Өнегелі өмір

DIDAR – ДЫҢ ОН ЕКІНШІ РЕДАКТОРЫ

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осыдан 91 жыл бұрын, қазан айының 24-і күні бүгінгі облыстық Didar газетінің ең алғашқы саны өз оқырманына жол тартқан болатын. Содан бері бұл басылымға кімдер келіп, кім кетпеді? Иә, газеттің тұңғыш редакторы ұлтжанды журналист Мақсұт Тайшыбаевтың өңіріміздегі тұңғыш қазақ тілді басылымды қалыптастырып, аяғынан тік тұрғызып кеткендігінен және халқым деп жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек еткен азаматты сол кездегі кесір биліктің «халық жауы» деп 1938 жылы атып тастағанынан көзі қарақты оқырмандарымыз құлағдар. Өкінішті, әрине.

Одан бері де су бетіне қаншама мұз қатса, жылғалардан да соншама су ақты. Ең алғашқы саны 1931 жылы «Жұмысшы» деген атаумен оқырманға жол тартқан басылым 1939 жылы «Социалистік Алтай», 1941 жылы «Алтай большевигі», 1953 жылы «Коммунизм туы» деген атауларды иеленіп келіп, ақыры 1990 жылдың 27-ші қарашасынан бастап қазіргі Didar атауымен шығып келеді.

Жақсы басшы – ұжымның ұйытқысы

Осы аралықта бұл газеттің бетіне не жазылып, оқырмандары не оқымады? Иә, жасырып-жабары жоқ, кешегі Кеңес үкіметінің тұсында газет сол кездегі биліктің сөзін сөйлеп, сойылын да соқты. Жалаң ұрандарға бой алдырып, әсіресе, саяси науқандар тұсында алаулатқан, жалаулатқан кездері де болды. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, әлі де «Ақ үй» жақтан шыққан айғайға сүрен қосып отыратынымыз жасырын емес. Себебі газеттің құрылтайшысы, яғни, қожайыны жергілікті билік. Қаражат бөлетін де, бағыт-бағдар беретін де солар.

Арада өткен 91 жылда басылымның таралу саны да біркелкі болмағаны рас. Тіпті, олай болуы мүмкін де емес. Жергілікті биліктің, ең бастысы, жанкешті журналистердің тынымсыз еңбегі мен жер-жердегі қарапайым оқырмандарымыздың қолдауының арқасында жабылып қалмай жарық көріп келеді. Бұған әр жылдары, түрлі мерзімдерде газетке басшылық еткен редакторлардың да қосқан үлесі зор екендігін айта кетуіміз керек.

Қазақта «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген қанатты сөз бар. Әр жылдары газет басшылығында болған ағаларымыз да сөйтті. Бірі қаталдау, бірі жұмсақтау, енді бірі тым сақтау мінезімен сол кездегі ұжымның тілін тауып, кем-кетігін жауып, қайсыбір артық-тыртық жерлерін жуып-шайып дегендей, газетке, ұжымға, ең бастысы, бір кездегі жазылымы шамамен 100-150 мыңға дейін жеткен оқырмандарына қызмет ете білді. Ең бастысы – газет және оның ұжымы, сондай-ақ жер-жердегі оқырмандары замананың қандай қиыншылықтарын бастан кешірсе де, газеттің осы күнге дейінгі шығып келген (18278) бір санының болсын жарық көрмей қалуына жол берген жоқ. Ендігі мәре алдағы жылдардың еншісіндегі Didar-дың 95 және 100 жылдық мерейтойларына осы үрдісті үзбей жеткізу. Ол – газеттің қазіргі қызметкерлері, яғни, үлкеніміз бар, кішіміз бар, біздің мойнымыздағы аманат деуге болады.

Өткен аптада газет редакциясында атап айтпасқа, жұртты құлақтандырмасқа болмайтын айтулы өзгеріс болды. Ұжым, басылымның 12-ші редакторы Уәлихан Тоқпатаевты зейнет демалысына шығарып салды. Иә, 1931 жылдан бастап жарық көрген төл басылымымызға осы уақытқа дейін 12 адам басшылық еткен екен.

Өзім осы газетке 2007 жылы қызметке орналасқанымда Жұмаділ Әділбаев бас редактор еді. Кейін ол кісінің орнын Айтмұханбет Қасымов басты. Осы бір 15 жылда көзімнің жеткені, жақсы басшы – ұжымның ұйытқысы екен. Ұжымдағылардың үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлап, бір-біріне түсіністікпен, жанашырлық, қамқорлықпен қарай білуі, бұрынғы газет қабырғасында болған ардагерлерді ұмыт қалдырмай, олармен үнемі байланыс ұстап отыруы, барлығы да бірінші басшыға байланысты болады екен.

Бұл дәстүр кешегі Ж.Әділбаевтан басталған деп ойламаймын. Мұның бастауында, сонау жылдары нақақтан-нақақ оққа байланып кеткен Мақсұт Тайшыбаевтан бастап, әр жылдары редактор болған Зәйтүн Сыздықов, Манап Салықбаев, Мұқан Әбуғалиев, Омарбек Қайсанов және тағы да басқа ағаларымыздың тұрғаны белгілі.

Марқаның жасыл шыршасы

Міне, осы дәстүрді 2012 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін Уәлихан Дөшкенұлы да абыроймен жалғастырып келді. Уәкеңмен қызметтес болған осы бір жылдар маған да көп дүниені байыптап, бағамдай білуге, не нәрсені болмасын сараптап, саралай, бағалай білуге үйретті. Жұмыс барысы болған соң кей күндері сөзге кеп қалған кездеріміз де болды. Бірақ оны ішімізге кек қылып сақтамайтынбыз. Соңын әзіл-қалжыңмен жуып-шайып, тігісін жатқызып жіберуші едік.

