Қоғам

Денсаулық сақтау саласының үздігі

Өзгенің қуанышын өзінікіндей қабылдайтын жандар баршылық. Сондай дархан көңілді, жайсаң жанды азаматтардың бірі Алтай ауданының Құрметті азаматы, денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санатты дәрігер Қанат Садықов. 

Кешегі Марқакөл, бүгінгі Күршім ауданының Боран селосынан сонау сексенінші жылдардың ортасында тіршілігі қазандай қайнаған осы қалаға келіп табан тіреген Қанат Ұнарбекұлы санитарлық-эпидемиологиялық станциясының қатардағы қызметкері болып еңбек жолын бастаған. Мекеменің тұрғын үй-коммуналдық және өндірістік бөлімінің меңгерушісі ретінде атқарылатын жұмыстарды асқан жауапкершілікпен жүзеге асырған ел азаматы сауатты маман, мықты қызметкер деген атқа ие болды. Әрине, осыған дейін де, Өскемен медициналық училищесінің фельдшер мамандығы факультетін бітіргеннен кейін, туған ауылы Боран селосында СЭС қызметкері болып жүргенде де сый-құрметтен кенде болған жоқ. Тіпті Марқакөл аудандық кеңесіне депутат болып та сайланыпты. Сол жылдардағы өзінің тікелей басшысы әрі ұстазы болған Біржанов Жанай Жексенұлының атын құрметпен атайды.

– Жанай ағаның ақылымен мен 1978 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтының санитарлық-гигиеналық факультетіне келіп түстім, – дейді ол. Институтта 7 жыл оқып, бітіргеннен кейін Қарағанды қаласындағы Совет аудандық СЭС-те өндірістік гигиена дәрігері болып қызмет атқарған Қанатты туған жерге деген сағынышы қайтадан Шығысқа алып келеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына қызмет сұрап барған жас маманға Риддер мен Серебрянка қаласының біріне баруды ұсынған екен. Қанат Серебрянка қаласын таңдапты. 1987 жылдың күзінде гүлдей жайнаған, бау-бақшаға оранған елді мекенде жас маманды бас маман еткен, бас маманды қызмет сатысымен жоғары көтерген еңбек майданына бел шеше кіріскен Қанат Ұнарбекұлы – бүгінде 70-тен асып кетсе де, нағыз кемеліне жеткен тұлға ретінде қала, аудан, облыс деңгейінде танылған абзал азамат, ардақты әке, сүйікті жар, 6 немеренің атасы.

Қолтығынан демер қос қанатындай болған ұлдары Аян мен Ринаттың бірі ТЖМК подполковнигі, Серебрянка қалалық өрт сөндіру бөлімінің басшысы болса, бірі – полковник, облыстық ІІД бастығының орынбасары, жалғыз қызы Әсел – жоғары білімді теміржол маманы. Жары Сәуле жеңгей де жоғары білімді экономист, Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі, қалалық салық комитетіне басшы болған сауатты, білгір маман. Кейіннен кәсіпкерлікпен айналысқан жеңгеміз – уыздай ұйыған үлгілі отбасының отанасы, немерелерінің мейірімді әжесі.

1997 жылы жүргізілген оңтайландыру саясатының ырқымен Серебрянка ауданын іргедегі Зырян ауданымен қосып, Қанат Ұнарбекұлын біріккен екі ауданның бас санитарлық дәрігері етіп тағайындайды. Аталған қызметті 2014 жылға дейін атқарған ол зейнет жасына жетсе де, жоғары басшылықтың ұсынысымен енді Қатонқарағай ауданының СЭС-іне бас дәрігер болып тағы бес жыл қызмет етіп, ақыры 46 жылға созылған дәрігерлік дастанының нүктесін қойған. Жауапкершілігі мейлінше ауыр, өмірі үнемі қыл үстінде жүретін, кез келген уақытта жұқпалы ауырудың құрбаны болып кету қаупі бар саладағы басшылық қызмет адамды қажытады да. «Өзімді еңбек зейнетіне зор құрметпен шығарып салған Алтай ауданының да, Қатонқарағай ауданының да басшыларына дән ризамын», – дейді ол. Алтай аудандық мәслихатының шешімімен 2021 жылдың 24 желтоқсанында Қанат Ұнарбекұлына Алтай ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Айтпақшы, марапат жағына келетін болсақ, Қанат аға «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен наградталған. Қанат аға қазір де ат үстінде, қалалық әкімдіктің жанынан құрылған ақсақалдар кеңесінің төрағасы. 35 жыл өмірі өткен қала ол кісі үшін туған жеріне айналғандай.

Қуаныш Мақтиев, Серебрянка қаласы.   

Осы айдарда

Back to top button