Қоғам

Дәулет сенімді ақтады

Нұржан Кенжеұлы

Үржар ауданының тумасы Азия чемпионатының жүлдегері атанды. Комбат джиу-джитсуден өткен құрлықтық жарыс Өзбекстанның Бұхара қаласында өткен болатын.

Бұл додаға Өзбекстан, Қазақстан, Иран, Қырғызстан, Тайвань, Тәжікстан, Түркіменстан мен Үндістаннан жиналған 500-ге жуық спортшы қатысқан-ды. Олардың ішінде жерлесіміз Дәулет Аманұлы да болған.

Комбат джиу-джитсуден өткен бұл жарысқа ерлермен қатар әйелдер де қатысты. Спорттық іс-шарада біздің жерлестер де бақ сынады. Солардың бірі – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қарасты «Алтай» шекара күзету бөлімінің әскери қызметкері, кіші сержант Дәулет Аманұлы еді, деп хабарлайды Өскемен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Дәулет – Үржар ауданындағы Жарбұлақ ауылының тумасы. Оның спортты өмірлік серік етуі бекер емес, өйткені Дәулет – спортшылар әулетінің өкілі. Оның әкесі Аман Шәріпов дзюдо күресінің бапкері, еліміздің құрметті спорт қайраткері болса, атасы Зекен Шаймарданов – кезінде самбодан Әлем чемпионы атанған даңқты балуан. Осындай саңлақтардың тәрбиесін көріп өскен Дәулеттің де бір жерден бұзып-жарып шығатыны анық еді.

Ал енді Өзбекстандағы жарысқа оралсақ, бірнеше күнге созылған Азия чемпионатында жерлесіміз тамаша өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан көріне білді. Осы ретте, Дәулет салмағы 57 келіден аспайтын спортшылар арасындағы бәсекеге қатысып, қола жүлде жеңіп алғанын айтқан абзал.

Бұл – үржарлық жауынгердің алғашқы жүлдесі емес. Ол бұған дейін Қазақстан біріншілігіне қатысып, күміс медаль иегері атанған болатын.

– Шешуші жекпе-жекте Иран елінің спортшысымен күрестім. Қарсыласым өте мықты болды. Дегенмен, ұрымтал сәттің бірінде қарсыласымды алып жығып, таза жеңіске жеттім. Бұл менің ғана емес, атам мен әкемнің де жеңісі деп білемін. Мен бұл кісілерге берген тәрбиелері, үлгі-өнегесі үшін шексіз ризамын. Сол сияқты, ҰҚК Шекара қызметінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Серік Рахимов мырзаға да алғысымды айтамын, – дейді Дәулеттің өзі.

Спортшы осымен тоқталып қалмақ емес. Ол алдағы дүбірлі жарыстарға дайындықты күшейтіп, бұдан да жоғары белестерді бағындырғысы келетінін жасырмайды. «Қазіргі бар ойым қараша айында Әзірбайжанда өтетін Әлем чемпионатында сәтті өнер көрсету болып тұр», – дейді Д.Аманұлы.

Осы айдарда

Back to top button