«Дидардың» бір күні (фоторепортаж)
Арнайы репортаж
Редакциядағы қарбалас күндердің бірі. Өйткені, ертең «қалың «Дидар» оқырманға жол тартады. Сағат тілі онды соққанда екінші қабаттағы кабинеттердің телефондары бірінен соң бірі безілдеп қоя берді. Абайсызда сол телефондардың бірін көтере қалсаңыз, тұтқаның ар жағынан «Лездемеге шақырып жатыр» деген хатшы Жаңагүлдің үнін естір едіңіз. Осыдан кейін «Дидардың» бүкіл ұжымында маза жоқ.
Лездемеден «шабыттанып» шығамыз
Суатқа құлаған үйірдей бас редактордың кабинетіне жиналған тілшілер қауырт жұмысты ысыра тұрып, апта бұрын оқырманға жол тартқан сандарды талдауға кіріспек. Лездеме кезекшілері өзіне бекітілген күнгі газеттерді жіліктеп, бағасын беріп жатыр. Сол күнгі санның жүгін арқалаған сүбелі материалдар ерекше аталып, мазмұны мен стилі кемшін соққан мақалалар да әңгімеге арқау болды. Айтылған сын мен жылы пікірлерге бас редактор Уәлихан Тоқпатаевтың төрелік айтуы да үйреншікті әдетке айналған.
Бұдан кейін газеттің жауапты хатшысы Тілеукен Тілеуберді тізгін ұстады. Ол жоспарлы нөмірде кімнің қандай материалы қай бетке салынатыны жөнінде ақпар беруі тиіс. Мұндайда кешігіп жатқан мақала авторларының есімі бірінші аталады. Жаңа нөмірдің тағдыры бір ауыздан мақұлданғаннан кейін бас редактор алдағы елеулі даталар мен шараларға тоқталып, жекелеген тілшілерге нақты тапсырмалар жүктеді. Лездеменің соңын ала бас редактордың орынбасары Азамат Қасымға кезек тиеді. Ол әдеттегідей жалпы жұмысты ұйымдастыруға қатысты хабарландыруларды қарша боратты.
Айналасы жарты сағаттың ішінде кабинеттеріне тарасқан тілшілер «лездеменің» екпінімен жұмысқа құлшына кірісіп кетті. Бірі тұрақты авторға хабарласып, поштаға түскен хаттың мәселесін пысықтап жатса, бірі ресми мекемеге сауал жолдап әлек.
Ал бас редактор мен жауапты хатшы өз орынбасарларымен бірге алдағы нөмірдің макетін қайта бір пысықтап шықпақ. Жауапты хатшының креатившіл орынбасары Мерей Қайнарұлының ұтымды ұсыныстары да осы жерде мақұлданады.
Ақпараттың алғадайлары осылар
(Суретте Мұратхан мен Есімжан)
Қашан да хаттан көз ашпайтын «Руханият» бөлімінен қонақ та арылған емес. Соның көбі – жазуға құштар аға буын өкілдері мен өзін әдебиеттен іздеп жүрген жас таланттар. «Әзілі жарасқан» аталарымен осы бөлімдегі үш тілшінің бірі Мұратхан Кенжеханұлы шүйіркелесіп жатыр.
Ал бөлім меңгерушісі Мейрамтай Иманғалидың есігін көбінесе білім саласына қатысы бар жандар торуылдайды. Не жазса да мөлдіретіп жазатын әріптесіміз қонақтан қолы босай қалғанда «Адамның кейбір кездері» жайында толғанады.
Айжанат Ихсанова болса, дәлізде жолыққандардың бәріне жүре амандасып, күле амандасып кабинетіне беттеді. Шамасы кезекті мақаланы миында пісіріп бара жатса керек.
Өңірдегі алпауыт кәсіпорындардың тыныс-тіршілігін қалт жібермей қадағалап отыратын Жанаргүл Мұқатай – экономика бөлімінің меңгерушісі. Экономикалық көрсеткіштер, инвестициялық жобалар, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы, бюджеттің игерілуі сияқты қарапайым халық құлшынып оқи бермейтін қасаң тақырыптарды қаузау, құрғақ сандарды сөйлетіп, нақты деректі ойнатып беру осы бөлімнің міндеті.
