Дәрігерлермен кездесті
Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова Ақмола облысында дәрігелермен, Астанада көпбалалы аналармен кездесті.
Көкшетауда облыстық аурухана дәрігерлерімен кездесіп, сала проблемаларын талқылады. Мамандар жұмыс орнындағы қателіктері үшін дәрігерлердің жауапкершілігі туралы мәселені көтерді.
– Кейде науқас өмірін сақтап қалу үшін дәрігердің тәуекелге баруына тура келеді. Сондықтан медициналық қателік салдарынан денсаулыққа қасақана зиян келтіру мәселесін декриминализациялау керек, – деген үміткер дәрігерлердің мәртебесі туралы заң қабылдау керектігін де баса айтты.
Салтанат Тұрсынбекова Астанада көпбалалы аналармен кездесті.
– Сайлауалды бағдарламам аясында елдегі жағдайды өзгерткім келеді. Қоғамымыздың ең осал топтарына көмектесетін реформаларды жүргізу жоспарымда бар, – деді ол.
Кандидат көпбалалы және жағдайы төмен отбасылардың қарыздарын есептен шығарып, әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа дейін азайтуды, ең төменгі жалақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейін арттыруды ұсынды.