Депутаттыққа үміткерлердің есімдері анықталып жатыр
Сайлау – 2016
Биылғы 20-наурызда өтетін барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауына орай өңірде 1-ақпаннан бастап «Нұр Отан» партиясының атынан кандидаттарды іріктеу бойынша партияішілік праймериз басталды. Іс-шараның барысында беделді және елге танымал партия мүшелері анықталуда.
Соған орай кеше Оқушылардың шығармашылық сарайында өткен кезекті праймериз барысында №6 Өскемен қалалық сайлау округі бойынша қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлердің аты-жөндері анықталды. Өскемен қалалық әкімдігіне қарасты «Істер басқармасының» №4 филиалының директоры Владимир Родчев аталған қалалық сайлау округі бойынша екі үміткер тіркеліп отырғандығын мәлім етті. Айта кетерлігі, олардың екеуі де жастар. Оның бірі – Өскемен қалалық Жастар орталығының директоры Ринад Ахметжанов болса, екіншісі – Қазақстан-американ еркін университетінің 4 курс студенті, партияның Өскемен қаласындағы «Жас Отан» жастар қанатының 2015 жылғы төрайымы Алтынай Қомшыбаева.
Алдымен үміткерлердің екеуі де кезекпен жиналғандарға өздерінің сайлауалды бағдарламаларын жан-жақты таныстырды. Сонымен бірге, олар өздеріне үлкен сенім артылғандығын, «Нұр Отан» партиясының атынан мәслихат депутаттығына кандидат болу үлкен жауапкершілік жүктейтіндігін жеткізді.
Мұнан соң залдағы «Нұр Отан» партиясының 72 өкілі екі үміткердің арасында өз таңдауларын жасады. Бес адамнан құралған есеп комиссиясы берілген дауыстарды жедел санап шығып, нәтижесінде 59 адамның дауысын (83 пайыз) иеленген Ринад Ахметжанов айқын басымдылықққа ие болды. Праймеризді қорытындылаған Владимир Родчев үміткерлердің екеуі де кандидаттыққа ұсынылатынын мәлім етті.
Бұл күні Өскемен қаласы аумағында қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну бойынша праймериз партия өкілдерінің қатысуымен 25 сайлау округінде өтті, нәтижесінде 25 кандидат ұсынылды. Ал бүгінге дейін «Нұр Отан» партиясының атынан қалалық және аудандық мәслихаттарға депутаттыққа 253 үміткер ұсынылған.
Атап өтерлігі, праймериздерді өткізу барысында ешқандай заңбұзушылықтар орын алмаған. Партияның облыстағы барлық бастауыш ұйымдарында праймериздер өткізу 5-ақпанға дейін жалғасатын болады.
Дәурен Аллабергенұлы