Қоғам

Діни бірлестіктер қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға ұйытқы болып жүр

Діни бірлестіктер қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға ұйытқы болып жүр

Кеше Өскемендегі «Алтай» технопаркінде Рухани келісім күніне орай облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өңірдегі діни бірлестіктердің өкілдерімен кездесу өткізді. Ашық сұхбат түрінде өрбіген алқалы басқосуда елдегі тұрақтылық, конфессияаралық және ұлтаралық татулық, жастар тәрбиесі сияқты бірқатар мәселелер әңгіме өзегіне айналды.
– Қазақта «Келісім – ырыстың бастауы» деген жақсы бір сөз бар. Егемендік алған күннен бастап Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ осы мәселеге жете көңіл бөліп келеді. Осыдан 22 жыл бұрын Алматы қаласында тұңғыш рет Рухани келісімнің I әлемдік конгресі өтті. Оның алдында 1892 жылы дәл осы конгресс АҚШ-тың Чикаго қаласында өткізілуі тиіс болған, бірақ өткізілмей қалды. Кейін 100 жылдан соң түрлі діндердің өкілдері Алматыға жиналды. Бұл конгресс жер бетіндегі барлық дін өкілдерінің басын қосып, ортақ мәселені бірігіп талқылауға септігін тигізді. Оған дейін мұндай жиын еш жерде болмаған, дін өкілдері бір үстелдің басында отырып сұхбат жүргізбеген еді. Осының бәрін ескерген Қазақстан Президенті 1992 жылы Алматыда конгресс өткізіп, 18 қазанды Рухани келісім күні деп белгіледі. Содан бері біздің еліміз бейбітшілік пен татулықты, бірлікті, ынтымақты насихаттап, барлық діндер мен ұлттарды достыққа, өзара келісімге үндеп келеді, – деген аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтады.
Сондай-ақ, өңір басшысы облысымызда дінаралық келісімді нығайту бағытындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мақсатында атқарылып жатқан ауыз толтырып айтарлықтай бірқатар жұмыстарды атап көрсетті. Айталық, жақында ғана облыстық мешіттің бас имамы Нұрлан қажы Асановтың бастамасымен іске асқан «Қамқорлық» акциясына, күллі мұсылман қауымының қасиетті Құрбан айт мерекесіне ислам дінін ұстанушылар ғана емес, сонымен қатар бір шаңырақ астында тату-тәтті тіршілік етіп жатқан өзге діндердің өкілдері де белсенді қатысқанын жеткізді.
– Бүгінгі Рухани келісім күніне орай ұйымдастырылған кездесудің мақсаты – діни бірлестіктерге қоғамдағы тұрақтылықты сақтау жолында атқарған жұмыстары үшін алғыс айту. Бүгінгі қалыптасқан жағдайға байланысты алдағы уақытта қолға алынатын мақсат-міндеттерді айқындау, сіздердің тараптан ұсыныс-пікірлер болса көңіл бөлу, – деп нақтылады аймақ басшысы.
Дөңгелек үстел басындағы салиқалы сұхбат барысында ҚМДБ-ның Өскемен аймағындағы өкіл имамы, облыстық мешіттің бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы, Өскемен және Семей епархиясының эпископы Амфилохий, Рим-католик приходының діни қызметкері Франческо әкей, Семейдегі Жексенбілік шіркеудің катехизаторы Виталий Явкин және басқалар кезекпен сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды.
Облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өткен кездесу соңында өңір басшысы Бердібек САПАРБАЕВ діни бірлестіктердің жетекшілеріне конфессияаралық келісімді және қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Шығыс Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен және естелік сыйлықтармен марапаттады.
Сонымен қатар «Дін саласындағы мемлекеттік саясат және бұқаралық ақпарат құралдары» атты БАҚ өкілдері арасында өткізілген облыстық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Аталған байқауда «Үздік басылым» аталымын Бесқарағай ауданының «Бесқарағай тынысы» газеті жеңіп алса, «Үздік телехабар» аталымын «Қазақстан-Өскемен» телеарнасының журналисі Мерей Мұратханқызы, баспасөз бойынша «Үздік автор» аталымын «Дидар» газетінің бөлім меңгерушісі Серік Әбілхан иеленді, «Дін саласындағы мемлекеттік саясат және бұқаралық ақпарат құралдары» атты журналистер байқауына белсене қатысқаны үшін «Рудный Алтай» газетінің тілшісі Насихат Өркешпаева және басқалар марапатталды.

Амфилохий, Өскемен және Семей епархиясының эпископы:

– Қазақстан халқы шынымен бақытты. Өйткені, біз бір шаңырақтың астында үлкен бір отбасыдай ынтымақта тұрып жатырмыз. Себебі, бейбітшілікте өмір сүру, жауласудан әлдеқайда артық. Осы орайда жергілікті билік тарапынан діни бірлестіктерге көрсетілетін көмек-қолдауға, шынайы көңілге алғысымды білдіргім келеді. Конфессияаралық келісімнің мықтылығын дәлелдейтін түрлі іс-шараларды, акцияларды өткізуде діни бірлестіктер мен атқарушы билік жақсы тіл табысып, бірлесе жұмыс істеуде. Бұл игілікті істердің нәтижесін жұртшылық өз көзімен көріп отыр.

Мақсат қажы Алтыбайұлы, Семей қаласындағы орталық мешіттің бас имамы:

– Аталарымыз айтады: «Бір күн ұрыс шыққан жерден қырық күн ырыс кетеді, бір күн бүлік шыққан жерден қырық күн береке кетеді» деп. Осыны ұмытпауымыз керек. Елбасымыз айтқандай, біздің басты байлығымыз – тұрақтылық. Сондықтан ел ішіндегі тыныштықты, ырыс-берекемізді көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Бұл – мемлекеттің ғана емес, бәріміздің ортақ міндетіміз.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button