Диқандар қамданып отыр
Аудан диқандары техникаларын жөндеп, егіс алқаптарына шығуды асыға күтуде. Шаруашылықтарда тұқым, техника жеткілікті.
Ауданда егістікті әртараптандыруға назар аударылып отыр. Биыл күнбағыс алқабын біршама азайта түсу көзделінген. 2017 жылы ауданда күнбағыстың егіс алқабы 76699,8 гектар болса, 2018 жылы 71757 гектарды құрап, 4942,8 гектарға азайтылды. Соның өзінде күнбағыс дақылы егіс алқаптарының 38 пайызын алып отыр. Жоғарғы Егінсу ауылдық округінде бұл көрсеткіш 62,3, Қаратұма ауылдық округінде 52, Алтыншоқы ауылдық округінде 51 пайызды көрсетті.
– Көктемгі дала жұмыстары басталғанда 109,2 мың гектар аумаққа ылғал жабу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде – 60,2 мың гектар сүдігер, 43,9 мың гектар көпжылдық малазықтық дақылдар, 5,1 мың гектар күздік бидай. Күздік бидай 5,1 мың гектар жерге егілмек, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 0,4 мың гектарға артық,-дейді кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тәуіржан Шоманов.
Топырақ құнарлығын арттыру мақсатында биыл шаруашылықтарға 5,1 мың тонна минералды тыңайтқыш әкелінеді деп жоспарлануда. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 0,4 мың тоннаға көп. Ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін көтеру мақсатында минералды тыңайтқыштардың алатын маңызы зор. «Бақ-Тұр», «Юбилейный» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Алғабас», «Некрасовка и К», «Ықылас-ата», «Колос», «Светик», «Максим», «Саябақ» шаруа қожалықтары минералды тыңайтқышты гектарына орта есеппен 110 келіден, аудан бойынша минералды тыңайтқыш қолданудың жалпы мөлшері гектарына 40 келіден келіп отыр.
Ал Келдімұрат, Көктерек, Алтыншоқы, Егінсу сияқты ауылдық округтер шаруалары минералды тыңайтқышты осы уақытқа дейін мүлдем қолданбай келеді.
Аудан бойынша 2018 жылдың көктемгі егіс жұмыстарына 7,3 мың тонна дәнді-дақылдар тұқымы дайындалған. «ҚазАгрЭкс» акционерлік қоғамының Үржар аудандық филиалының зертханасы мамандарының мәліметі бойынша, тексерістен барлығы 7,5 мың тонна дәнді-дақылдар тұқымы өтті. Бұл тұқымның қажетті мөлшерінен 103% көп.
Тексерілген 7525 тонна тұқымның 400 тоннасы бірінші класты, 5197 тоннасы екінші класты, 1928 тоннасы үшінші класты тұқымдар.
Осыдан біраз уақыт бұрын ауылшаруашылық тауарөндірушілермен семинар-кеңес өтті. Семинарға облысымыздың тұқым өндіретін және жеткізетін белді ұйымдары келіп қатысты. Жиында шаруалар сұрыпты, гибридті тұқымдар туралы жан-жақты мағұлматтарға ие болып, көкейдегі сұрақтарына жауап алды.
2018 жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауданның ауылшаруашылық құрылымдарына облыстық ауыл шаруашылық басқармасынан 3160 тонна дизель отыны бөлініп отыр. Бүгінгі күнге ауылшаруашылық құрылымдарында 60 тонна дизель отыны бар. Дизель отынының құны Аякөздегі бірінші операторда 146,6 теңге болып тұр. Ал, Үржар өңірі бойынша «ӘлемТрансОйл» ЖШС мен Мақаншы өңірі бойынша «ТехнеОйл» ЖШС да литрі – 153 теңгеден, Таскескен өңірі бойынша «ВостокМұнайГазСтрой» ЖШС да литрі 152 теңгеден босатылатын болады.
Өңір бойынша, қолда бар 2369 трактордың 388-і 2008-2017 жылдар аралығында жаңадан алынды. Парктердің жаңару пайызы бұл күндері 16,38 пайыз. Шаруа қожалықтарының машина-трактор паркін жаңалау – бұл көктемгі егістік пен күзгі егін жинау жұмыстарының сапалы және уақтылы жүргізілуінің алғы шарты. Шаруа қожалықтарымен жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде, тек 2017 жылы 28 қожалық жалпы құны 809,0 миллион теңгеге 164 бірлік, оның ішінде «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы лизингке 28 шаруашылық 489,7 миллион теңгеге 70 бірлік жаңа ауылшаруашылық техникаларын сатып алған. Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында ауданның 18 қожалығы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы лизингке 37 бірлік жаңа ауылшаруашылық техникаларын алуға өтініш білдіріп, құжаттарын өткізді. Жаңа техникаларды сатып алу алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.