Қоғам

Дер кезінде көрсетілген көмекке алғыс айтып жатыр

Дер кезінде көрсетілген көмекке алғыс айтып жатыр

Семей қаласының сегіз ауылдық округінде төтенше жағдай жарияланды. Төтеден төнген табиғат апатына төтеп беруге дайын болмай шыққан ауылдардың төрт түлік малын қытымыр қыстан аман сақтап қалу үшін жасалып отыр қадам бұл. Ақ қар, көк мұзда абдырап отырған ағайынның жағдайын біліп, аймақ басшысы жүктеген тапсырмалардың орындалуын қадағалау мақсатында облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин аталған өңірді тағы бір мәрте аралап қайтты.
Тағы бір дейтініміз, Абай ауданының Саржал ауылында, сондай-ақ, Абыралы аймағында апат дабылы алғаш қағылғанда, облыс әкімінің тапсырмасымен Дүйсенғазы Мағауияұлы бұл өлкеге ат басын бұрып, тығырыққа тірелген жұрттың жағдайымен танысқан. Мәселенің қаншалықты қиын екендігіне көз жеткізген. Көп ұзамай Семей қаласының әкімінің өкімімен Абыралы, Айнабұлақ, Ақбұлақ, Жазық, Знаменский, Таңат, Жиеналы, Қараөлең ауылдық округтерінде жергілікті деңгейде, табиғи техногендік бағытта төтенше жағдай жарияланды. Соның нәтижесінде бюджеттен 15 млн. теңге ақша бөлініп, тиісті жұмыстар қолға алынды. Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтің айтуынша, қазынадан бөлінген бұл ақшаға тіркемелі жүк көліктерін жалдап, қар мен мұздың тұтқынында қалған ауылдарға жем-шөп жеткізу ұйымдастырылуда. Мәселен, тіркемесі бар бір «Камазды» жалдау құны 350 мың теңгеге дейін шығады екен. Ал жемшөпті өңірдің шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер қолжетімді бағамен сатуда.
– Өткен аптада аталған ауылдық округтерге 50 тонна кебек жеткіздік. Енді, міне, тағы он «Камаз», оның жетеуі шөп, үшеуі кебек тиелген керуен бара жатыр. Алдағы уақытта көрші жатқан Қарағанды облысының Қарқаралы ауданынан 200 түк және 1500 орама шөп әкелеміз. Жеткізіп беру шығынын мемлекет көтерсе, мал азығын қожалықтар нарықтағыдан төмен бағамен беріп отыр. Айталық, 300 келі тартатын бір орама шөптің ең төменгі құны Семейде 9500 теңгеден басталады. Ал мұндағы жұртқа алты мың теңгеден сатылады. Сол секілді кебектің бір қабы қалада 750-800 теңге болса, ауылға одан арзан, – деп түсіндірген Семей қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Шақабаев қысылтаяң кезде қолдау көрсеткен өңірдегі барша шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерге елдің атынан алғыс айтты.
Жеткізілген жемшөпті үлестіруді жергілікті билік өкілдері ауыл ақсақалдарымен бірлесіп жүргізуде. Ең бірінші кезекте жалғызбасты қариялар, аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы өте нашар отбасыларға берілсе, одан кейін мұқтаждықтарына қарай басқалар да үлестерін алуда. Әрине, тегіннің атасы өлген. Мұны қарапайым халық та түсінеді. Өздерінің жиған-терген азығын малының аузынан жырып әкеліп берген шаруашылықтардың жәрдемін сезінеді жұрт. Облыстың әкімінен бастап барлық қамқоршыларына қайта-қайта алғыс айтып, ризашылықтарын білдіруі сондықтан.

