Денсаулық үшін құнды құрылғы

Облыста ғылым саласына бет бұрған жастар жетерлік. Тіпті, олардың ел мүддесі үшін атқарып жатқан шаруаларына қарап, көзің сүйсініп, көңілің толады. Солардың бірі – Бауыржан мен Әлішер. Олар Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың студенттері.
Ақылын жетекші, қиялын көмекші еткен небәрі 19 жастағы бозбалалардың ойлап шығарған құрылғылары да ерекше. Бүгінде өнертапқыш өрендер қарапайым шлем арқылы айналаны бақылап отыратын қондырғыны ойлап тапқан. Компьютерге орнатылған құрылғы мүмкіндігі шектеулі жандар мен ауыр халде жатқан науқастардың өмірге деген құлшынысын оятуға мүмкіндік бермек. Енді олар аяқ-қолдың реакциясын қайта қалпына келтіру үшін бар болғаны үш тетіктің көмегіне жүгіне алады.
– Ауыр науқасқа шалдығып, аяқ-қолы істен шыққан науқастар біз ойлап тапқан құрылғының көмегімен жеңіл әрі жылдам қозғалуға мүмкіндік алады. Тек ол үшін автоматтандырылған шлем мен компьютер болса жеткілікті, – дейді «Виртуалды әлем» жобасының авто¬ры Бауыржан Сырым.
Бір адам ағаш отырғызса, он адам сая қылады. Бүгінгі кейіпкерлерімізді де ос¬ын¬¬¬¬дай игі істің басын бастап, қайырымдылыққа қадам жасаған жандар деуге болады. «Бұл жобаны пысықтау үшін бір айдан астам уақыт кетті. Университетте ғылыми жұмыспен айналысуға арналған арнайы зертхана бар. Бұл – студенттердің зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін шыңдауға септігін тигізеді. Осы орайда зертхананы ашып берген университет басшылығына алғыс айтамын», – дейді Әлішер Кабдулканов.
Жас өнертапқыштардың алға қойған арман-мақсаты көп. Бүгінде олар сәт сайын ілгері басқан уақыт көшіне ілесу үшін өміршең дүниелерді жасап шығаруда. Мұндағы басты мақсат – жаһандану мен жаңғырудың жаңа ғасырында ел экономикасын дамытуға үлес қосып, түрлі техниканың тетігін меңгеру.
– Мектеп жасынан бастап, «Шетелдік өнертапқыштардың қолынан шыққан дүниені неге өзіміздің елде жасап көрмеске?!» деген ой мазалайтын еді. Ал кейіннен университетке оқуға түскен соң бар күш-жігерімді жинап, осы салаға бет бұрдым. Оған группаластарым Азамат Шәкіров пен Әлішер Кабдулканов қолдау көрсетті, – дейді Бауыржан Сырым.
Талапты жастардың бұл талпынысын университет ректоры Жасұлан Шаймарданов жерде қалдырмай, қолдау білдіріп, ғылыми жобаларын іске асыруға көмектесіпті. Осылайша, Бауыржан мен Әлішер өнертабыстарына қажетті технологияларды алып, жұмысқа кіріскен.
– Біздің бұл жобамыз «Виртуалды әлем» деп аталады. Оның көмегімен айналадағы болып жатқан өзгерістерді 3 Д форматында тамашалауға болады, – дейді Әлішер Кабдулканов.
«Контр страйкты» қазақша сөйлетті
Бүгінде Бауыржан мен Әлішер атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Қазақ хандығы» атты ойынның жобасын әзірлеп жатыр. Мұндағы басты мақсат – балаларды өткен тарихпен таныстырып, олардың елге, жерге деген құрметін арттыру.
– Біз кейінгі буынның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру үшін «Қазақ хандығы» атты ойынды ойлап таптық. Меніңше, бұл бүлдіршіндердің санасын улап жүрген спайдермен мен Эльза сияқты мультфильм кейіпкерлері бар ойындармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Өйткені мұндай дүниелер кез келген баланың бойына патриоттық сезімді ұялатыны айдан анық, – дейді Әлішер Кабдулканов.
Иә, бұл Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың студенттері жасап жатқан жобалардың бір парасы ғана. Әлі жүзеге асырылмағаны қаншама десеңізші. Әлішер Кабдулкановтың айтуынша, бұл ойынды әлі жетілдіре түсу керек.
– Ойынның жобасы дайын. Енді тарихшылармен кездесіп, «Қазақ хандығы» ойынының басты кейіпкерлері кім болатынын ақылдасу ғана қалды. Өйткені, біз үшін тарихшылардың пікірі ауадай қажет, – дейді жас өнертапқыш.
Бүгінде балалардың қазақ ойындарына деген қызығушылығы артыпты. Қуанарлығы сол, смартфондағы ұлттық ойындар заман талабына қарай икемделіп, жоғары деңгейге көтерілді. Ал оған Бауыржан мен Әлішердің қосқан үлесі зор. Айтпақшы, екі жас өнертапқыштың қатарластарына үйретері көп. Өйткені, олардың бұл саладағы тәжірибелерінің өзі бір төбе. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Бауыржан мен Әлішер болашақта шәкірт тәрбиелеп, бар білгенін кейінгі буынмен бөліскісі келеді.
– Ынтасы бар жастармен бас қосып, жұмыс істеуге дайынбыз. Себебі, бізге ғылыми жұмыспен айналысқан ұнайды, – дейді Бауыржан Сырым.
Айта кететін бір жайт, «Қазақ хандығы» ойыны екі жас өнертапқыштың жасап жатқан алғашқы жұмыстары емес. Олар бұған дейін «Контр страйк» ойынның қазақша аналогын ойлап тапты. Оған бір айдай уақыт жұмсаған. Бүгінде Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың студенттері бұл ойынның мемлекеттік тілдегі нұсқасын ерекше қызығушылықпен ойнап жүр екен. Солардың бірі – Дәулет Қайратұлы.
– Сабақтан тыс уақытта Әлішер мен Бауыржанның жасап шығарған ойындарын ойнаймыз. Жеке басым, екі өреннің ғылыми жұмыстарына сәттілік тілеймін, – деді ол.
Ажар Сағатбекова