Қоғам

«Департамент барысы» анықталды

«Департамент барысы» анықталды

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы мен жыл сайын 13-шілдеде аталып өтетін Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Өскемендегі Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен «Департамент барысы – 2015» турнирі өтті. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған турнирге аталған ведомствоның отызға жуық қызметкері қатысты.
Нақтырақ айтсақ, ҰҚК-нің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің Өскемен, Семей, Риддер қалаларындағы, Үржар және басқа да аудандарындағы арнайы құрылым қызметкерлері арасынан сайдың тасындай іріктелген спортшылар күш сынасты. Турнир екі салмақ дәрежесі бойынша өтті: 81 келіге дейін «Өгіз балуан» және 81 келіден жоғары салмақта «Түйе балуан».
Департамент қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, бозкілемдегі балуандар белдесуін тамашалауға көпшілікке есімі мәшһүр спортшылар мен бапкерлер, спорт ардагерлері құрметті қонақ ретінде қатысты. Олардың ішінде атап айтар болсақ, елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы, дзюдодан КСРО спорт шебері Жанәділ Атаев, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан әлем чемпионы, Еуропа мен Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, Атланта және Сидней олимпиадаларының қатысушысы Руслан Сейілханов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбодан екі дүркін әлем чемпионы, дзюдодан Азия біріншілігінің қола жүлдегері, бірнеше дүркін ел чемпионы Ержан Омарбаев, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Қазақ күресінен» әлем чемпионы, «Қазақстан барысы» турнирінің екі мәрте жүлдегері Шалқар Жоламанов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Қазақ күресінен» әлем чемпионы, 2014 жылғы «Қазақстан барысы» Мұхит Тұрсынов және басқалар болды.
Жарыстың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген ҰҚК Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің бастығы Қазмағамбет Қарабалинов қатысушыларға сәттілік, төрешілерге әділетті қазылық тілеп, елімізде ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, өздерінің жүрекжарды лебіздерін елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы Жанәділ Атаев, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Елдос Чикенов сынды бірқатар құрметті қонақтар білдіріп, төл спортымызды төрге оздыруға үлкен үлес қосатын мұндай шараларды ұйымдастырудың маңыздылығын тілге тиек етті.
– Бабаларымыздан мұра болған асыл қазынамыз – қазақ күресінен «Департамент турнирі» деген атпен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері арасында алғаш рет ұйымдастырылып отырған жарыс жоғары деңгейде өтті. Балуандардың шеберлігі мен белдесу кезінде қолданған әдіс-тәсілдері көз қуантады. Осыған қарап-ақ аталған күш құрылымында істейтін қызметкерлердің физикалық дайындығы, спортты меңгеруі жоғары деңгейде екенін көруге болады. Қазақ күресін дамытуға үлес қосатын осындай игі бастаманы қолға алған департамент басшылығына ризашылығымды білдіремін, – дейді «Қазақ күресінен» әлем чемпионы Шалқар Жоламанов.
Айтқандай-ақ, бозкілемге шыққан балуандардың белдесулері аса тартысты өтті. Олардың әрбір қимылын қалт жібермей бағып, қиқулап қолдау көрсеткен жанкүйерлердің де қарасы аз болған жоқ. Жарыс қорытындысы бойынша 81 келіге дейінгі салмақта күрескен спортшылар арасында өскемендік Әділбек Қозығұлов «Өгіз балуан» атанды. Екінші орынды Семей қаласынан келген Дәурен Пайзрахманов иеленсе, үздік үштікті үржарлық Самат Қалымов түйіндеді. Бұған қоса «Ең үздік техникасы үшін» аталымымен Дидар Исанов марапатталды.
Жекпе-жек сарайына жиналған жанкүйерлерді арқаландырып, рухын көтерген нағыз қызықты белдесулер 81 келіден жоғары салмақтағы алыптардың арасында болды. «Түйе балуандар» бәсекесінде үшінші орынды семейлік Рахат Үркенбаев жеңіп алса, екінші жүлде үржарлық Бауыржан Карменовтың еншісіне бұйырды. Ал осы турнирдің басты жеңісі – «Департамент барысы – 2015» атағын өскемендік Әли Распай иеленді.
– Күрестің дзюдо, самбо түрлерімен он бес жылдан бері айналысамын. Бұл турнирдегі жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Қарсыластарымның бәрі де шебер спортшылар. Әсіресе, финалдық белдесу қиынға түсті. Біріншіден, психологиялық жағынан, екіншіден, қарсыласым өте мықты балуан болды, – дейді Әли Распай.
Иә, жарысқа қатысқандардың ешқайсысы да осал емес екен. Бірінен-бірі өтетін мықтылар. Қазақ күресінің ережелері мен әдіс-айласын да кәсіби тұрғыда меңгеріп алыпты. Сондықтан да болар әр белдесу тартысты, қызықты сәттерімен есте қалды.
– Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен және Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтаймын. Биыл міне бірінші рет қазақ күресінен департамент деңгейінде турнир өтіп отыр. Жалпы, ҰҚК-нің спорттық дәстүрі өте бай. Кешегі МҚК (КГБ) кезінде де бұл ведомствоның өкілдері Әлем чемпионаттарында, Олимпиада ойындарында өнер көрсеткенін бәріміз білеміз. Спорт ол адамның денсаулығын нығайтып қана қоймай, моральдық тұрғыдан мықты болуға көмектеседі, темірдей төзімге үйретеді. Ал бұл қасиеттер қауіпсіздік қызметкерлерінің күнделікті жұмысында аса қажет, – деп пікірін білдірді халықаралық дәрежедегі спорт шебері Руслан Сейілханов.
Турнирде топ жарған жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар және мадақтамалар табыс етілді. Сонымен қоса, Өскемен қаласындағы спорт мектебінің жас спортшыларына департамент қызметкерлері сұйық кристалды үлкен теледидар сыйға тартты.
Турнирді қорытындылаған департамент бастығының бірінші орынбасары ұйымдастырушылар мен қатысушыларға көрсеткен белсенділіктері үшін алғыс білдіріп, аталған жарыс енді жыл сайын өткізілетіндігі туралы мәлім етті.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button