Руханият

\”Дидардың\” серілері (достық шарждар)

Достық шарждар

Меншікті тілшілер қосынының жетекшісі Бекәділ Сәдібековке

"Дидардың" серілері (достық шарждар)

Тал-шыбықтай тұрқы бар,
Тап-тамаша мұрты бар.
Шығысқа тән мінезі,
Шымкенский ғұрпы бар.

Сатираның сардары,
Усойқыдай ұрты бар.
Қаламы да қарымды,
Азамат ол біртуар.

Бас редактордың орынбасары Азамат Қасымға

"Дидардың" серілері (достық шарждар)

Ұлылардың жерлесі,
Полигонның жемісі.
Семей жақта суаты,
Марқакөлде өрісі.
Шаң жуытпас үстіне,
«Дидардың» бұл серісі.
Жастайынан төселген,
Мақаланың кеніші.
Уақытты қадірлер,
Қазақтардың немісі.

Жиырма жасы «Ақшамда»,
Шығар-шықпас жаны бар.
Жиырма бесі «Дидарда»,
Күдірейген жалы бар.
Отыз жасқа жетпей-ақ,
Ерте атқан таңы бар.
Арт жағына қалдырған,
Будақ-будақ шаңы бар.
Креслоны ерте искеген,
Жамбасының бағы бар.

Ұстазы мықты болған соң,
Көкірегі ерте оянды.
Денесі кіші болғанмен,
Істеген ісі жоян-ды.
Баянсыз мынау жалғаннан,
Азамат тапты Баянды.

Жауапты хатшы Тілеукен Тілеубердіұлына

"Дидардың" серілері (достық шарждар)

Аягөзден ары аттап,
Алматыны адақтап,
Нұрекең мұнда жеткенде,
Шауып келді далақтап.
Ішінде жоқ ештеме,
Азамат бұл ары аппақ.

Бес баланың әкесі,
Беделі асқан бұл кісі.
Көлігінен көрінер,
Күнделікті тұрмысы.
Артынан ерген жастарға,
Батыр әкенің үлгісі.

Қаламы жоқ болғанмен,
Қаламақы қолында.
Көңіл күйіне тәуелді,
Бағың да, кейде сорың да.
Будақ-будақ шаң қалат,
Жүріп өткен жолында.
Келіп-кетіп жүреді,
Осы бір Жауапты орынға.

Шолушы Серік Құсанбаевқа

"Дидардың" серілері (достық шарждар)

Абылайға дат айтқан,
Бүгінгінің Бұқары.
Аруларды мас қылар,
Жырдан шашқан жұпары.
Керекуден келген соң,
Өскеменде өнердің,
Жаңа ошағы тұтады.

Домбырасы тұрады,
Солақайға ыңғайлы.
Кабинетінде күй шертсе,
Көршілер келіп тыңдайды.
Ақиқаттың алдында,
Айтарын айтпай тынбайды.

Үйге барса Дидары,
Жұмысқа келсе «Дидары».
Тек дидардан бұйырған,
Бұл Секеңнің сыйлары.

Қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі Ержан Әбішке

"Дидардың" серілері (достық шарждар)

Ержан дейтін бұл брат,
Сынбайтынды «сындырат».
Санап басып қадамын,
Көп істерді тындырат.

Сырты қара, іші аппақ,
Іс жасамайт ұсақтап.
Елдің алты қадамын,
Баса салад үш аттап.
Талай «жерге» барып жүр,
Қоңыр сумкасын құшақтап.

Қаламынан әрдайым,
Еліне енші беріп жүр.
Ерекеңнің соңынан,
Біраз жігіт еріп жүр.
Тәжірибесін өмірлік,
Үйретеріне сеніп жүрір.
Бірақ, бірақ, қазірге,
Бұл өмірдің қызығын,
Жалғыз өзі көріп жүр.

Хабар бөлімінің меңгерушісі Серік Әбілханға

"Дидардың" серілері (достық шарждар)

Кей ісіне қарасаң,
Жынды дейсің, мас дейсің.
Екі езуі құлақта,
Есқатпаған жас дейсің.

