«Дидармен» дидарласқанша асығады
Облыстық «Дидар» газеті 85-ке толып отыр. Мереке қарсаңында Зайсан ауданындағы газет оқырмандарымен жүздесіп, олардың пікірін, ойларын білу мақсатында бірнеше білім ошақтары мен мекеме ұжымында болған едік. Алғашқы кездесу аудан әкімдігінің мәжіліс залында өтті. Аудан әкімі Темірбек Қасымжанов газет журналистерін Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, оларға шығармашылық табыс тіледі.
–Аудан жұртшылығы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын толайым табыстармен қарсы алғалы отыр. Тоғыз айда 5 миллиард 192 миллион теңгенің өнімдері өндірілді. Ауданда елді мекендерге газ құбыры тартылып жатыр. Соңғы бес жылда «Құлан», «Сыбаға», «Жайлау» бағдарламалары бойынша жылқы, қой, ірі қара малын сатып алып, асыл тұқымды мал басын көбейтудеміз. Сіздерді газеттің мерейтойымен құттықтаймыз, ауданның тыныс-тіршілігі жайында ұдайы жазылатын мақалалар оқырмандарды бейжай қалдырмайды, – деді Темірбек Жұмақұлұлы.
Кездесуге жиналғандар ұстаздар, денсаулық сақтау қызметкерлері жайында көбірек қалам сілтеуді, газет қызметкерлерінің аудандарға жиі шығып, оқырмандармен пікір алмасып тұруы пайдалы болады, деген ой білдірді.
103 жылдық тарихы бар, кезінде хакім Абайдың шәкірті болған Тайыр Жомартбаев дәріс берген М.Әуезов атындағы орта мектептегі ұстаздар қауымымен кездесу әсерлі болды. Мектеп директоры Нұрзада Жикенова білім ордасында 867 шәкірттің білім алып жатқанын, мектеп түлектері арасынан жиырмаға тарта ақын-жазушылар, ондаған ғылым докторларының шыққанын айтты.
– Мектеп ұстаздары «Дидармен» дидарласқанша асығады, алдағы уақытта айына бір рет ұстаздар жайында бет беріп тұрсаңыздар алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деді Нұрзада Жикенова.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Күлзина Бақтиярова, дене тәрбиесінен сабақ беретін Раджан Қазиев, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнәр Ботабаева тәрбиенің отбасынан басталатынын, сондықтан ата-аналардың балаларына дұрыс тәрбие беруі, олардың оқу үлгірімін бақылауға алып отыруы, ұстаздарға деген сүйіспеншілікті арттыру үшін газет бетінде осы жайларды кеңінен насихаттауы туралы ой-пікір білдірді. Бір сүйсінерлігі, ұлы жазушы атындағы білім ордасының ұстаздары 60-70 дана «Дидар» газетін жаздырып алады екен.
Шолпан Бұлғақбаева басқаратын «Ертөстік» бала бақшасын «Балапан» бағдарламасы бойынша осыдан екі жыл бұрын Ербол Келгенбаев басқаратын құрылыс фирмасы сапалы, көрікті етіп салып беріпті. Балабақша ауласында ойын алаңдары, әткеншектер, түрлі аң-құс мүсіндері бой көтерген. Бізді ертіп жүрген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсембаеваның айтуынша, ауданда 12 бала бақша бар екен, олардың 8-і мемлекеттік, 4-еуі жекеменшік. Оның үстіне барлық мектептерде шағын орталықтар жұмыс істеп тұр.
Балабақшада елуге жуық қызметкер бар. Мекеме басшылары, тәрбиешілер газет-журналдарға белсенділікпен жазылатын көрінеді. Кездесуде методист Назым Рахымбаева, музыка пәнінің оқытушысы Серікқайша Қалиева, тәрбиеші Мейрамгүл Аманбаева, шаруашылық ісінің меңгерушісі Елена Игнатенко болашақ жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбиенің балабақшадан бастау алатынын, сондықтан өз қызметтерін жауапкершілікпен атқаратынын тілге тиек етті.
– Алайда, баспасөзде балабақшалары, ондағы қызметкерлер, жетістіктер мен проблемалар жайында мүлдем аз жазылып жүр. Сондықтан «Дидар» газеті бүлдіршіндерді ұмытпаса екен, деген назын білдірді.
Иә, сыр тұнған Зайсанның жайсаң жандары рухани жағынан жүдемей, облыстың басты басылымы, 85 жылдық тарихы бар «Дидар» газетін асыға күтеді.
Оңдасын Елубай