиттер  15 жылға дейінгі мерзімге  жылдық 0,01 пайыздық сыйақы мөлшерлемесі бойынша беріледі. Көтерме жәрдемақыға, тұрғын үй кредитін алуға берілген өтінішті Әкімші үш жұмыс күні ішінде комиссияға жолдайды. 

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button