Қоғам

Дөңгелекті моншамен кәсібін дөңгелетіп жүр

Дөңгелекті моншамен кәсібін дөңгелетіп жүр

Адамның қиялы ұшқыр-ақ. Өскеменнің бір тұрғыны жылжымалы монша жасап шығыпты. Иә, кәдімгі дөңгелекті тіркемеге салынған бөшке тәрізді монша қаланы аралап жүр. Мұны ойлап тапқан кім екен деп қызығушылық таныттық. Хабарластық, жолықтық.
Жылжымалы монша жасап, өскемендіктерді таңдандырып жүрген Вадим есімді жігіт екен. Жұмыс орнында материалдық ағаштарды сұрыптап, кәдеге жарайтынын жеке жинастырып жатыр. Қимылы ширақ, пысық жігіт көрінді. Ауласында бөренеден қиылған моншаның түр-түрі тұр. Одан бөлек жиналмалы орындық-үстелдерді қатар-қатар тізіп қойыпты. Тапсырыспен жасалған болуы керек. Бәрінен де көзге ерекше көрінгені – жылжымалы монша. Вадимнің ойына мұндай тың идея қайдан келіп жүр?! Өзімен әңгімелесіп көрдік.

Дөңгелекті моншамен кәсібін дөңгелетіп жүр

Вадим Ушаков алғашында моншаларды бөренеден қиып сатып, пайда тауып жүрген екен. Кейіннен тұтынушылардың өздері жалдамалы моншаға сұраныс білдірген. Сонда Вадимнің ойына бірден келгені дөңгелекті монша салу еді. Ол үшін ол қағазға алдын ала сызбасын жасап, қажетті материалдардың мөлшерін есептейді. Дөңгелекті моншаның бірнеше нұсқасын сызып көрді. Арасынан өзіне ұнағанын таңдап алғаннан кейін, ағаш материалдарын дайындап, үш айдың ішінде жасап шығарды. Шикізатты Ресейден, Өскеменнің маңайындағы аудандардан сатып алды. Жасаған моншасының сыртқы пішіні шағындау болып көрінгенімен, іші кең. Бір кіргенде төрт адам оп-оңай орнығып отыра алады. Орындықтары да ыңғайлы. Кіреберісінде киініп-шешінетін кішігірім бөлмесі бар. Киім ілгішінде шашты ыстықтан қорғайтын киіз қалпақтардың түрлі-түрлісі тұр. Ал ішін фин пеші арқылы қыздырады. От жаққаннан кейін, моншаның температурасы лезде 70-80 градусқа дейін жетеді. Қажет болса 100 градусқа дейін апаруға болады екен.
Жүрек жұмысы дұрыс адамдар үшін моншаның буы сергектіктің таптырмас көзі. Шаршаған адамның бұлшық еті босаңсып, ағзадағы зат алмасу қиындаған жағдайда моншаның буы бұлшық еттің қалпына келуіне көмектеседі екен. Ыстық моншада денедегі тамырлар кеңейіп, қан айналымы күшейеді. Моншаға үзбей барудың нәтижесінде адам ағзасы шынығып, ауруға қарсы тұру иммунитеті арта түседі екен. Орыс тіліндегі «Баня» сөзінің өзі грекшеден аударғанда «ауруды қуамын» деген мағынаны білдіреді.

Дөңгелекті моншамен кәсібін дөңгелетіп жүр

Вадимнің айтуынша, бұл моншаны көбінесе қала сыртына демалысқа шығушылар жалдайды. Керек десеңіз, кәуәп пісіретін мангалы, орындықтары, үстелі де бар. Вадим тұтынушының сұранысына қарай моншаны керек жеріне апарып береді. Бірақ қаладан ұзап шығып көрген жоқ. Ағаш шеберінің ендігі ойы – моншамен бірге жылжымалы шайхана жасап қою. Бала кезінен құрастырмалы ойыншықтарға әуес болған Вадимнің өсе келе слесарь-құрастырушы болып шығуы заңдылық еді.
– Оқушы кезімде математика, геометрия, сызу пәндерін жақсы көрдім. Өзім ойдан осындай дүниелерді жасауға құмар болдым. Бірақ біреудің идеясын көшіру ұнамайды. Әр детальді ойдан жасағанды қалаймын, – дейді Вадим Ушаков.
Кәсіптерін өрге домалатып отырған Вадим мен Анжелла Ушаковтар бір ұл тәрбиелеуде. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ұлдарының да ағаштан түйін түйетін өнері бар.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button