Депутаттық фракция құрылды
Кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының саяси кеңес бюро отырысы мен фракция жиыны өтті. Келелі кеңесте бірқатар мәселелер қаралды.
Атап айтқанда, облыстық мәслихатта «Нұр Отан» партиясынан депутаттық фракция құру, фракцияның жетекшілігіне және облыстық мәслихаттың хатшылығына сайлау үшін кандидаттарды ұсыну, қалалық және аудандық мәслихаттарда «Нұр Отан» партиясынан депутаттық фракциялар жетекшілігіне ұсынылған кандидаттарды бекіту және тағы басқа мәселелер.
– Наурыздың 20-сы күні өткізілген сайлаудың қорытындысы бойынша облыстық мәслихатқа 43 депутат сайланды. Оның 41-і «Нұр Отан» партиясынан болса, біреуі өзін-өзі ұсынған және біреуі «Ауыл» партиясының өкілі. Облыстық мәслихатқа «Нұр Отан» партиясының атынан сайланған барлық депутаттар бүгінде аталған партияның орталық аппараты бекіткен ережеге сәйкес фракция құрамына кіруге жазбаша өтініш берді. Соған сәйкес, облыстық мәслихатта «Нұр Отан» партиясының фракциясын құруымыз керек, – деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов.
Жиында сөз алған саяси бюроның мүшесі Олег Чернышов облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясы жетекшілігіне осы партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтархановтың кандидатурасы ұсынылғанын хабарлады. Бұл ұсынысты жиналған фракция мүшелері бір кісідей қолдап, дауыс берді.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы фракция жетекшісінің орынбасары қызметіне Владимир Кошелев (Глубокое ауданы) сайланса, облыстық мәслихаттың хатшылығына осы жауапты міндетті бұған дейін тиянақты атқарып келген Владимир Головатюктің кандидатурасы ұсынылды.
Алқалы отырыста депутаттық фракция президиумының құрамына кіретін кандидаттар іріктеліп, партиялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ, бюджет қаражатының және Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың тиімді және мақсатты пайдаланылуын бақылау бойынша комиссиялардың жетекшілері сайланды.
Серік Әбілхан