Диқандарымыз дайын ба?

Шығыс Қазақстан диқандары биыл 1,4 млн. гектар алқапқа егін салмақ. Бұл былтырғыдан 82,5 мың гектарға көп деген сөз.
Қыстың жайлы өтуі диқандарға да жақсы болып тұр. Былтырғыдай күздік дақыл үсіп, шығынға батқан ешкім жоқ. 2017 жылдың күзіндегі қара суық 1,5 метрлік тоң түсіріп, көктемге қарай 1,7 мың гектарға салынған күздік бидай үсіген болатын. Биыл диқандар ондай апаттан аман.
Өсімдік майын өндіруден алдына жан салмай тұрған шығыстық аграрлар биыл да күнбағыс алқабының көлемін азайтпайтын сияқты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сенсек, жыртылған алқаптың 32 пайызына майлы дақыл себілмек.
-Дәнді дақыл алқаптарының көлемі 596,8 мың гектарға жетеді деген болжам бар. Бұл барлық алқаптың 44 пайызына тең. Ал майлы дақылдар 443,8 мың гектарға егіледі. Қалған 324,3 мың гектар жемшөп дақылына арналмақ. Картоп пен көкөністің үлесі 3 пайыз көлемінде, – дейді өсімдік шаруашылығы, егіншілік, механикаландыру және мелиорация бөлімінің басшысы Әділет Төлеутаев.
Өңірдегі егінге жарамды жердің үштен бірінен астамын күнбағыс алқаптары алуы – алаңдарлық жайт. Өйткені күнбағыс егілген алқаптың құнарын қайтаруға бірнеше жылдар кетеді. Бұл мәселе ресми жиындарда үнемі айтылғанымен, жер иелеріне табанды түрде тыйым салып, пәрмен беріп жатқан ешкім жоқ. Дақылдардың орнын алмастырып пайдалану арқылы топырақтың тозуын тежеу әрекеті ғана табиғатқа келіп жатқан зиянның зардабын азайтып отыр.
-Егіс айналымын сақтау арқылы күнбағыс алқабының көлемін реттеп келеміз. Бұл істе тыңайтқыштың да әсері мол. Біздегі күнбағыс алқаптарының әр гектарына 26,5 келі тыңайтқыш себу қажет. Ал республикалық орташа талап 13 келі. Осыдан-ақ тыңайтқыштың біздің өңірге қаншалық қажет екенін көруге болады, – дейді Әділет Төлеутаев.
Оның айтуынша, 2019 жылға деп шаруалар 21 мың тона тыңайтқышқа тапсырыс беріп отыр.
Егіске қажет 102 мың тонна дәнді дақыл тұқымы, 3,9 мың тонна майлы дақыл тұқымы, 1,3 мың тонна шабындық тұқымы, 54 мың картоп тұқымы қажет. Басқарма мамандары қажет тұқым толықтай қамбада тұрғанын айтады. Тұқымның бәрі сараптамадан өтіп, талапқа сай екені дәлелденіпті. Биыл егілетін дәнді дақылдың 86,3 пайызын 1-2 санаттағы тұқым құрап отыр. «ҚазАгроЭкс» мекемесі осындай баға берген екен.
Диқандар көктемгі егіске қажет техника да сақадай сай екенін мәлімдеп отыр. Оларды алаңдатып отырған жанармай мәселесі ғана.
Шаруалар көктемгі науқанға деп 32 мың тонна дизельдің тапсырысын түсірген болатын. Соның тек 17 пайызы ғана диқандардың қолына тиген. Бұл – шамамен, 5,5 мың тонна деген сөз.
-Энергетика министрлігі Павлодар мұнай зауытынан 27 мың тонна дизель бөлмекші. Оның құны тасымалдаушылар үшін тоннасына 193 мың теңгеден болмақ. Наурыз айында 8 мың тонна түссе, сәуірге 9 мың тонна, мамыр-маусым айларына 5 мың тоннадан қарастырылған. Барлық аудандардың жанармай операторлары анықталды», – дейді басқарма өкілі.
Қазіргі таңда дизель құны Өскемендегі жанармай стансаларында 193 теңгеден басталады. Ал операторлар өткен айда дизельдің әр литрін 184-185 теңгеден сатқан болатын. Жанармай бағасын жеңілдету, егіс шығындарын азайту сияқты түрлі мақсатқа бөлінген субсидия көлемі облыс бойынша 3,5 млрд. теңгеге жетіп отыр.
Қыстан қысылып шыққан шаруаларға несие серіктестіктері жылына 7 пайызбен несие ұсынуда. Оған деген сұраныс өте жоғары. Қазірдің өзінде облысқа бөлінген 1,2 млрд. теңгенің 92,4 пайызы иесін тауыпты.
Есімжан Нақтыбайұлы