«Динамоны» тізе бүктірді
«Торпедо» тағы да жеңіске жетті. Бұл жолы өскемендік ұжым балашихилік «Динамоны» тізе бүктірді. Кезекті үш ұпайды қоржынға салған жерлестеріміз турнир кестесіндегі сегізінші орнын сақтап қалды.
Плей-офф кезеңі жақындаған сайын командалар арасында ойын қызып, жанкүйерлер тартысты бәсекелердің куәсі болуда. Өскеменнің Борис Александров атындағы Спорт сарайында өткен ойын да қалың көрерменнің делебесін қоздырып, көңілін серпілтті.
Басында мамандар турнир кестесінде қатар тұрған қос команданың кездесуі мұз айдынындағы «айқасқа» ұласады деп болжам жасаған. Алайда айдын иелері алғашқы кезеңде-ақ қарсыластың қақпасына үш шайба соғып, қонақтардың мысын бірден басуға тырысты. Қарсы шабуыл кезінде Александр Торяник есеп ашты. Көп ұзамай Александр Шин мен Сергей Гончаровтың соққан голдарының нәтижесінде таблодағы есеп 3:0-ге жетті. Ал «динамолықтардың» бірінші кезеңнің соңына қарай ғана бір шайба соғуға шамалары келді.
Екінші кезең басталысымен қонақтар сапында Кирилл Пилипенко мергендігімен көзге түсіп, есеп айырмасын бір голға қысқартты. Бірақ өскемендік хоккейшілер қарсыласты еркінсітіп жіберудің ақыры немен тынатынын жақсы білгендіктен тізгінді қайта қолға алды. Соның арқасында үзіліске санаулы секундтар қалғанда «Торпедо» капитаны Евгений Фадеев төртінші шайбаны соғып, жанкүйерлердің зор қошеметіне бөленді.
Үзілісте бас бапкеріміз Мисхат Фахрутдинов та жағдайды бағамдап, шәкірттеріне тиісті нұсқаулар берді. Нәтижесінде біздің жігіттер ойынның үшінші кезеңінде қорғанысқа күш салып, бәсекелестеріне қарсы шабуылдармен тойтарыс беруге тырысты. Бұл әдіс-тәсіл өзінің жемісін берді. Таблодағы есеп өзгерген жоқ. Сөйтіп, барлығы 82 ұпай жинаған «Торпедо» турнир кестесіндегі сегізінші орнын сақтап қалды. Келесі кездесуін жерлестеріміз ақпанның 17-сі, яғни бүгін кешке жоғары хоккей лигасының көшбасшысы ТХК шеберлерімен күш сынасады.
Шығыс-Ақпарат