Қоғам

«Дидардың» авторы болып жүргенімді мақтан тұтамын

«Дидардың» авторы болып жүргенімді мақтан тұтамын

Қымбатты жерлестер, қадірлі әріптестер!

Баршаңызды Шығыс өңірі ақпарат айдынының флагманы «Дидардың» кемеліне жетіп толысқан мерейлі тойымен құттықтаймын!
Мен «Дидарда» қызмет жасағам жоқ. Бірақ осы газетке, редакция ұжымына деген құрметім бөлек, сыйластығым ерек. Өйткені, бала жасымыздан, былайша айтқанда, көзімізді тырнап ашқаннан көргеніміз аудандық «Еңбек туы» мен облыстық «Коммунизм туы» газеттері болды. «Социалистік Қазақстанды» есейгенше көрмеген шығармын. Көрсек те ол аспандағы айдан да алыста елестейтін. Ал мына газеттер «өзіміздікі», жанға жақын, жүрекке жылы еді. Кейде облыстық газетте біздің ауыл туралы, ондағы бұғы-марал шаруашылығының жай-күйі жайында материал шыға қалса мәз болатынбыз. Апырмай, үлкен газет те біздің ауылды таниды, біледі екен ғой деп бойымызды мақтаныш сезімі билейтін.
Кейін өзім араласқан ағаларымнан да көп әңгіме естіп жүрдім. Әсіресе, рухани туыс боп кеткен, шығармашылық тұрғыда сырлас болған қазақтың бекзат зиялысы, асқан білімдар Жұмағали Ысмағұлов ағамыз «Коммунизм туында» қызмет жасаған жылдарын талай рет әңгіме еткені бар. Сол заманғы әріптес асыл азаматтарды, алуан оқиғаларды сағынышпен еске алып, тағлымды естеліктер айтушы еді.
Одан кейін Кеңесхан Зәкенов, Тоқтарбек Қызықбаев, Кеңес Юсупов, Кәдірбек Сегізбаев ағаларымның да газетте істеген жастық шақтары, журналисттік сапарлары жайында тәлімді сөздер естіп жүрдім. Облыстық газеттегі қызметі тым қысқа болғандықтан ба, Оралхан Бөкей ол жылдарын көп айта бермейтін.
Бұларды айтып отырғаным – газетте істемесек те, біз де ағалар әңгімесінен редакцияда қызмет жасаған аяулы азаматтар жайында, газеттің өсуі мен өркендеу тарихынан хабардар екенімізді құлағдар ету.
Өркендеу демекші, жаңа заман туып, азаттығымыз шындап қолымызға тиген жылдары Жұмәділ Әділбаев ағам бірде телефон шалды: «Газетіміздің атын «Дидар» деп өзгертіп жатырмыз. Сен бізге екі нұсқада жаңа газеттің шапка-логотипін жасап бер» деп тапсырма берді. Екі нұсқа дегені – бірі А-2, келесісі – А-3 форматтар екен. Ағамыз тапсырған соң жан қала ма, тездетіп жасап бердік. Редакция алқасы ол логотипті мақұлдап бекіткеннен кейін Жұмәділ ағамыз: «Өзің білесің, бізде цинкография. Ол жарамайды. Сен енді осы жазуларды латуньнан жасатып бер!» деді тағы. Ол кезде білдей бастықпыз, завод та, фабрика да қолымызда, латуньді де ағамызға екі күнде жасатып бердік. Білетінім, сол екі нұсқамен газет ұзақ жылдар бойы басылып жүрді.
Қазір өз басым «Дидардың» сирек те болса авторы болып жүргенімді мақтан тұтамын. Біраз материалдарым, әңгіме, повестерім бірінші осы газетте жарық көрді. Алдағы уақытта да арадағы байланысты үзбеспіз деген үміттемін.

Құрметпен,
Әлібек Асқаров,
жазушы, Мемлекеттік
сыйлықтың иегері

Осы айдарда

Back to top button