Бейқамдық бейнет тартқызды
Дер кезінде көрсетілген көмекке алғыс айтып жатыр
Жұрттың арасында қорасының қар басып қалғанын, жылқысының жоғалғанын немесе ала жаздай шөп шаба алмағанын тілге тиек етіп, мемлекеттен көмек сұрағандар да болды. Солардың бірі – Қараөлең ауылдық округіне қарайтын «Жұлдыз» шаруа қожалығының төрайымы, көпбалалы ана Ырысғайша Тұмарбаева.
– Жаздай жауынның кесірінен шөп те жинай алмадық. Енді, міне, қарашадан бері қар басты. Жаңбыр жауып, жер-көктің бәрі мұз. Малды өріске шығара алмай отырмыз. Азын-аулақ шөбіміз таусылды. Оған қоса жол жабылып, қатынас үзілді. Қораның түрі анау, үрлеген қардың астында қалып қойған, – деп мұңын шаққан Ырысғайша апамыз даладағы жылқылардан бір хабар болмай тұрғанына да алаңдаушылық білдірді.
Алайда, біз мынаны ұмытпауымыз керек. Жеке шаруашылықтың малын асырап-сақтау, жоғалғанын тауып, қорасының қарын күреп беру мемлекеттің міндетіне жатпайды.
– Мұндай кезде қол қусырып отыруға болмайды. Мал жоғалса, атқа мініп іздеу керек. Үйір-үйір жылқы ұстап, мінерге бір ат жоқ деген қалай?! Сол секілді жаңбыр демей, жазда шөпті шауып, жинап алу керек. Бұл өлкеде ала жаздай жауын жаумаған шығар. Катонқарағай өңірі емес қой ылғалды. Күн ашық кезде дайындауға болады. Жалпы, мал өсіргеннен кейін оның барлық қажеттіліктерін де ескеру керек. Бір ғана жайылымға сеніп, қыстан шығу – тәуекелге бас тіккенмен бірдей. Ал енді қыруар малға өз күштеріңізбен шөп дайындауға шама келмесе, күш-көліктеріңіз болмаса, бірігіңіздер. Бірнеше ұсақ қожалық қосылып кооператив құрыңыздар, техникалар алыңыздар. Ондай құрылымдарға мемлекеттің де қолдау-көмегі зор, олардың мүмкіндіктері де жоғары. Сондықтан осы жағын ойлаңыздар. Ал төтенше жағдайға келсек, облыс басшылығы тарапынан тиісті көмектер көрсетілуде. Ауыр техникалар бөлініп, жанармай беріліп, қыстақтар мен ауылдардың арасындағы жолдар тазартылуда. Жемшөп жеткізілуде. Азық-түліктен, дәрі-дәрмектен тапшылық жоқ, – деген облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин бұл қыстың басы ғана екендігін, қиындықтардың үлкені әлі алда тұрғанын ескертті.
Иә, биылғы қыстың соңы немен тынарын кім білсін, басы оңайға соқпай тұр. Қарашаның алғашқы онкүндігінде жауған қалың қар мен жаңбырдың аяғы қақаған аязға ұласып, даланы көк мұз құрсаған. Соның кесірінен малдар өріске шыға алмай қиналды. Ал үйде ұстауға жемшөп жоқ.
– Ұмытпасам, осындай табиғаттың апаты 1977 жылдары болған. Ол кезде көп мал қырылған еді. Енді, міне, араға қырық жыл уақыт салып тағы қайталанды. Алайда, басына қиындық түскен біздерді назардан шет қалдырмай, қамқорлық көрсетудің арқасында мал-басымыз аман. Жағдайымыз тұрақтанды. Соған тәубе, – дейді көпті көрген зейнеткер Серік Ақышев.
Бір қиыны, Абыралы, Абай өңірінің тұрғындары қадым заманнан қолындағы түлігін қыс бойы жайылымға шығарып, арық-тұрағын ғана қорада ұстайтын. Алайда, айтып келмейтін табиғи апат биыл бейқам елдің берекесін қашырды. Жердің бетін сірестірген сіре қар мен көк мұздан тебіндегі жылқының тұяғы кетілді, аяғы қиылды. Ол аздай, бораннан ыққаны бар, талғажау етер қылтанақ іздегені бар, біраз қылқұйрық із-түссіз жоғалған. Арасында шығынға ұшырағандар да жоқ емес. Бірнеше қыстаққа қатынас мүлдем үзілген. Ондағы адамдардың жағдайы не болып жатқанынан да хабар мардымсыз. Тракторлардың өзі сірескен қарды бұзып-жарып жүруге қауқарсыз. Осы ретте облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовке төтенше жағдайлар қызметінің жол талғамайтын ауыр техникаларын іске қосып, байланыссыз қалған қыстақтарға баруды ұйымдастыру керектігін айтты.
– Ағымдағы жылғы бесінші желтоқсанда бірнеше ауылдық округте, оның ішінде біздің Қараөлеңде төтенше жағдай жарияланған. Содан бері тиісті жұмыстар атқарылуда. Маңайдағы кеніштердегі компаниялар техника жағынан көмек көрсетсе, көршілес Қарағанды облысынан, өзіміздің бірқатар аудандардан жемшөп жеткізілуде. Қазір округте жұмыс істеп тұрған 16 шаруа қожалығы болса, бес мыңның үстінде мүйізді ірі қара, үш мыңнан астам жылқы, он мыңнан аса ұсақ мал бар. Осының бәріне азық табуымыз керек. Ең бастысы, қазіргі күні барлық елді мекендер арасында жол қатынасы ашық. Халыққа қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек те жеткілікті, – дейді Қараөлең ауылдық округінің әкімі Сағынғали Қапақов.