Редакцияның ең ұшқыр тілшілері хабар бөліміне шоғырланған. Кім көрінгеннің тісі бата бермейтін күрделі материалдың өзін ойнап отырып-ақ, ойнатып тұрып беретін Серік Әбілхан осы бөлімнің басшысы.
Бұл бөлімді шұғыл хабарлардың иірімі десе де болады. Қазір де Серік сиясы кеуіп үлгермеген су жаңа хабарларды қол астындағы жүйріктеріне қылдай ғып үлестіріп жатыр.
Нұржан Кенжеұлы мен Ажар Сағатбекованың қолына түскесін ол хабарлар сөлі сығылып, «қырық жолдықтар» мен «отыз жолдықтар» ретінде газет бағаналарынан орын тебеді. Хабарлар дайындалып болғаннан кейін өз арамызда «тірі уикипедия» атанып кеткен Нұржан әріптесіміз алдағы санға сөзжұмбақ әзірлеудің қамына кіріседі.
«Дидардың» еншісі бөлінбеген отауы – «ALTAI.kz» сайтының редакторы Дарын Нұрсапаров та қауырт кездерде редакцияның шаруасына белсене араласады.
Жарты жылдан астам уақыттың ішінде аталмыш сайт облыстағы қазақ тілді электронды ақпарат құралдардың арасында оқырманы ең көп сайтқа айналып үлгерді.
Ұлттар бірлігі, «Нұр Отанның», бірлестіктер мен ұйымдардың тыныс-тіршілігі, қоғамдық тәртіп пен құқық қорғау саласының ахуалы – қоғамдық-саяси бөлімнің басты тақырыптары.
Бөлім басшысы Ержан Әбішев бүгінгі нөмірдің кезекшісі. Әдетте кезекшіге газет күнінде тапсырма берілмейді. Оның бүгінгі міндеті – дайындалған беттердің қатесін тексеріп, корректорларға табыстау. Алайда, Ержан сияқты отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын әккі тілшілер күй талғамайды. Оның әкімдік жиналысынан нөмірге мақала дайындауға отырған беті осы. Біздің ұжымның да жазылмаған өз ережелері бар. Соның бірі – нөмірге мақала жазып отырған адамның мазасын алмау. Сол себепті де кабинеттестері Ержанның маңайынан айналып өтіп жүр. Екі көзі мониторда, құлағы диктафонда, саусақтары пернетақтаның түймелерін көз ілеспес шапшаңдықпен таласа-тармаса басуда. Сол шапшаң саусақтардың әншейінде жер қозғалса да қозғалмайтын Ержанға тиесілі екеніне сенгің келмейді.
Ал Дәурен Аллабергенұлы «Сіз сұраған едіңіз» бетіне келіп түскен сауалдар мен жауаптарды екшеп, қалың қағаздың ортасында отыр. Оқырман сауалдарына толымды жауаптар түгел дайындалғанша телефонға да, Дәуренге де маза жоқ. Кез келген адамның тілін табатын, кез келген істің ыңғайын білетін Дәурен әріптесіміз кейбір оқырманның сауал ретінде көтерген мәселесін газет бетіне жеткізбей-ақ шешіп беретінін былайғы жұрт біле бермейді.
Шабытымыз шалдыға бастаса, жігіттер жиналып шай ішетін әдетіміз бар. Нұржанның әлемнің геосаяси тарихы жайындағы «трактаттары», Дарынның абсурттық этимологиядан ашқан жаңалықтары, Ержанның оған алып-қосар ірі-ірі түзетулері, Мерейдің ауыл тіршілігі туралы «3D» хикаялары, Дәуреннің пәтуалы әңгімелері, Серіктің спорт тақырыбындағы сараптаулары, Мұратханның мірдің оғындай әзілдері осы жерде айтылатын. Бірақ бүгін оған да мұрсат жоқ.
Музейіміз мұрағатқа толы
Тілшінің ішіндегі жеке батырлары – шолушылар. Науқандық қарбаластарға бас қатырып жатпай-ақ, барынша кесек тақырыптарға ауыз салуға талпынатын, көкейкесті мәселені елден бұрын аңғарып, бірінші қалам сілтейтін шолушының жұмысы шынымен қызықты. Айнагүл Бәкімбаева мен Серік Құсанбаев бұл міндетті іркіліссіз орындап жүр.
