Қоғам

Дінаралық келісім – тұрақтылық кепілі

Ержан Әбіш

Бүгінде облыста 12 конфессияны қамтитын 152 діни бірлестік жұмыс атқаруда. Мұнымен қатар 148 діни ғимарат бар. Олардың 85-і – мешіт, 25-і – православ шіркеуі. Сондай-ақ ресми тіркелген 4 миссионер қызмет етуде. Бұл туралы ақпараттық орталықта өткен баспасөз конференциясы барысында облыстық дін істері басқармасының діни бірлестіктермен байланыс және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Айтқұрман Тұрғанбаев мәлім етті.

Басқарма діни бірлестіктермен «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң арқылы жұмыс істейді, онда мемлекет пен діннің өзара іс-қимылы нақты жазылған.

– Конфессияаралық келісімді нығайтып, діни бірлестіктер арасында сындарлы диалогты дамыту үшін 2013 жылдан облыста діни бірлестіктер басшыларының клубы жұмыс істейді. Бұл клуб – мемлекеттік органдардың түрлі конфессиялармен өзара іс-қимылы үшін диалог алаңы, ол дін саласындағы ықтимал қақтығыстардың алдын алу, мәселелерді шешу үшін құрылған, – деді Айтқұрман Тұрғанбаев.

Дінаралық келісім – тұрақтылық кепілі. Басқарма діни бірлестіктермен рухани келісімді сақтау мақсатында дөңгелек үстел, семинар, қайырымдылық акциясы, экологиялық сенбілік, спорттық жарыс сияқты іс-шараларды тұрақты өткізеді. Ашық есік күндері конфессиялар өкілдері бір-бірінің ғибадатханаларына барып, қарым-қатынас жасап, діни бірлестіктің тарихымен, мәдениетімен, қызметімен танысып тұрады. Биыл еврей қауымында және баптистердің «Спасение» шіркеуінде осындай кездесулер өтті.

– «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның 10-бабына сай діни бірлестіктер қайырымдылық жасауға құқылы. Діни бірлестіктер басшылары клубының отырыстарында қайырымдылық акцияларын өткізу туралы бірнеше рет шешім қабылданған. Мәселен, Ұлан ауданының Таврия ауылындағы хосписке жиһаз, төсек-орын жабдықтары, Глубокое ауданының 70 көпбалалы отбасына азық-түлік себеттері, облыстық балалар үйіне спорттық мүкәммал табысталды, – деді ол.

Аталған клуб діни конфессиялар мен мемлекеттік органдардың арасындағы көпір іспетті.

Өскемендегі этноауылда орналасқан «Рухани келісім» аллеясына көшет отырғызу дәстүрі 2014 жылдан жалғасып келеді. Жыл сайын рухани көшбасшылар мен мемлекеттік органдар өкілдері тал егуге белсене қатысып, көгалдандыруға үлес қосуда.

Сондай-ақ жыл сайын 18 қазанда Рухани келісім күні аталып өтіледі, биыл мерекеге 30 жыл толып отыр. Бұл маңызды мейрам рухани келісім мен қоғам бірлігін бейнелейді.

– Айта кету керек, клубтың әр отырысында әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол бермеу, атап айтқанда, интернеттегі хабарландыру платформаларында діни кітаптарды, ақпараттық материалдарды, заттарды заңсыз тарату мәселесі қаралады. Бірлескен жұмыс нәтижесінде жыл сайын құқық бұзушылықтар саны азайып келеді. Мысалы, 2017 жылы 31, 2018 жылы 13, 2019 жылы 6, 2020 және 2021 жылдары бір-бірден діни заттарды OLX платформасы арқылы сату дерегі тіркелді, биыл өңірдің 2 тұрғыны осы әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Айтқұрман Ескенұлы.

Басқарма қызметкерлері діни кітаптар мен заттардың сатылуын анықтау үшін апта сайын OLХ, Market.kz платформаларына, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізеді. Анықтаған жағдайда телефон арқылы әкімшілік жауапкершілікке тарту түріндегі ықтимал салдарлар туралы түсіндіреді.

– Діни бірлестіктермен жұмыстың басты бағыты – діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру. Экстремистік сипаттағы зорлық-зомбылық акциялары, терроризмге әкеп соғатын азаматтарды радикализациялау ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Бағдарлама міндеті – қоғамда радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыру, діни өшпенділікті немесе алауыздықты қоздыратын экстремистік идеяларды жақтаушыларды азайту, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын жетілдіру, – деді бөлім басшысы.

Басқарма өкілінің айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдары арнайы органдармен жұмыла отырып, діни экстремизм мен терроризм идеяларына тосқауыл қоюда. Мешіттердегі 137 діни қызметкердің 16-сы деструктивті діни ағымдарды жақтаушылармен және түрмедегі сотталған адамдармен жұмыс жүргізіп келеді.

Интернеттегі жағымсыз материалдарды анықтау және оларға қарсы насихат жүргізу – жұмыстың өзекті бағыты. Сегіз ай ішінде Халифа Алтай мешітінің теологтары сайттар мен әлеуметтік желілерге 500-ден астам мақала мен 1800 ақпарат орналастырған.

Осы айдарда

Back to top button