Қоғам

Дербес мемлекет құру жолындағы тарихи қадам

Он үш жыл бұрын күнтізбеден сызылып қалған  Республика күні мерекесі биыл ресми статусына қайта ие болды. Бұл күнді қазақстандықтар енді ұлттық мереке ретінде тойлайды.

1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен егемендік туралы Декларация қабылданды. Қазақ КСР-нің егемендігі, мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Онда тұңғыш рет ел аумағының тұтастығы және бөлінбейтіні, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттіліктің қағидалары бекітілді.

Сондай-ақ құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу ұстанымы жазылды. Қазақ КСР өзінің ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал республика Президенті әкімшілік-атқарушы биліктің ең жоғарғы басшысы болып танылды.

Декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды тоқтата алдық және өзіміздің заңдарымызды жасай бастадық. Осы қағидалар негізінде кейінірек 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.

Республика күні елімізде 1992 жылдан бері тойланып келе жатқанымен, мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы енгізілген болатын. Республика күнін Қазақстан 17 рет тойлады. Тек 2009 жылдың сәуір айында «Мерекелер туралы» жаңа Заңға Республика күні енбей қалды. Бұл мейрамды алып тастауға соншалық бір маңызды себеп те болған жоқ. Республика күнінің маңызы одан кейін келетін Тәуелсіздік күнінен бір мысқал да кем емес. Тек кейбір сарапшылар бұл декларация Қазақстанның емес, Қазақ КСР-нің егемендігін жариялады деп есептейтін. Десек те, нақ осы 1990 жылғы қазан айының 25-інен бастап егеменді Қазақстан жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасын қалады.

Не керек, араға 13 жыл салып ел тарихындағы айшықты күн –  Республика күні халықпен қайта қауышты.

Облыстағы талдау және болжау институтының директоры Олег Чернышов егемендік күнін қайтарудың дәл қазіргі уақытта маңызы зор екенін айтады.

– Біз егемендікті тәуелсіздікке дейін алдық. Осылайша, Кеңес одағы толық ыдырамай тұрып-ақ, еліміздің территориялық тұтастығын жариялап алдық, бұл – Тәуелсіздікке қарай жасалған алғашқы қадам. Жалпы, Республика күні мейрамын қайтарудың тағы бір маңызды тұсы сол, қазіргі уақытта көршілес мемлекеттерде, әлемнің өзге елдерінде болып жатқан қақтығыстардың бәрі осы территориялық мәселелердің шешілмегеніне байланысты болып отыр. Соның салдарынан қазір кей елдердің біртұтастық мәселесіне қауіп төнуде, – дейді қоғам белсендісі.

Расында да, 25 қазан – жай ғана мейрам емес, бұл символдық түрде маңызды күн. Ол біздің тұтастығымызды, территориялық мызғымастығымызды білдіреді.

«Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек».

 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

(Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында сөйлеген сөзінен).

2022 жылғы 16 маусым

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ оқытушысы, саясаттанушы Жанар Сәдуақасова бұл датаны тарихи маңызы тұрғысынан идеологиялық бағытта дәріптеу керек дегенді алға тартады.

– Біздің тәуелсіздігіміз сол 1990 жылы қабылданған Егемендік туралы декларациядан басталған. Сол күннен бастап Қазақстан Кеңес одағынан біржолата шығу, жеке даралану жолына түсті. Ендеше, барлық салтанатты және марапатты шараларды, мемлекеттік наградаларды беру сынды үрдістерді нақ осы күнде өткізген жөн. Мерекенің идеологиясын қалыптастыруымыз керек. Бұл ретте тиісті жұмыстар атқарылып та жатыр, заң қабылданды, Президент қол қойды, Үкіметтің шешімі күшіне енді, – дейді ол.

Жалпы, республика күнін көптеген әлем елдері сән-салтанатпен атап өтеді екен. Айталық, қытайлар республика күнін 1 қазанда атайды. 1949 жылы осы күні Қытай Халық Республикасы жарияланған. Бауырлас Түркия да республика күнін қазан айында атап өтеді. 1923 жылы 29 қазан күні Мұстафа Ататүрік Түрік республикасын құрған. Ал посткеңестік мемлекеттердің біразы егемендік туралы декларациялары қабылданған күнді республика күні ретінде атап жүр.

Әзірлеген – Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button