Соңғы 2-3 жылдың көлемінде Айнаш Ескенқызының денсаулық сақтау тақырыбына жазған мақалалары мен журналистік зерттеулері республика бойынша жүлде бермей келеді.
Ал айтыскер журналист Серік ағамыз өзінің жеке музейі іспеттес кабинетінде Абайдың қара сөздерін парақтап, ой үстінде отыр. Музей демекші, «Дидардың» өз мұражайы бар. Онда газеттің 85 жылдық тарихы түгел қатталған. Мұндағы әрбір жәдігер өз заманының айнасы болуымен құнды. Редакцияға келген меймандардың осы музейге бас сұқпай кетпейтіні де сондықтан.
Аудандағы «агенттеріміз» – меншікті тілшілер. Тілі де, ойы да жатық Хасен Зәкәрия, танымдық мақаланың майталманы – Қыдырбек Кәкімұлы, бесаспап Берікхан Тайжігіт, шағын мақаланың шебері Бейсенғазы Ұлықбек, өндіріп жазатын Раушан Нұғманбекова мен Оңдасын Елубай сынды аға-әпкелеріміз осы қосынды басқаратын ардагер журналист Бекәділ Сәдібековтің электронды қоржынын хаттан босатқан емес.
Бұл хаттар газет бетіне мақала боп беттелгенше, Бекәділ ағамыз да телефоннан «түспейді».
Терімшілер де терлеп жұмыс істейтін күн бүгін. Көгілдір экран бағдарламасын беттеп, қолмен жазылған хаттарды компьютерге теру – кез келгеннің жүйкесі шыдай бермейтін машақатты шаруа.
Қай журналистің қаламы ұшқыр екенін, қай журналист асықпай жазатынын, кімнің емлеге осалдығын Анар Мұхамадиева мен Гүлнәр Мүкенова редактордан кем білмейді.
Себебі, Уәлихан аға мен Азаматтың қолынан шимайланып шыққан мақалаларды электронды нұсқада осы кісілер жөндейді. Газет шығатын күні олар да жұрттың соңын түгендеп қайтады.
Ішінен ылғи да жылу шашып тұратын, аурасы өзгешелеу екі кабинеттің бірі осы терімшілердікі болса, екіншісі – корректор апайлардың бөлмесі. Гүлнар Мұсанова, Жәния Рахимова мен Гүлнәр Орамалова әдеттегідей мақала мәтіндеріне шұқшиып отыр. Өз жұмыстарын сарымайдан қыл суырғандай тиянақты істеуге машықтанған корректорлар нөмірдің «ПДФ» нұсқасы баспаханаға жол тартқанша көз майын тауысып еңбектенеді.
Редакцияда өзгелерге қарағанда уақыты көптеу екі жан бар. Олар – фотографтар. Уақыты көптеу дегенде жұмыстары оңай деп тұрған жоқпыз. Сәтті кадрдың соңында жүріп батпақ та кешеді, жауынның астында да қалады, тау-тасқа да шығады. Сәтті сурет – жарты мақала.
Егер оқып отырған мақалаңыз сәтті суреттің арқасында жұтынып тұрғанын көрсеңіз, Есімхан Орынбаев пен Манап Мұрзатаевтың еңбегі деп түсініңіз.
Беттеушілердің өз тілі бар
Түс ауа беттеушілердің жұмысы қызды. Саусақтары пернетақтамен біте қайнасып кеткен Кенжехан Жамай, Саят Жақыпов және Дамир Борамбаев үштігі жауапты хатшының бұйрықтарын бұлжытпай орындауда. Бұл кабинеттегілердің әңгімесін газетке қатысы жоқ адамдар естісе, түсіне алмай дал болатыны анық. Құдды өзгелер түсінбес үшін құпия сөздермен тілдесіп жатқандай.
-Шыға берістің суреті қайда?
-Оны маңдайға қоятын болдық.
-Үштің етегі сенде ме?
-Подвал бос тұр ғой!
