Денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жалғасады

Маусым айында біздің мамандар Германия, Польша, Израиль, Ресейдің үздік клиникалары мен институттарына оқуға жіберіледі. Олар – акушер-гинекологтар, онкологтар, кардиохирургтер, пульмонологтар.
– Басты назар Израильдің радиологиялық орталығында біліктілігін арттырып, оқитын дәрігерлерге аударылып отыр. Семейдегі Ядролық медицина және онкология орталығы өз жұмысын бастап кеткендіктен, оның мамандары әлемдік стандартқа сай қызмет етуді үйренуі қажет. Сондай-ақ, гематологтар да оқуға жіберіледі, өйткені Өскеменде елімізде баламасы жоқ бейінді орталық бой көтеруде.
– Сонымен қатар біз COVID-19-бен ауырғандарды оңалтумен айналысатын мамандарды оқытамыз. Тәжірибе көрсеткендей, коронавирус инфекциясы көптеген асқынулар туындатады, сондықтан оңалтуға ерекше назар аудару керек, – деп жазды өзінің әлеуметтік желілердегі парақшасында аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері барлық жабдықтарды тексеріп, ненің және қайда жетіспейтінін анықтап отыр. Алғашқы кезекте Өскемендегі балалар стоматологиясына медициналық техника сатып алынады. Сондай-ақ жеті рентген-аппарат, екі маммограф алу жоспарлануда.
Биыл іске қосылған босандыру жүйесін жаңғырту картасы жасалды. Оның негізінде шалғай аудандардағы перзентханалардың келесі деңгейге өтуі үшін қажет жабдықтар алынады. Бастысы, болашақ аналар бұдан былай перзенттерін Өскемен мен Семейдің перинаталдық орталықтарында дүниеге әкелу үшін жүздеген шақырым жүрмейтін болады.
Didar ақпарат