Бірақ оны түсінсең,
Тектен-текке күлмейді,
«Бескүндік мынау жалғанда,
Тамаша өмір сүр» дейді.
«Алланың жолы ақиқат,
Сонымен ғана жүр» дейді.
Тақиясы бар басында,
Шолақ шалбар кимейді.
Ән салады құбылтып,
Реті келсе билейді.
Арақ пенен шылымға,
Жоламайды, сүймейді.

Бір кездері бұл Секең,
Қарсы жүзген ағысқа.
Ағыспенен жүріп ед,
Жетіп жүр мол табысқа.
Есе беріп көрген жоқ,
Қалжың менен қағыста.
Биікке өрлеп келеді,
Тиіп сөйлеп намысқа.
Көркем сөздің көсемі,
Журналистикаға нақ ұста.
Ала допты арқалап,
Барып жүр көп жарысқа.
Бәрібір ол бермейді,
Әуре болып алыспа.
Аман болса барады,
Әлі талай алысқа.

«Аltai.kz» сайтының редакторы Дарын Нұрсапаровқа

"Дидардың" серілері (достық шарждар)

Қайран да, қайран, қайран күн,
Серілік құрған сайран күн.
Ноқтасыз жүрген күніңде,
Аспанда тұрған айды алдың.
Жал-құйрығың түйіліп,
Аламандарға айдалдың.
Асаба болып жарқырап,
Аптасына алты тойды алдың.
Қонақтап әрбір газетке,
«Дидарға» келіп «байландың».
Интернетті идіріп,
Сайт ашуды ойға алдың…

Қайран да, қайран, қайран күн,
Әдірәм қалды-ау, сайран күн.
Әлида дейтін діңгекке,
Темір арқанмен байландың.
Әлихан үшін әр күні,
«Балабақшаға» айдалдың.
«Декретке екі рет»,
Акциясын қолға алдың.
Дағдарыс келіп бір жақтан,
Жанбағыс қамын ойға алдың.

Атеист бола тұрсаң да,
Ұлттық рухың бойыңда.
«Сәлдеңіз қалды-ау қоқыста»,
Кредит мініп мойынға,
Көсіліп жүрсің бүгінде,
Имамдардың тойында,
Ивандардың тойында….

Экономика бөлімінің тілшісі Есімжан Нақтыбайға

"Дидардың" серілері (достық шарждар)

Ән салады тамаша,
Ел таңғалар биі бар.
Айтыс дейтін қазанда,
Бөлінбеген сыйы бар.
Сан ақпарат сақталған,
Қатпар-қатпар миы бар.

Қоғамдық-саяси бөлімінің тілшісі Дәурен Аллабергенұлына

"Дидардың" серілері (достық шарждар)

Ақыл айтса қонымды,
Айтқан сыны орынды.
Орайы келсе, жібермей,
Көтереді көңілді.

Мінезі бар салмақты,
Сегіз қырлы, жан-жақты.
«Балық» аулай қалса егер,
Қаптырады қармақты.

Қаламы да қарымды,
Азамат ол дарынды,
Жұмсақ креслодан,
Құйрығы да салымды.

Отыз жасқа жетпей-ақ,
Басшы болып танылды.
Кәсіп одаққа төраға,
Бір жылда сұрар халіңді.
Ақша керек боп жатса,
Айтасың соған зарыңды.

Сұрағы болса халықтың,
Дәукеңнен жауап алып жүр.
Өзі әртіс бұл жігіт,
Өмірдің мәнін танып жүр,
Басшының пародиясын,
Жүрісімен-ақ салып жүр.

Хабар бөлімінің тілшісі Нұржан Кенжеұлына

"Дидардың" серілері (достық шарждар)

Әкесі – Кенже,
Жері – Марқа.
Өзі үйдің – тұңғышы.
Сканворд білгірі,
Стандарт білгіші.
Қыздардың көзімен қарасаң,
Жігіттің – «жындысы».
Сөзі де, өзі жұмбақтау,
Жалғыз жүр – «қылмысы».

Арманы – хонда,
Ала доп қолда.
Баласы – белде,
Әйелі – жолда.
Татпайтын, тартпайтын,
Өзі бір – молда.
(отызға келдің,
Бұзсаңшы орда).

