Қоғам

«Дидар» газетіне жазылушылар көп болды

«Дидар» газетіне жазылушылар көп болды

«Дидар» газетін сонау алпысыншы жылдардан бері үзбей оқып келе жатқан оқырмандарымыз да бар. Оны Өскемендегі А.Пушкин кітапхананың алдында өткен «Жазылушылар күні» акциясының ашылуында байқадық. Облыстық «Қазпошта» АҚ мен А.Пушкин атындағы кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған аталмыш акция облыстың аудандарында да өтті.
Шараны ұйымдастырушылар А.Пушкин атындағы кітапхананың алдына облыстық, қалалық газет-журналдарды тізіп қойып, қала тұрғындарын жазылуға шақырды. Шараға қатысушылар тізілген газеттерді парақтап көріп, өздері қалап оқитын газеттеріне жазылып жатты. Ең бірінші болып газетке жазылған Тарбағатай ауданының тумасы Серікқазы Қалымғазыұлы мақтау қағазына ие болды. Ол «Дидар» газетінің ұжымына ризашылығын білдіріп, осы газетке жазылды. Бұл күні газетке жазылушылардың барлығына бағалы сыйлықтар табыс етіліп, ұтыс ойындары ұйымдастырылды.
– «Дидар» газетін он жасымнан бері оқып келемін. Ол кезде «Коммунизм туы» деп аталатын. Бұл газет жалпы жан-жақты ақпараттарымен, тың жаңалықтарымен қызықтырады оқырманды, – деді бүгінде Глубокое ауданының Опытное поле ауылында тұратын Серікқазы Қалымғазыұлы.
Сонымен қатар, Зайсан ауданынан көшіп келген зейнеткер ұстаз Майра Ожанова да «Дидар» газетін сүйіп оқитынын айтып, оқырмандардың құрметіне орай тамылжыта ән шырқап берді. Және де, «Жазылушылар күні» акциясы барысында облыстағы өнер иелері де әннен шашу шашып, жиналған халықты мерекелік көңіл күйге бөледі. Ал облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Бурахан біздің облыс газетке жазылу бойынша үздік үштікке кіретінін айтты.
– Біздің өңір – оқырманы көп өңірлердің бірі. Өйткені, Шығыс Қазақстанда журналистиканың мәйегі қаланып, мүйізі қарағайдай журналистер шыққан өлке. Қазақстанда алғаш жұмысын бастаған телеарналардың бірі де осы Өскеменде ашылған. Ғаламтор қаншалықты дамығанымен, газет-журнал мән-маңызын жоймайды деп ойлаймын, – деді Ернұр Бурахан.
Екінші жартыжылдыққа жазылу маусымында өткізілген «Жазылушылар күні» акциясы 20-23 мамыр күндері жүргізілді. Аталмыш акцияның ашылуына жиналған жұртшылық осындай шара кең көлемде өткізіліп тұрса деген ұсыныстарын жасырмады. Облыстың жер-жерлерінде өткізілген бұл шарадағы жеңілдіктерді пайдаланған оқырмандар өздеріне қажетті газет-журналдарға жазылуға мүмкіндік алды.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button