Денсаулық сақтау

«Денсаулық» пойызының келгенін неге білмей қалдық?

Республикамыздың әр аймағын аралап жүрген «Денсаулық» пойызының мүмкіндігін қаншалықты пайдалана алып жүрміз? Жылжымалы медициналық құрамның келіп-кеткенінен ауыл тұрғындары неге хабарсыз қалады? Елдің құлақтануы үшін алдын ала неге хабарланбайды? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Алдын ала жарнамалау ақсап жатыр

Жылдағы дәстүрге сай жыл басынан бері республикалық «Денсаулық» пойызы еліміздің өңірлерін аралап, кепілдендірілген медициналық көмектің аясында алыс аймақтардағы тұрғындарға тегін қызмет көрсетіп жүр. Ақпарат ретінде айтсақ, арнайы жасақталған 12 вагоннан тұратын құрамда медициналық қызметтің дені  қамтылған. Вагондарда тіркеу, терапевт, педиатр, кардиолог, ЭКГ,  гинеколог, зертхана, қан алу, көз дәрігері, ем-шара, лор, хирург, уролог, эндоскопия (ФГДС) невропатолог, онколог-маммолог, УДЗ, стоматолог, рентген, флюорография кабинеттері орналасқан. Алайда осы кабинеттердегі дәрігерлердің тегін қызметі қарапайым халыққа қаншалықты қолжетімді болды?

Айталық, «Денсаулық» пойызы Алматы облысынан кейін ағымдағы жылдың 22 мамыры мен 6 маусымы аралығында Шығыс Қазақстан облысында болып, өңірдің Таңсық, Үшбиік, Жарма, Жанғызтөбе, Предгорная, Тишинская, Черемшанка, Огневка, Зырян, Тұрғысын, Заводинка, Бұқтырма, Суықбұлақ, Ауыл, Белағаш, Дегелең станцияларында  қызмет көрсетті. Бізден кейін көрші Павлодар облысына аттанды.

Осы мерзім аралығында тілші ретінде бірге жүріп байқағанымыз, пойыздың өңірге келуі жөнінде жарнаманың мүлде жеткіліксіз болғандығы. Арнаулы пойыздың келетіндігінен ауыл тұрғындарын айтпағанда, аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарының өздері хабарсыз болды. Егер алдын ала теледидар, сайт, мерзімді басылымдар арқылы хабарландырулар берілгенде, жұрт ерте құлақтанып, мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысар еді, дәрігерлерге қаралуға келген адамдар саны да әлдеқайда көп болар еді.

Мәселен, облысқа осы пойыздың келіп жатқанынан ақпарат алмақ ниетпен облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласқанымызда, олар мұнымен тек салалық министрлік шұғылданатынын, өздеріне көп қатысы жоқтығын жеткізді. Түсінгеніміз, жыл басында тендерді кім ұтып алса, жоғарыда айтылған сауалдардың бәріне де солар толық жауап беріп, ұйымдастыруы тиіс.

Доценттер мен профессорлар да бар

Биыл бұл әлеуметтік маңызға ие шаруаны С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің «Ақсай» университеттік клиникасы өз жауапкершілігіне алған екен. Университет жанындағы департаменттің медициналық қызметтердің сапасын бақылау бөлімінің басшысы, медициналық бригаданың жетекшісі Бақыт Тулеевтің айтуынша, «Денсаулық» пойызында кепілдендірілген медициналық көмектің аясында пациенттерді консультативтік-диагностикалық қабылдау, тұрғындар арасындағы түрлі ауруларды анықтау жүргізілуде.

– Пойызда барлығы 27 адам, оның ішінде 12 дәрігер-маман бар. Үш резидент бар. Біздің университет «Білім. Ғылым. Медицина» қағидатымен жұмыс істейді. Осы жылдың басты ерекшелігі – мұнда күнделікті дәрігерлерден бөлек кафедра ассистенттері, доценттер, профессорлар, ғылыми қызметкерлер бірге жұмыс істеуде. Жұмыс кестеге, жоспарға сай жүріп келеді. Ақтоғайдан бастап Заводинка стансасына дейін 2120 адамды қабылдадық. Бұл аз көрсеткіш. Пойыздың қызметі – «Қазақстан теміржолы» АҚ мен университет арасындағы бірлескен жоба болып табылады. Әр екі апта сайын пойыздағы дәрігерлер құрамы ауысып отырады. Жоба жылдың соңында, желтоқсан айының 21-де Алматы қаласында мәреге жетеді. Оған дейін бүкіл Қазақстанды аралап шығамыз, – дейді ол.