Көршілес округтер көмектесті

Дәл осындай қиындыққа саржалдықтар да тап болды. Жұмыс сапары аясында облыс әкімінің орынбасары Абай ауданының Саржал ауылына тізгін тартып, жергілікті жұртпен кездесті. Мәселенің мән-жайын түсіндіріп, ақсақалдармен тығырықтан шығудың жолдарын ақылдасты.
– Қазірде Саржал ауылының тоғыз шаруа қожалығы өздерінің малын іргелес жатқан Медеу, Тоқтамыс сияқты ауылдық округтердің қыстамаларына көшірген. Сондай-ақ, 24 қыстақта бірлесіп отыру және жайылым жерді пайдалану жөнінде келісімге келдік. Ауылға күнделікті жемшөп жеткізіліп тұр. Бородулиха, Глубокое, Шемонайха, Үржар аудандарынан, тіпті, Павлодар облысының Аққу ауданынан да мал азығы әкелінуде. Бүгінгі күні ауылға 300 тоннаға жуық шөп пен 302 тонна жем жеткізілді. Соның арқасында жағдай тұрақтанып қалды. Жеткізілген жемшөп адамдардың мұқтаждықтарына, әлеуметтік жағдайына және басқа да қажеттіліктеріне қарай бөліп берілуде, – деп баяндады Саржал ауылдық әкімдігінің бас маманы Жұмабай Асқаров.
Айта кетейік, табиғат апатының салдары Абай ауданының өзге ауылдарынан гөрі Саржалға көбірек тиген. Сол себепті басқа округтер саржалдықтарға шама-шарқынша қол ұшын созуда. Бірі жайылыммен бөліссе, енді бірі қыстақтарын беріп, қысылған ағайынға демеу көрсетті.
Кездесуде саржалдықтар қыс қаһарын төккен қысылтаяң шақта шұғыл шешім қабылдап, қолдау-көмек көрсеткен, жағдайды ұдайы бақылауында ұстап отырған облыс басшысына алғыс-тілектерін айтуды да ұмытпады.
– Басшының басшылығы осындайда танылады ғой. Жұрттың басына күн туғанда назардан тыс қалдырмаған облыс әкімі Даниал Кенжетайұлына, ауданның әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековке ризамыз. Ауа райы бұзылғанда, техникалар жіберіп, қыстақтарға, жайылымдарға жол аштыруға, малымызды үйге жеткізуге жәрдемдесті. Енді жем-шөппен қамтамасыз етуде. Үлкен рақмет. Біздің Абай өңіріндегі халықтың жалғыз күнкөрісі – төрт түлігі ғой. Одан басқа табыс көзі жоқ. Егер дер кезінде тиісті қамқорлық болмағанда, бүкіл малдан айырылып қалар едік, – деп ағынан жарылды Саржал ауылының ақсақалы Мұхаметқали Мұқанов.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары қыстың ұзақ әрі қатал болатынын еске сала келе, қолдағы мал қоңын жоғалтпай тұрғанда, жем-шөптің ыңғайына қарай өткізген де дұрыс екенін жеткізді.
– Бұл жерде бүкіл малды сатыңыздар деп тұрған жоқпын. Егер азық жеткіліксіз болса, малды аман алып қалудың мүмкіндігі төмен болған жағдайда, арам қатырмай сатып жіберген дұрыс. Онда да бағаны арзандатпай, лайықты саудалау керек. Ең бастысы, мал қоңын жоғалтпай тұрғанда қимылдаңыздар. Әйтпесе, кеш қаласыздар, – деді Дүйсенғазы Мусин.
P.S. Осы күні қас қарая қаздай тізілген жүк керуен Семей-Қайнар тас жолымен оңтүстік-батысты бетке алып кетіп бара жатты. Шөп пен жем тиеген «Камаздар» жолдың көктайғағына қарамай, межелі жерге тезірек жетуге асығып келеді. Өйткені, оларды бір қауым ел тағатсыздана күтіп отыр.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button