Қоғам

Диагнозы жоқ ауру пайда болды

Айна Ескенқызы 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында өткен дөңгелек үстел отырысында осы мәселе талқыланды. Жиынға экологтар, ғалымдар, бейінді медицина мамандары – облыстың штаттан тыс бас балалар пульмонологы,  облыстың балалар аллергологы, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері шақырылды.

Ашық пікірталаста қоғам белсендісі Геннадий Корешков халықтың көкейіндегі сұрақтарды қойды. Олардың бірі – зиянды қалдықтарға байланысты  «тамақтың күйіп қалуы» диагнозын қою туралы болды. Алайда академик Зейнолла Сұлтанбековтің айтуынша, мұндай термин медициналық хаттамада жоқ. Термиялық күйіктер туралы түсінік бар, бірақ олардың қоршаған ортаға ешқандай қатысы жоқ. Қызық, термин жоқ, ал «күйіп қалу» бар. Соңғы күндері емханаға тамағы ауырып келген көптеген науқастың өңешіне дейін қызарып, күлдіреп ісіп кеткенін терапевтер күнде көріп жүр. Дәрігерлер «тамағыңызды суық тигендегідей  тұзбен, ас содасымен шаймаңыз. Олар одан сайын кептіріп, ашытады. Күйікке көбірек ұқсайды. Түймедақты қайнатып не болмаса фурацилинмен шайыңыз, күлдірегенін басады, жайландырады» деп кеңес береді.

Д. Серікбаева атындағы ШҚТУ-дың “Атмосфера”  ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі  Дәулет Асанов өз кезегінде  экологияға байланысты сырқаттанушылықтың өсуіне статистика және талдау жүргізу қажеттігін ұсынды. Оның сөзіне қарағанда, бұл бағытта жергілікті ғалымдардың тәжірибесі мол,  Өскемендегі атмосфералық ауаның ластануына талдау жүргізілген. Енді оның денсаулыққа тигізген кері әсерін дәлелдеу ғана қалды.

–  Мәселе шынымен де, маңызды және ол әрқайсымызға қатысты. Біз экологиялық жағдайды жақсарту және тыныс алу органдарының ауруын азайту үшін бар күшімізді саламыз, –  деген пікірін білдірді облыстағы аймақтық қоғамдық экологиялық кеңестің төрайымы Татьяна Чернышева.

–  Мұнда айтылған бірқатар ұсыныстар мен пікірлер одан әрі тиісті ведомстволарға, Денсаулық сақтау министрлігіне және облыс әкімдігіне жіберу үшін қарардың негізіне алынады, –  деп қорытындылады облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлмира Сағидуллина.

Осы айдарда

Back to top button