Қоғам

Әдеп кодексін сақтамайтындар анықталды

 Әдеп кодексін сақтамайтындар анықталды


Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті жыл басынан бері мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалар мен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтауына қатысты жоспардан тыс 12 тексеру өткізді. Тексерулер жеке және заңды тұлғалардың өтініші негізінде жүргізілген.

Олардың бесеуі Өскемен қаласында, жеті тексеру елді мекендерге шығу арқылы жүзеге асып отыр. Назарға іліккендердің арасында облыстық басқармалар, аудандық әкімдік аппараттары мен бөлімдері бар.

Тексеру қорытындысы бойынша жеті мемлекеттік мекемеде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама нормаларының бұзылғандығы анықталған. Заң талаптарын орындамайтындардың ішінде жергілікті атқарушы органдардың да, мемлекеттік органдардың орталық аумақтық бөлімдерінің де қызметкерлері кездескен.

Мысалы, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасында мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жазаға тарту Ережесінің бұзылғандығы анықталды. Департаменттің әшкереленген заң- бұзушылықтарды жою және кінәлілерді белгіленген тәртіптік жауапқа тарту бойынша түсірген ұсынысының негізінде басқарманың бас мамандары Д.Омариев және А. Балтабекова ескерту түріндегі тәртіптік жазаға тартылды.

Семей қаласының ІІБ қаржылай қамтамасыздандыру бөлімінің басшысы Б. Альпиеваның әдепке сай емес қылықтары туралы деректер де расталды. Тексеру қорытындысы бойынша, ҚР мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі нормаларын бұзғаны үшін Б.Альпиева қызметіне толық сәйкес еместігі туралы тәртіптік жазаға тартылды.

Сондай-ақ, Курчатов қаласының білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А. Ұлықпанованың мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің нормаларын бұзғандығы анықталып, Курчатов қаласы әкімінің бұйрығымен шенеунікке қатаң сөгіс жарияланды. Үш тексеру де жеке тұлғалардың өтініші негізінде жүргізілді.

Тексерулер мемлекеттік қызметшілер арасында Әдеп кодексінің нормаларын сақтамау фактілері жиі кездесетінін көрсеткен.
Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі нормалары және мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалар талаптарын бұзушылық анықталған мемлекеттік мекемелерге департамент атынан заңбұзушылықтарды жою және кінәлі тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы хаттар жолданды.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button