Қоғам

Диқандар үмітсіз емес

Диқандар үмітсіз емес


Биылғы жаңбырсыз жаздың жер емген диқан қауымы үшін үлкен қолайсыздық болып тұрғаны рас. Егінді қойып, ой мен қырдың кез келген жерінен шауып алатын пішеннің де биыл тапшылық танытатын түрі бар. Дегенмен, диқандар қол қусырып қарап отырмақ емес, қолда бар техниканы даярлап, бұйырған дәнді қамбаға құйып алуға шамалары келгенше әзірлік жасап жатыр.

Құйған ауылдық округіне қарасты Қарабұлақ, Қайнар ауылдары маңындағы елді ежелден асырап келе жатқан құнарлы егістік алқаптарына біршама егін егілген екен. Бұл маңда суармалы жер жоқ, бар үміт – аспаннан саулайтын ылғалда ғана. Ал оның барынша сараңдық көрсетіп тұрғаны, әрине, көңілге кірбің ұялататын жай. Сөйтсе де, күздік егіс алқабына келгенімізде, көкейде «биыл астықсыз қала қоймаспыз» деген сенімнің бас көтергені шындық. Қарабұлақтағы «Нұрәли» шаруа қожалығының күзде себілген қара бидайы белуардан келіп қалған екен. Масағына қарап бағамдай тұрып, «жақсы өнім беретін болар» деген ойға бекідік.

– Бұл шаруашылық өткен жылы астықтың астында қалған болатын, – дейді Құйған ауылдық округінің әкімі М.Құсайынов. – Қожалық арпаның әр гектарынан орташа 30 центнерден өнім алып, кез келген түлік үшін таптырмайтын жем – тартылған арпа талқанын қыстай бүкіл ауданға саудалап шықты. Ол қорлары таусылған жоқ, жемді әлі күнге дейін сатып жатыр. Сонымен бірге, қожалықтың шөпті мол шауып, пішенге деген жұрт сұранысын қажетінше қанағаттандырғаны да мақтауға тұрарлық.

Осыдан кейін Мұхаметкәрім Әбдірахманұлы бұл қожалықта барлық қажетті технологиялардың сақталып, жұмыс атаулының сауатты да уақтылы атқарылатынынан хабардар етіп өтті.

– Биыл да аз тер төккен жоқпыз, – деп пікір бөлісті бізбен осы қожалықтың бар шаруасын ұйымдастырып, үйлестіріп жүрген бригадир Айдар Тасубаев. – Жаз шыға тырбанып, 100 гектар жерге қарақұмық, 350 га арпа, 150 га сұлы, 105 га бидай ектік. 10 гектар жерге картоп салынды. Көпжылдық шөп егілген алқап 15 гектар жерді алып жатыр. Өкінішке қарай, осы таулы аймақта жиі жауатын жаңбыр биыл сағындырып-ақ тұр.

Әкімнің аралатып көрсеткеніндей, көршілес Қайнар ауылы маңындағы егістік алқапқа белгілі кәсіпкерлер М.Әсенов, Қ.Долданов, У.Кенжеғали егін салған екен. Сондай-ақ, осы өңірге астық сепкен З.Беков, К.Мұқанов, Қ.Чупеновтер де күзгі өнімнен үмітті. Дегенмен, бұл аймақта да қуаңшылықтың зардабы көзге айқын ұрып тұр.

– Бізде аудан бойынша барлығы 55 808 гектар жаздық егіс алқабы бар, – деп түсінік берді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Мирас Сұраубаев. – Оның 19 976 гектары суармалы жер. 2017 жылы нақты қолданыста тұрған суармалы жер 10 341 гектарды құрайды. Қалған 9 635 га суармалы алқап пайдаланылмай жатыр. Себебі, бізде жаңбырлатып суару құрылғылары жоқ.

Облыстан берілген тапсырма бойынша аудан диқандары 26 380 гектар алқапты игеруге міндетті болған-ды. Оның ішінде дәнді дақылдар 5 390 га, майлы дақылдар 4 100 га, картоп 1 300 га, көкөніс 500, бақша өнімдері 900, мал азығы үшін пайдаланылатын дақылдар 14 190 гектар жерге егілуге тиіс болатын. Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес бекітіліп берілген жерлерді толығымен игеру үшін аудан әкімі ауылдық округтерге 28 411 гектар жерді игеру туралы тапсырма берген. Бұл облыстық жоспардан 8 пайызға артық. Бүгінге дейін ауылдық округтер облыс тапсырмасы – 26 380 гектар жердің орнына 29 050 гектар алқапты (111 пайыз) игеріп, аудан әкімі берген тапсырма – 28 411 гектарды 102 пайызға орындады. Жер-жерден түсіп жатқан мәліметтерге жүгінер болсақ, биылғы күзде астықсыз қалмайтын сияқтымыз.

Осылай деп сөзін аяқтаған маманның сенімді лебізі біздің де қолымызға үміт жібін ұстатып кеткені шындық еді.

Күршім ауданы.
Хасен Зәкәрия

Осы айдарда

Back to top button