Деши дес бермеді

Шығысқазақстандық Деши Дурсаева Будапеште (Венгрия) армрестлингтен өтіп жатқан Әлем чемпионатында алтын медальға қол жеткізді.
– Бұған дейін Азия чемпионатына қатысып, жүлдегер атандым. Сонымен қатар, биылғы ел чемпионатында күміс медальды жеңіп алдым. Осы орайда, маған әрқашан қолдау көрсетіп жүрген жерлестерім мен Ұлан ауданы әкімдігіне алғысымды білдіргім келеді. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз, – дейді Деши Дурсаева.
Аталмыш чемпионатқа қатысқан тағы бір жерлесіміз, Ұлан ауданының тумасы, екі дүркін Әлем чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы, бес дүркін ел чемпионы Ораз Басаров екінші орынды иеленді.
– Дүбірлі додаға қатысқан қарсыластарымның барлығы осал емес. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қол күресі шеберлерінің бұл чемпионатта бір-бірінің айла-тәсілдерін әбден меңгергендері көрініп тұрды. Жалпы, бұл чемпионат өте тартысты өтті, – дейді Ораз Басаров.
Ажар Мұратқызы