Ауыл шаруашылығы

Өңдеу саласы өрге баспай келеді. Неге?

Ауыл шаруашылығындағы қайта өңдеу саласы мен тамақ өнеркәсібінің еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде алатын орны ерекше екендігін ескерсек, оның қазіргі уақыт талабына сай дамуы үшін атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Әйтсе де оның өндіруші салаға қарағанда ақсап тұрғанын да жоққа шығаруға болмайды.

Өңдеу саласы өрге баспай келеді. Неге?Соның салдарынан облысымызда өндірілетін азық-түлік өнімдерінің дені өңделместен саудаға түседі немесе шикізат ретінде сыртқы нарыққа шығарылады. Ал облысымызға алыс-жақын шетелдерден азық-түліктің аса көп мөлшері өңделген, дайын өнім ретінде сырттан тасымалданады. Рас, өзімізде өндірілмейтін өнімдер мен өспейтін жеміс-жидек, көкөністерді сырттан әкелудің артықтығы жоқ. Дегенмен, өзімізде барымызды әлі толық ұқсата алмай отырғанымызды ешкім жоққа шығармайды.

Облысымызда соңғы жылдарда тамақ және қайта өңдеу саласының біртіндеп дамып келе жатқанын көруге болады. Қазіргі уақытта осы салада 87 ірі кәсіпорын мен 657 қуаты шағын цехтар жұмыс істеп тұр. Облысымызда өндірілетін азық-түлік өнімдерінен майлы дақылдардың 21,4, еттің – 16, астықтың – 14,3, сүттің 13,5 пайызы өңделеді. Негізгі жетекші түрі ет пен сүт, ұн, балық, жарма, кондитерлік бұйымдар, алкогольді және алкогольсіз сусындар өндіру болып отыр. Өңдеу мен тамақ өнеркәсібінің ірі кәсіпорындары негізінен Семей мен Өскемен қалаларында орналасса, біразы аудан орталықтары мен басқа да елді мекендерде орналасқан.

2011 жылы облысымызда саланы дамытуға 2,2 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға артық көрсеткіш. Егер 2010 жылы қаржы мекемелерінен 29 кәсіпорын айналымдағы қаржыларын ұлғайту немесе жабдықтар сатып алу үшін несие алған болса, 2011 жылы олардың қатары 36-ға жетті. Олар барлығы 500 миллион теңге мөлшерінде субсидия алды. Оның ішінде, мәселен, «Өскемен ұн-жарма комбинаты» ЖШС шығарған шығындарының елу пайызын қайтарып, 1,1 миллион теңге алды.

Облысымыздағы өңдеу саласы бойынша тұтас алғанда тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің үлес салмағы 7,8 пайызды, ал тауарлы өнім шығару бойынша 9,7 пайызды құрап отыр. Саланың жұмысына жасалған талдау тұтас алғанда кейбір кәсіпорындардың өткен жылы тұрақсыз жұмыс істегенін көрсетіп отыр. Соның салдарынан 2011 жылы тауарлы өнім өндіру 62,3 миллиард теңгені құраса, нақты индекс көлемі небәрі 92,8 пайыз болды.

Облыс тұрғындарына шаққанда ұнмен қамтамасыз ету 126,5, өсімдік майымен – 743, картоп пен жемістен – 146, жармалардан – 351, еттен – 182, сүттен – 164, жұмыртқамен қамтамасыз ету 91 пайызға жуық болып отыр. Яғни, өндірілген өнім өзіміз тұтынатыннан әлдеқайда артық. Өңделген өнімдер сапасын халықаралық стандарттарға жеткізу жағы да жақсарып келе жатыр. Қазіргі уақытта облысымызда 25 кәсіпорын осы орайдағы тиісті құжаттарға ие.

Өңдеу саласын өрге бастыру үшін алдағы уақытта кәсіпорындарды қайта жабдықтау мен жаңа технологияларды батыл енгізе білуіміз керек. Қазір осы бағытта 14 кәсіпорында 1,6 миллиард теңгенің жұмыстары атқарылды. Ал Семейдегі тері-былғары комбинаты мен Өскемен сүт зауытында жүзеге асуы тиіс ірі жобалар осы бағыттағы оң қадам болары сөзсіз. Өткен жылы Зайсан ауданында тәулігіне бес тонна сүт өңдейтін және ұн тартатын өндіріс орны жаңадан ашылды. Облыс кәсіпорындары елімізде өтіп жатқан сан алуан көрмелер мен байқауларға да қатысып, жүлде алып жүр.

Өндірілетін азық-түліктердің бағасын тұрақтандыру бағытында да өңдеу саласының алар орны ерекше. Мәселен, ұн шығаратын кәсіпорындар облыс әкімдігімен арада жасалған меморандум жасасқан. Облысымыздағы азық-түлік өнімдерінің тұрақтандыру қорын құру үшін өткен жылы 1,5 миллиард теңге қаржы бөлінді.

Үстіміздегі жылы тамақ және қайта өңдеу саласын дамыту мақсатында тауарлы өнім өндіруді 2,4 пайызға көтеру жоспарланып отыр. Сонымен бірге жаңадан өңдеу кәсіпорындары да бой көтеріп, жұмыс істеп тұрғандарында жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Мәселен, Өскемендегі «Ақсай-Нан» ЖШС-де өндіріс қуатын арттыру, Семей тері-былғары комбинатының екінші кезегін іске қосу, «Аягөз-Суырлы» кәсіпорнын дамыту көзделіп отыр. Олар – еліміздің индустрияландыру картасына енген жобалар. Сол сияқты облысымызда бірнеше ет, сүт өңдеу цехтары ашылмақ. Өскемен құс фабрикасында да жаңғырту жұмыстары жалғасады.

Асуат Насыров,
облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасы бастығының орынбасары

Осы айдарда

Back to top button