Динаға пәтер сыйлады

Он жеті жастағы өскемендік Диана Биғалиева кәмелет жасына толар шағында өміріндегі ең тамаша сыйлыққа қол жеткізді. Бойжеткен бір бөлмелі пәтердің иесі атанды. Бояуы кеуіп те үлгермеген пәтердің іші жаңа жиһаздармен және тұрмыстық техникамен толықтай жабдықталған. Орналасқан жері де өзіне ыңғайлы, оқитын колледжіне жақын.
Диана Биғалиева облыс орталығындағы «Үміт» балалар үйінің түлегі. Жас қызға пәтер сыйлаған – Шығыс Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаментінің ұжымы. Департамент басшысы Мұқтар Төлегенұлының әңгімесін тыңдай отырып, Диананың тағдырының осыншама күрт өзгеруі тек сәттіліктен ғана емес, ең алдымен оған жүрегінде иманы бар тамаша азаматтардың кездесуінен екенін ұқтым.
Ізгілікті іс
– Өңірде ата-анасының қамқорлығынсыз және жетім балаларға демеу көрсететін «Мейірім» акциясы жүріп жатқан кез. Осы бір ізгілікті іске біз де өз үлесімізді қосайық, бір баланың бақытты болуына қол ұшын берейік деп жүрген едік. Бірде кабинетіме әріптесіміз, Глубокое аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Дархан Қалиев келді, – деп есіне алады Мұқтар Төлегенұлы. – Оның отбасында өте қайғылы оқиға болған еді. Содан бір жыл бұрын ғана әріптесіміз сәбиінен айырылып қалған. Құлдыраңдап шауып жүрген бүлдіршіннің аяқ астынан айықпас дертке шалдыққанын естігенде, оның еміне ұжым болып қаржы жинап берген едік. Дархан бауыр еті баласын сонау Минскінің дәрігерлеріне дейін қаратып, сол жаққа ота жасауға апарған-ды. Өкінішке қарай, операция жасалғанымен, сәбидің өмірін сақтап қала алмады. Кішкентай Дарынның шетінеп кеткенін естіп, ата-анасымен бірге қамықтық.
Енді міне, Дархан Қалиев осы келісінде сәбиіне деп жиналып, ұсталмаған қаражатты алып келіпті. «Әйеліміз екеуіміз ақылдаса келіп, кішкентай Дарынымызға деп жиналған қаржыны басқа да мұқтаж балалардың қажетіне жұмсасақ деп шештік. Не ақыл қосасыз?» деп сұрайды. Бастығы «бұл сендердің отбасыларыңа деп жинаған көмегіміз, бір керектеріңе жаратыңдар» деп қанша айтқанымен, Дархан илікпейді.
– Қаржыны қайтарғанда, айтқан сомасынан әлдеқайда көп екенін байқадық. Біз теңгемен жинаған қаржыны есепшотқа доллармен сақтаған ғой. Теңгенің бір тұрақтанып, құнданған кезінде қайта ауыстырғанда, қомақты ақша қосылыпты үстіне. Ескі курспен берсе де ешкім ренжімейді ғой. Дарханның осыншама адалдығына сүйсіндім. Ақыры ұжымды жинап, ақылдаса келе, бір қыз баланы қамқорлыққа алайық деп ұйғардық. Қалған қаражатты сол баланың есепшотына салып, болашақта баспана алып береміз деп шештік, – деп жалғастырды басшы.
Ұжымның «өкіл баласы»
Содан бірде «Үлбі» мәдениет үйінде өткен бір концертте «Үміт» балалар үйінің директоры Майра Баймұханова би ансамблінің құрамында өнер көрсеткен Дианамен таныстырады. Өзі қоғамдық жұмыстарға белсенді, сабақ үлгерімі жақсы, өнерлі жеткіншекті ұжым мүшелері бірден жақсы көріп кетеді. Осылайша, игілікті іске жиналған қаражат Диананың «Тұрғынүй жинақ банкіндегі» есепшотына салынады. Содан департамент қызметкерлері, барлығы 103 адам, жыл сайын бір айлық табыстарын осы есепшотқа аударып отырған.
Қазынашылықтың қызметшілері Дианаға тек материалдық қолдау көрсетумен шектелмей, рухани демеу де бола білді. Жеткіншек қыздың өмірінің елеулі кезеңдерін, мерекелерді ұмытпай, құттықтап, сый-сияпаттарын көрсетіп келеді. Оны өмірге бейімдеуде де ақыл-кеңестерін айтып, арманшыл қызбен сырласады. Ұжымдық іс-шаралар, Жаңажылдық мереке, басқа да айтулы кездерде қыздарын ұмытпай, шақырып отырады. Енді міне, кәмелет жасына жақындағанда ұжымның бір мүшесіндей болып кеткен Диана Биғалиеваға пәтер сыйлап жатыр. Қызметшілердің де өз отбасылары, әртүрлі қажеттіліктері бар. Соған қармастан алты жыл бойы балаларының аузынан жырып, қамқорлықтарындағы қыздың жағдайын жасауға әрқайсысы да ат салысқан.
– Банктегі жинаған қаражатымыз бір бөлмелі пәтерге және оның ішін қажетті жиһаздармен жабдықтауға толық жетті. Қызметкерлеріміз Дианамен бірге барып, құжаттарын рәсімдеуге көмектесті, кешелі бері үйінің ішін жинастырып жүр, – дейді Мұхтар Төлегенұлы әкелік қамқорлықпен. – Алдағы уақытта қаржыгерлік білім алып, біздің ұжымға қосылса деген де тілегіміз бар.
Мен үшін жаңа өмір басталды
– Мен үшін өмір енді басталды. Менің қолымнан барлығы да келеді. Маған ештеңе де қорқынышты емес! – деп абдыраған Диана қуанышын сөзбен айтып жеткізе алмайды. Оның бал-бұл жанған жүзінен, оттай жанған жанарынан ғана аңғардық, қаншалықты бақытты екенін.
Айтысына қарағанда, «Үміт» балалар үйінде жеті жасынан тәрбиеленген, Динара есімді әпкесі, Данияр деген ағасы бар. Осы уақытқа дейін ағайынды үшеуі бірге пәтер жалдап тұрыпты. Өзі Өскемендегі қызмет көрсету саласы колледжінде шаштараз мамандығын үйреніп жүр. Ағасы электрик мамандығын меңгерген.
–Ағамыз екеуіміз келешекте жоғары білім алғымыз келеді. Ал әпкем өзінің шағын кафесін ашуды армандайды. Оған да енді қол жеткізу бізге қиын емес. Бұрын пәтер жалдауға жұмсаған қаражатты жинасақ, бұл арманымызға да жетеміз, – дейді қуаныштан қанаттанған Диана. – Ағылшын тілін үйренуді бастаймын. Содан кейін…
Диананың алға қойған мақсаты көп. Айтып тауыса алмайды.
…«Жетім көрсең, жебей жүр» деп бекер айтпаған ғой халқымыз. Ата-анасының мейірімінсіз қалған балаға пана бола білген ұжымның, азаматтардың ісі басқаларға да үлгі боларлықтай.
Айна Ескенқызы