-Ержанның түйесі түсіп қалды ма?
-Иә, орнына Мерейдің бөденесін саламыз.
-Бағанағының басын кесіп салдың ба?
-Жоқ, «ПДФ»-қа жіберші.
-Үшті кім ашып отыр, жабыңдаршы!
Осы тәріздес кілең бір кәсіби сөздерден құралған диалогтар енді кеш қарайғанша толастамайды.
Ымырт үйірілген шақта Уәлихан ағаның қолына соңғы мақала тиді. Кезекшіден басқа журналистер үйлеріне тарай бастаған. Бір сағат өткенде екінші қабатта өлі тыныштық орнады. Бұл кезде газетті беттеуші жігіттер соңғы мақаланың суретін салып, орнын дайындап қойған еді. Соның арқасында ақырғы беттің жүгі ауырлық таныта қоймады. Ержан әріптесіміз барлық беттерді қайта бір сүзгіден өткізіп, әрқайсына қол қойып шықты. Бұдан кейін жауапты хатшы беттеушіге газеттің электронды нұсқасын баспаханаға жіберу жөнінде пәрмен береді. Барлығы үйге қайтудың қамына кіріскенде, бас редактор мен орынбасары компьютеріне отырып, күндегісінше газеттердің «ПДФ» нұсқасын ақырғы рет түгел қарайды. Ешқандай шалағайлық кетпегеніне көзі жеткен соң барып олар да кезекші көлікке келіп кірді.
Баспашылар батпан жүкті арқалап жүр
Газетшілер үйіне қайтып жатқан кезде баспашылардың жұмысы жаңадан басталып жатады. «CTP» аппаратының операторы Руслан Сәбитов электронды поштаға келіп түскен «ПДФ» нұсқадағы газетті баспа табағына басып шығаруда. Алюминий табақшаға басылған кескін екінші қондырғыда жуылып, артық ноқаттар мен кездейсоқ дақтардан тазартылды. Газеттің барлық беттері осылайша баспа табаққа көшіріледі. Бұдан кейін дайын табақтар «Сityline» қондырғысының бағандарына рет-ретімен орнатылды.
-Ең жауапты жұмыс енді басталды. Газет бетіндегі жазулар мен суреттердің бояуы баттасып кетпеуі үшін қондырғыны қолмен баптаймыз. Одан кейін қағазды салып, баяу қарқынмен газеттің сынақ нұсқасын шығарамыз. Процесс барысында бір маман түрлі-түсті жазулардың бояуын, біреуіміз қара жазулардың бояуын, тағы бір маман суреттердің бояуын қадағалап, дұрыс қонбай тұрса, дереу баптауды өзгертеміз. Барлық баптаулар қажетті қалыпқа түскен соң барып баспа машинасы толық қарқынға көшіріледі. Бұл кезде екі адам машинадан қатталып шыққан газеттерді жиып отырады да, енді бір адам топтаманы жіппен буып тұрады, – дейді аға баспашы Рашид Оспанов.
«Буы бұрқыраған» газет бумаларын поштаға жөнелткен соң кезекші көлікке тиеліп үйге қайттық. Әрқайсымызды жеткізіп болғанша да бірталай уақыт кетеді. Небір қызықты оқиғалар мен жарқын естеліктердің тізгіні осы кезде ағытылады. Жұмыс уақытында оған мұрсат болсын ба?
Бәріміз бірдей әбден жаттанды болған түнгі қаланың көрінісіне көз қадап үнсіз қалған кезде Уәлихан аға «Нөмір жаман болмаған сияқты» деп қалды. Бағаны оқырман беретінін білсе де, тәжірибесі мен түйсігіне сүйеніп айтты.
«Нөмір жаман болмаған сияқты…» Осы оймен басымыз жастыққа да тиер. Бұл кезде кезекші көліктің жүргізушісі газеттің соңғы бумаларын пошта бөлімшелеріне апара жатқан.
Міне, қадірменді оқырман, өзіңіз парақтап отырған газеттің қолыңыздағы саны осылайша дайындалды.
Есімжан Нақтыбайұлы
Суреттерді түсірген – Есімхан Орынбаев, Манап Мұрзатаев