Қоғам

«Дерби» «Сарыарқаның» пайдасына аяқталды

«Торпедо» қатарынан екінші ойында ұпай жоғалтты. Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының кезекті турында өз айдынында Қарағандының «Сарыарқасын» қабылдаған Алексей Ждахин командасы қарсыласынан 0:2 есебімен жеңіліп қалды.

Еске салайық, осының алдындағы ойында да жерлестеріміз қарағандылық ұжыммен кездесіп, ол матч та «Сарыарқаның» пайдасына аяқталған-ды. Қарағандыда өткен кездесу барысында торпедолықтар екі мәрте есепте алда тұрса да, жеңісті нәтижені ұстап тұра алмады. 3:4 есебімен айдын иелерінің пайдасына аяқталған ойында «Торпедо» сапында қорғаушылар Дмитрий Громов пен Дмитрий Молодцов, сондай-ақ шабуылшы Денис Игнашиннің қанжығасы майланды.

Ал екінші ойында торпедолықтар тіптен сүреңсіз ойнады. Оқтын-оқтын шабуылдар ұйымдастырғанымен, өскемендік хоккейшілер қарсылас қақпасының кілтін таба алмады. Есесіне, қонақтар Владислав Никулин (40-ші минут) және Виталий Кропачевтің (44-ші минут) көмегімен екі мәрте көзге түсті.

Осы жеңілістен кейін «Торпедо» тағы бір сатыға сырғып, тоғызыншы орынға тұрақтады. Келесі кездесуін жерлестеріміз Өскеменде Қорғанның «Зауральесімен» өткізеді. Бұл ойын 14 қараша күні ойналады. Басталуы кешкі сағат 18.30-да.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button