Дәрігерлерге арналған тұрғын үйлер салынады
Айна Ескенқызы
Бес шығысқазақстандық дәрігер Түркияға көмекке баруға дайын. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Қапанованың қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте белгілі болды. Басқарма басшысының орынбасары сонымен қатар аталмыш саланың 2022 жылғы жұмыс нәтижелері және 2023 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.
Облыста медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, кадрлар даярлау бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде.
Облыс орталығында әлемдік стандарттарға сәйкес келетін бірегей гематология орталығы салынып жатыр, бұл диагностикадан оңалтуға дейінгі медициналық қызметтердің толық спектрін жүргізуге мүмкіндік береді.
Былтыр облыстық мамандандырылған медициналық орталығының қабылдау-диагностикалық бөлімшесінде жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл жерге келіп түскен науқастар енді triage жүйесі бойынша жағдайына қарай топтарға бөлінеді. Мысалы, дереу медициналық көмек көрсетілуге тиіс пациенттер, күте алатын науқастар деген сияқты. Бұлайша топқа бөлу науқастарға сапалы әрі дер кезінде көмек алуға мүмкіндік береді.
Басшы орынбасарының айтуынша, биыл орталықтың операциялық блогының шатырына күрделі жөндеу жүргізу қарастырылған. Сондай-ақ медициналық ұйым ғимаратында инженерлік желілерді, желдетуді және электрмен жабдықтау жүйесін жөндеу де жоспарға енгізілген.
Орталықта инновациялық медицина бөлімшесі ашылды, онда операциялар ангиографтың көмегімен жасалады. Бұл ми қан тамырларының патологиясын анықтауға және осы ақауларды жоюға (инсультті емдеу және алдын алу) мүмкіндік береді, – деп толықтырды Айнаш Қапанова. Жоғары технологиялық қызметтерді көрсету үшін нейрохирург, невропатолог, реаниматолог және рентгенолог мамандардан құрылған көпсалалы топ Израильде білімдерін ұштап келді. Нейрохирургияда жоғары технологиялық медициналық көмектің қосымша төрт түрін енгізу үшін тағы үш нейрохирург дәрігер Ресей Федерациясына оқуға барады деп жоспарланған. Сондай-ақ мамандандырылған қызметтердің сапасын арттыру үшін орталыққа қосымша 61 медициналық жабдық сатып алынады.
Спикер атап өткендей, былтыр облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының барлық бөлімшелерінің операциялық блоктарында жаңғырту аяқталды.
Онкология орталығы 3,0 Т магнитті-резонанстық томограф, компьютерлік томограф (128 кесінді), фокусталған ультрадыбыспен инвазивті емес абляцияға арналған жүйе, Elekta сызықтық үдеткіші, рентген аппараты сияқты заманауи емдеу-диагностикалық жабдықтармен қамтылған. Сонымен қатар орталықтандырылған залалсыздандыру бөлімшесі (ССО) заманауи құрылғылармен жарақтандырылды.
Сәулелік терапия орталығында пациенттерді сәулеге дейінгі даярлауды жүргізуге арналған КТ-тренажер орнатылған, қазіргі уақытқа дейін 600-ге жуық пациентке осы қызмет түрі көрсетілді.
Ауыл медицинасын дамыту барысында да көптеген игі жұмыстар атқарылған.
Күршім ауданы Қалжыр ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды. Күршім ауданы Теректібұлақ, Тарбағатай ауданы Сарыөлең, Катонқарағай ауданындағы Қызыл Жұлдыз, Ақмарал, Өрнек ауылдарындағы медициналық нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Риддер қаласында 140 төсектік стационары бар аурухана кешенінің және ауысымда 500 адам қабылдайтын, заманауи жабдықтармен жарақтандырылған емхананың құрылысы басталды, – деп нақтылады Айнаш Қапанова.
Ауыл тұрғындарына уақтылы скринингтік зерттеулер жүргізу мақсатында жеті жылжымалы медициналық кешеннің жұмысы ұйымдастырылған. Былтыр 195 ауылда 45,7 мың адам тексеріліпті.
2022 жылы 305 медициналық жабдық (сегіз рентген аппараты, екі флюорограф, үш маммограф, оториноларингологиялық операцияларға арналған мобильді микроскоп, аудандық ауруханалар мен емханалардың перзентхана бөлімшелеріне арналған жабдық) сатып алынған.
Медициналық кадрларды оқыту бағдарламасы бойынша өткен жылы облыстың 42 медицина қызметкері онкогематология, гематология, анестезиологиялық-реаниматология, кардиология, акушерлік және гинекология бойынша Израиль, Ресей және Германияның жетекші клиникаларында білімдерін ұштап келді. Осы жылы Израиль, Латвия және Ресейдің озық клиникаларында тағы 23 маманды оқыту жоспарланған.
Ана мен бала өлімінің деңгейін төмендету мақсатында 2022 жылы Катонқарағай және Зайсан аудандық ауруханалары босандыру бөлімшелерінің деңгейін І-ден ІІ-ге дейін көтерді.
Айнаш Қапанова кадр тапшылығы мәселесіне де тоқталды. Бұл проблеманы шешу үшін медициналық ұйымдардың басшылары жыл сайын республикалық медициналық жоғары оқу орындарының бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысады, сондай-ақ ауылдық жерлерге келген жас мамандарға көтерме қаражат, қызметтік тұрғын үй және тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдікпен несие береді.
Өткен жылы келген 72 жас маманның сегізі баспанамен қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылы медицина қызметкерлеріне Өскемен қаласында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 20 жеке тұрғын үй бөлу жоспарлануда, – деп қосты спикер. Қазір облыста 128 медицина қызметкері жетіспейді.
Бес шығысқазақстандық дәрігер Түркияға көмекке баруға дайын.
Түркияға барып көмек көрсеткісі келетін дәрігерлер бізде көп, бірақ оларды іріктеу критерийлері бар. Денсаулық сақтау министрлігіне біз бес адамның тізімін жібердік, олардың ішінде анестезиолог-реаниматолог, терапевт, травматолог, хирург, нейрохирург бар. Енді бәрі министрліктің шешіміне байланысты, іріктеуді солар жасайды, – деді Айнаш Қапанова.
Өздеріңіз білетіндей, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында Сирияның бірнеше провинцияларына әсер еткен бірқатар жер сілкінісі болды. Ең күшті зілзала магнитудасы жеті балдан асты. Табиғи апаттардың салдарынан көптеген ғимараттар құлады, мыңдаған адам қаза тауып, зардап шекті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 7 ақпанда ТЖМ құтқарушылары тұрғындарға көмек көрсету үшін Алматыдан Түркияға ұшып кеткен болатын. Жасақ құрамында-құтқарушылар, кинологтар және ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері бар.
Биыл біз қолға алмақ шаралар халықтың өмір сүру ұзақтығын 72 жасқа дейін ұлғайтуға, қан айналымы жүйесі ауруларынан және қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендетуге, медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз, – деп түйіндеді басқарма басшысының орынбасары.