Руханият бөлімінің тілшісі Мұратхан Кенжеханұлына

"Дидардың" серілері (достық шарждар)

Ееее, ақын жігіті керейдің,
Құтылмапсың ғой сен дағы.
Қарындашынан Мерейдің,
Енді өзің жайлы не деймін…

Мұратхан келе жатады,
Жүрісін салып қаздардың.
Субару теуіп жүр едің,
Оны саттың да Мазда алдың.
Ол қай жеріңе жақпады?
Мазданы сатып ВАЗ-ды алдың.
Ол байғұсты да өткенде,
Металлалом қыла жаздадың.
Экологиялық таза көлік қой
Велосипедке де аз қалдың.))

Тілің – тікен, сөзің – қорғасын.
Әзіл-қалжыңға келгенде,
Су төгілмейтін жорғасың.
Бұрын шығарып тұрушы ең,
«Әзілдің ала дорбасын».
Бірақта оны тастадың,
Қаламақысы аздау болғасын.
«Тіл бітсе, сурет не дейді?»,
Екі-ақ ұйқас бір сурет,
Әйтеуір қазір сондасың.))
Тойға барсаң – тамада,
Мешітке барсаң – молдасың.
Қалай айтсақ та Мүкеңе,
Әңгімелерің болмасын.
Мұратхан нағыз азамат!
Әріптесім, досым, жолдасым!

Жауапты хатшының орынбасары Мерей Қайнарұлына

"Дидардың" серілері (достық шарждар)

Нысанаға ілгенін
Сезбеді ме қу жүрек?
Сан соғып қалған шығарсың
Тоқтату қиын шуды деп,
Бұқаларға туған күн
Бұзау басыма туды деп.

Сен кім едің, кім едің?
Катонда туған ұл едің.
Классиктердің соңынан
Суретші болып түледің.
Семейден алып дипломды
Глубокиде жүр едің.
Қазақ газет шыққанда
Шаңырағын тіредің.
«Ақ бұлақтың» бетінде
Ақ құлақты іредің.
Ай сайын көлік жаңалап,
Дәуренің жүріп тұр едің.
Тақымыңда тоздырдың
Тұлпардың небір күреңін…

Өскеменнен алдырып,
Орныңа мені қалдырып,
«Менің өлкем» дейтін газетке
Басшы болдың байыпты.
Жарыңды таптың сол жерден,
Тағыңды таптың со жерден,
Деңгейіңе лайықты.
Саналы түрде от басып,
Әкіммен де соттасып,
Дауылға салдың қайықты.
Шенеуніктердің шетінен
Көлігін тізіп, түгендеп,
Істерін аштың айыпты.
Қадіріңді алайда
«Сенің өлкең» жай ұқты.

Қазіргі қызмет орының
«Дидардың» ыстық ұясы.
Ұйымшыл ұжым тұрғанда,
Аласармас тұлғаң да,
Сөз емес жолдың қиясы.
Келгенше жүзге кеппесін
Үш қаламыңның сиясы.
Қарындаш алмас сәттерді
Фотоаппаратпен аласың.
Бекежан құсап ту сырттан
Аямай ата саласың…
Есағаңмен ракусқа
Таласып кейде қаласың
Қай жағынан алса да
Қасында оның баласың.

Жүрісің – мысық,
Жұмысың пысық,
Мерей десе Мерейсің.
Бейбарыс – ұлың,
Мәдина – күнің,
Керегең әлі кеңейсін.
Құдайдан қорқып,
Өзіңді сыйлар
Мәмлүктерің көбейсін!

Фототілші Есімхан Орынбаевқа

"Дидардың" серілері (достық шарждар)

Аппараттың Никонын, Сониын да,
Ұстаған ескісін де, новыйын да.
Орынбаев түсірген жалғыз фото,
Азық болып жатады он ұйымға.

Әзілін жазғандар – Мұратхан Кенжеханұлы, Есімжан Нақтыбайұлы, Дарын Нұрсапаров

Суреттерді салған – Мерей Қайнаров, Нұржан Кенжеұлы (Мерейдің суретін салған)

Осы айдарда

Back to top button