«Адамды абыройлы ететін де, абыройдан жұрдай қылатын да мінезі» дейміз ғой. Уәкеңнің сабыры мен сақтығы, байыптылығы мен байсалдылығы, сонау университет қабырғасынан алған тамырлы білімі мен білігі бір түйеге жүк боларлық әңгіме…

…Біз қайсыбір дүниелерге қызбалық танытып, шыр-пырымыз шығып жатқанда, Уәкең  түк болмағандай жымиып қойып, байсалды бір әңгіме айтып кетеді ғой. Әлгі жерде өзіңнің шыдамсыздығыңа қарадай ыңғайсызданып қаласың. Ұжымдағы әрбір қызметкерге өзінің бірге туған іні-қарындасындай, әйтпесе, ұл-қызындай қамқор болды. Білмегенін үйретіп, шабандап жатса қамшылап, тіпті, қайсыбір отбасылық мәселелеріне де араласып, ағалық ақылын айтып жол нұсқаудан жалыққан емес.

Адам баласының болмысында жас шамасына қарай немесе жұмыста жүргенінде, жұмыстан тыс мезгілде деген секілді әлдебір өзгерістердің болып тұруын заңдылық деп қабылдаймыз ғой. Уәкеңде ол жоқ қой. Уәкеңді қашан, қай жерде, қандай шарада, той дейсіз бе, тіпті, табиғат аясында болсын, сенбіліктерде болмасын сол баяғы бір қалпы. Құдды бір қысы-жазы өң бермейтін Марқаның жасыл шыршасы секілді.

Уәкең 1981 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдай сап, сол кездегі «Коммунизм туы» газетіне жас маман боп келген екен. Содан бір мекемеде, бір мамандық бойынша табан аудармастан табаны күректей 41 жыл отырып беріпті ғой, сабазың. Еңбек кітапшасында бір мекемеге келіп, бір мекемеден зейнетке кеткен адамдар аса көп емес. Сол көп еместің бірі – біздің Уәкең. Кей күндері жігіттермен әзілдесіп тұрып: «Бұл не деген төзім, не деген шыдам, не деген жүйке?» деп күліп алатынымыз бар.

«Тосынсый»

Иә, біздің Уәкең сондай, сабырдың, біртоғалықтың, байыптылық пен салмақтылықтың символы іспетті. Басылымның бір кездері бір-бір уығына айналған ардагер ағаларымызға лайықты шәкірт бола білген Уәкең де Ай қарап жүрмепті. Біраз жыл С.Аманжолов университетінде журналистикадан дәріс оқи жүріп, соңынан ізбасар шәкірттерін де тәрбиелей білді. Осыған дейін оқырманның көзайымына айналған Есімжан Нақтыбай, Мұратхан Кенжехан, Лаура Наурызбаева, Айнұр Омар, сондай-ақ қазіргі күні газетіміздің әр санында өндіре жазып жүрген Ержан Әбіш, Дәурен Аллабергенұлы, редактордың орынбасары боп отырған Серік Әбілхан сынды журналистердің барлығы Уәлихан ағамыздың төл шәкірттері.

Негізі, Уәлихан Дөшкенұлының туған күні сәуірдің 15-і болатын. Еңбек кодексінің заңнамалары бойынша Уәкең сол тұста зейнетке  шығуы керек еді. Алайда осындағы облыс басшылары бар, «Шығыс ақпарат», «Рудный Алтай» мен Didar ұжымы бар, қоярда-қоймай жүріп тағы бір алты ай қасымызда болуын өтінгеніміз де рас.

«Уәде – Құдай сөзі» деген, ол кісі берген уәдесінде тұрып, қазан айына дейін қызметін жалғастырып берді. Ендігі жердегі қолқаның орынсыз әрі өтпейтіндігін ескеріп біз де көндік.

Көндік те, өз тарапымыздан ол кісіге деген ерекше құрметімізді өзіне айтпай, шамамыздың келгенінше білдірмей тосынсый, яғни, үлкен дастарқан жайып, ардагерлерімізді, аудандардағы меншікті тілшілеріміз бен бірқатар аудандық, қалалық газеттердегі әріптестерімізді шақырып тұрып қаладағы айтулы мейрамханалардың бірінде той жасап бердік. Сол тойда әріптес іні-қарындастарының қимастық сөздері, ризашылық тілектері мен жарасымды әзіл-қалжыңдары айтылды, ән шырқалып, би биленді дегендей…

Үйдегі Гүлнар апайымыз да, сонау АҚШ-тан келіп жеткен қарындасымыз Райхан да, сондай-ақ той иесі Уәш ағамыз да риза болған шығар деп ойлаймыз.

Ардақты ағамыздың, қамқор басшымыздың ортамыздан кетіп бара жатқаны кімге қалай әсер еткендігін қайдам, дүйсенбі күні жұмысқа кеп әдеттегідей қабылдау бөлмесіне кірсем, Уәкеңнің кабинетінің есігі жабық тұр екен. Көңіл құрғырдың тым сезімтал болғандығы да қиын-ау, осы…

…Біртүрлі құлазып.., ойланып қалдым. «Шеткі үйді өрт шалса, ортаңғы үй шетке шығады» деуші ме еді?! Алды-артыма, оң-солыма қарасам, редакциядағылардың ендігі жердегі ең үлкені де, жастарға жөн айтып, бағыт-бағдар берушісі де мен болып қаппын.

Уәш ағам жай кетпей, менің иығыма да салмағы зілдей ағалық аманат артып кетіпті.

 

Осы айдарда

Back to top button