Руханият

Динара дара шықты

Динара дара шықты


Зайсан аудандық мәдениет үйінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйытқы болуымен қарымды қаламгер, дарынды драматург Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті.

Динара дара шықты

Биылғы Оралхан Бөкейдің туғанына 75 жыл толуына орай тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау, ел арасынан талапты да талантты жастарды табу мақсатында ұйымдастырылған шараға өңірдің қалалары мен аудандарынан көркемсөз оқу шеберлері жиналды.

– Оралхан Бөкей – қамшының сабындай қысқа ғұмырында артына мол мұра қалдырған қазақтың қайталанбас сөз зергерлерінің бірі. Қазақ әдебиетінде биіктен орын алған, өзіндік өрнек қалдырған талантты жерлесіміз драматургияға да сүбелі үлесін қосып кетті. Осы ретте Оралхан оқуларына қатысушы барлық үміткерлерге сәттілік, жеңіс тілей отырып, шарамыздың жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдіргім келеді, – деді аудан әкімінің орынбасары Қамбар Кәкімұлы.

Байқауға қатысушылардың өнерін құрамында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Сәуле Қалиғазина, «Нұр Отан» партиясы Зайсан аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Меруерт Қайрақова, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Мектеп және қоғам» газетінің редакторы Еркебұлан Зағыпаров, облыстық лингвистикалық орталықтың оқытушысы, филолог Надежда Шушаникова, «АLTAI» телеарнасының редакторы Оксана Черткова сынды кәсіби мамандары бар қазылар алқасы бағалап, жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтады.

Көркемсөз оқу шеберлерінің сайысы үш кезеңнен тұрды. Жоғары дайындықпен келген оқушылар әуелі Оралхан Бөкейдің «Қар қызы», «Бес тиын», «Зымырайды поездар», «Жылымық», «Ұйқым келмейді», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Мен сізден қорқамын», «Жетім бота», «Бәрі де майдан», «Желтоқсан желі» секілді шығармаларынан үзінді оқып, қазақтың белгілі ақындарының Астана жайында жазған өлеңдерін жатқа айтып, көрермендерді керемет әсерге бөледі.

Сайыс қорытындысы бойынша Өскемен қаласының атынан қатысушы Балғын Жекен «Сахна шебері» аталымын еншілесе, Бородулиха ауданының намысын арқалап келген Нұрболат Ерболұлы «Астана – бас қала» дипломын иеленді. Қазылар алқасының шешімі бойынша үшінші орынды зайсандық Ажар Әнуарбекова, екінші орынды өскемендік Гүлбибі Сейдәлі, бірінші орынды Курчатов қаласының атынан қатысқан Жұмаш Тоқтарғазы еншілесе, бас жүлдені жармалық Динара Ахметқызы жеңіп алды.

Дәурен Егеухан
Мақала облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button