Қоғам

Депутатқа облысымыздан 500-ден астам өтініш түсіпті

Депутатқа облысымыздан 500-ден астам өтініш түсіпті


Парламент Мәжілісінің депутаты, Нұртай Сабильянов Аягөз ауданының Тарбағатай, Ақши, Қарағаш және Сарыарқа ауылдарының тұрғындарымен кездесулер өткізді.

Депутат биылғы Елбасының халыққа Жолдауы еліміздің тұрақты дамуын қамтитын және мемлекетіміздің барлық саласына тың серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін нақты іс-шараға құрылған шын мәніндегі тарихи құжат екендігіне тоқталды. Жолдауда көрсетілгендей еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырып, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасының 98-қадамын жүзеге асыру барысында 2018 жылы халқының саны екі мыңнан асатын қала, кент және ауылдық округтердің өздерінің жергілікті бюджеті болатынын атап өтті. Оған ауданнан Аягөз қаласы, Ақтоғай кенті, Баршатас, Тарлаулы, Тарбағатай және Мамырсу ауылдық округтері кіретіндігін жеткізді.

Осы уақыт аралығында Парламентке 4800 хат келіп түскенін, оларға заң талаптарына сәйкес жауап қайтарылғанын, ал өз атына Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарынан 500-ден астам өтініш келгенін, оның барлығына жауап бергенін айтты.

Депутатпен кездескен ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген ойларын, шешімін таппай отырған мәселелерін ортаға салды. Мәселен, Ақши ауылының тұрғыны Қ.Түсіпбеков ауылға ұялы телефон стансасын орнатуға көмек сұраса, Жұмағали Бекбаев пен Ж.Байжұманов жер мәселесін, ауылда мал өрісінің тарылып кеткенін айтты. Қаражал елді мекенінің тұрғыны Болат Азизов ауылдағы су мәселесін көтерді. Балалар ойын алаңы орнатылса, көше жарықтандырылса деген өтініш айтты.

Кездесулердің соңында аудан әкімі Бақытжан Байахметов халықпен кездесулер өткізіп, ауыл тұрғындарына мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріп, көпшіліктің өтініш-тілектерін тыңдап, сауалдарына жауап берген депутатқа алғысын айтты.

Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Салихұлы кездесу соңында «Сарыарқа» орта мектебінің жанынан жаңадан салынып жатқан спорт залы мен оқушылар асханасының құрылысымен танысты.

Тілеукен Тілеубердіұлы

Осы айдарда

Back to top button