Дертті жеңген Дарья

[/center]«Өмір, мен сені сүйемін!». Шығыс Қазақстан көпсалалы онкология және хирургия орталығының сәулемен емдеу және диагностика бөлімінде өткен Дарья Акчыбаева- Сапрыкинаның сурет көрмесі осылай аталды. 34 жастағы Дарьяның суреттері емделушілерге үлкен күш-қайрат берді.
Жарқыраған күн, тұп-тұнық аспан, көгілдір көл, үлбіреген гүл… Дарьяның суреттеріне қарап тұрып, өзгеше бір сұлулықты, тазалық пен өмірге құштарлықты сезінгендей боласыз. Алуан түрлі бояудың өзі емделушілердің көңілін көтеріп, жүрегіне қуаныш сыйлайтындай. Дарьяның өзі де ерекше көңілді. Айтуынша, оның өзінің де сүт безі рагына ұшырап, емделіп жүргеніне екі жылдың жүзі болыпты. Алты рет отаға түскен. Бірақ ол мынау жарық дүниеден түңіліп, ешқашан күдерін үзген емес. Өмір үшін қалай күресу керек екенін ол сөз жүзінде емес, іс жүзінде біледі. Қазір сурет салу – оның сүйікті ісіне айналған.
– Мен негізі кішкентай кезімнен сурет саламын. 9-сыныпта оқып жүргенімде Қарағанды облысының Сәтпаев қаласындағы көркем сурет және сәулет мектебін бітіргенмін. Бірақ кейін сурет салуға мүлдем уақытым болмай кетті. Жалпы, қазіргі адамдардың тірлігі қарбалас қой. Кейбіреулерінің сурет салуға мүлдем уақыты жоқ. Ал ауырған соң, менде бос уақыт табылды. Адам ауырған кезде ғана өзінің өткен өміріне көз жіберіп, бәрін електен өткізіп, салмақтайды екен. Сүйікті ісіңмен де айналысуға уақытың бар. Мына суреттердің бәрін мен осы ауруханада жатқанда салдым. Кейде екі, кейде үш суретке дейін салып тастаймын,- дейді ол жымиып.
Ал орталықтың психологы Динара Даумова көрме өткізу туралы ұсыныс айтқанда, алғашында сасып қалғаны рас. Кейін ойлап қараса, мұның басқаларға тигізер пайдасы бар екен.
– Жалпы сурет салу дегеніңіз – арт-терапия ғой. Сурет салғанда бәрін ұмытып кетесің. Кейде кейбір адамдар «мен енді аурумын» деп, қайғырып, өз ойымен өзі алысып, тұйықталып кетеді. Ал бірдеңемен айналысу жаныңызды азаптаған дертті ұмыттырады, көңіліңіз бөлінеді. Әр күні сурет салған сайын өзімді жұмыста отырғандай сезінемін. Сондай кезде «Шіркін-ай, осында арнайы бөлме болса деймін. Мүмкін біреулер шахмат ойнауды ұнататын шығар, мүмкін тағы біреуге кітап оқыған ұнайтын болар, тағы біреулердің тоқыма тоқығысы келетін шығар. Әйтеуір, ештеңе істемей, қайғырып жатқаннан жақсы ғой, – дейді Дарья әңгімесін әрі жалғастырып. – Аурумен күресу керек. Қазір мен өзімді мүлдем сау адаммын деп санаймын. Жазылған соң, қандай да бір жаңа істі қолға алғым келеді. Мүмкін сурет салуды жалғастырып, шығармашылықпен айналысармын. Кейде қандай да бір көркем сурет мектебінде жұмыс істегім келеді.
Тағы бір білгеніміз, Дарья өлең жазады екен. Бірақ ол өлеңдерін әлі ешкімге көрсеткен емес.
Өзінің айтуынша, Дарьяның мамандығы көп. Ең негізгі мамандығы -акушер. Осыдан алты жыл бұрын Қарағандыдан көшіп келген соң, Шемонайхадағы «Жүрек» деп аталатын жекеменшік емханада акушер болып істепті.
– Бір күні кешкісін үйде отырғанымда денсаулығымда кінәрат бар екенін сезіндім. Бірден ауруханаға қаралдым. Cөйтіп, сүт безі рагымен күресіп келе жатқаныма екі жылдың жүзі болды. Бірнеше рет химиятерапия қабылдадым. Шашым мүлдем түсіп қалды. Дәрігерлерге, туыстарым мен отбасыма үлкен рақмет айтамын. Қасымда жақындарым болмаса, мен мүжіліп кетер едім. Мені аяқтан тұрғызған солардың қолдауы. Арқа сүйер азаматым, балаларым барда болашаққа үмітпен қараймын. Қазір қызым Луиза 10 жаста, ұлым Матвей алты жаста. Қызым да жақсы сурет салады. Кейде маған «Мама, маған мынадай суретті салып берші» деп тапсырыс береді. Негізі суретті кешкісін салғанды ұнатамын. Шаруаның бәрін тындырып тастаған соң, қолыма қылқаламды аламын. Ал бүгінгі қуанышымда шек жоқ. Өмірімнің ең бір шуақты күні деп айта аламын, – дейді ол.
– Дарьяның суреттерінің негізгі тақырыбы – Өмір. Оның кез келген суретінен өмірге деген іңкәрлікті бірден байқауға болады. Осынау өнердің арқасы болар, оның денсаулығы қазір өте жақсы, – дейді орталықтың психологы Динара Даумова.
– Дарьяның суреттері талай адамның өмірге деген құштарлығын оятты. Алты ота жасаса да, мойымаған қайсарлығына ерекше сүйсіндім, – дейді көкпектілік Қабыл Оразаев.
Дарьямен қоштасарда қосарланған фамилиясының да сырын сұрадық.
– Мен өзбек қызымын, Акчыбаева деген өзімнің, ал Сапрыкина жолдасымның фамилиясы, – деді ол.
Жалпы, елімізде жыл сайын 29 мың әйел сүт безі қатерлі ісігіне ұшырап, олардың 17 мыңы қайтыс болады екен. Ал Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының деректерi бойынша әлемде сүт безi қатерлi iсiгiнен болатын өлiм соңғы 20 жылда 22 пайызға көбейген екен. Жыл сайын әлемде орташа есеппен 500 мың әйел осы дертпен ауырса, оның 250 мыңы өмірмен қоштасады.
Мейрамтай Иманғали