Ал пойыз қызметіне қатысты алдын ала жарнаманың ақсап жатқандығын бригада жетекшісі де жасырмады. Оның айтуынша, алдағы уақытта мұнымен нақты айналысу қажет.

– Хабарландыруға келсек, жергілікті атқарушы органдар, ФАП қызметкерлері, орталық аудандық ауруханалар алдын ала келетінімізді хабарлап отырса. Біз де өз тарапымыздан хабарлаймыз, дегенмен бұл аздық етеді. Мысалы, тұрғындар денсаулық пойызы келетінін естісе де, ондағы дәрігерлердің Алматыдан келетінін білмейді. Тек бірінші келген тұрғын мән-жайға қаныққан соң, ауылдастарына хабарлап, содан кейін ғана халық жинала бастайды. Алда бұл кемшіліктер түзетілсе. Себебі, біз тұрғындарды барынша толық қамтығымыз, диспансерлік есептегі науқастарды қарағымыз келеді. Тұрғындар білікті дәрігерлерге, профессорларға қаралып алса дейміз, – дейді Бақыт Тулеев.

Рас, бұл ойланарлық жағдай. Мәселен, пойыз тоқтаған Бұқтырма стансасының жанындағы Бұқтырма кентінде бес мыңға тарта халық тұратынын, сондай-ақ бұл маңда Октябрь, Сажаев елді мекендері бар екенін ескерсек, мұнша халықтың бір күннің ішінде пойызға келіп, қаралып кеткеніне ешкім сенбейді. Ал дәрігерлер қолындағы мәліметтер бойынша бұл күні екі жүзден астам ғана адам қаралған.

Бақыт Тулеевтің мәліметінше, біздің аймақта негізінен халық кардиология, педиатр, стоматолог, лор, маммолог, УДЗ кабинеттеріне көптеп жүгінген.

Пойыздың уақыты халық санына сай таңдалса

Сапар барысында тағы бір байқағанымыз, алдағы уақыттарда пойыздың тоқтайтын стансаларын таңдағанда, ондағы халық санына сәйкес өзгеріс енгізу керек сияқты. Мысалы, «Денсаулық» пойызы халқының саны небары 600-дей ғана Заводинка стансасында бір тәулік бойы тұрды. Ал келесі тоқтаған Бұқтырма стансасының маңындағы үш елді мекенде қанша адам тұратынын жоғарыда келтірдік. Ал Зырян стансасы деп аталған аумақта Алтай қаласы орналасқан, онда 60 мыңға тарта халық бар. Сондай-ақ Ақтоғай, Аягөз стансаларында да тұрғындар көп шоғырланған. Өкінішке қарай, стансалардың бәріне де тоқтау уақыты бірдей. Сондықтан жергілікті тұрғындар да халық көп ауылдарда пойыздың тұру уақыты бір емес, екі-үш күнге жоспарланса дейді. Ал шағын ауылдар тұрғындары үшін тасымалдау қызметін ұйымдастырса да болады. Бұл мәселені жергілікті әкімдіктер, пойыз қозғалысына жауапты «Қазақстан теміржолы» АҚ алда ескереді деген үміттеміз.

– Жергілікті тұрғындар пойыз екі күн тұрса деген өтінішті бізге де келіп айтты. Мұны алдағы уақытта ұйымдастырушылармен ескеруге болады. Бұл арада пойыз негізінен үлкен қалаларға, аудан орталықтарына тоқтамайтынын ескеру керек, себебі, ол жерлерде орталық аудандық, қалалық, облыстық ауруханалар бар. Біз көбінесе, шалғай ауылдарды таңдаймыз, – деді Бақыт Тулеев.

– Мен тісімді емдетуге келдім. Алайда мұнда тек жұлады, емдемейді екен. Пломба да салмады. Себебі, толық емдеп шығуға пойыздың уақыты жетпейді деді. Өкінішті әрине, өйткені ауылды жерде білікті стоматолог жоқ, ал Өскеменге баруға қалта көтермейді. Пойыздың  стансада тұру уақыты ұзартылса деген өтінішіміз бар, – дейді көршілес Сажаев ауылынан келген тұрғын Светлана Медведева.

Светлана да пойыз туралы алдын ала білмегенін, тек бұрын жүрмеген жаңа пойыздың тоқтап тұрғанын көріп, білмекке келгенін айтады. Нәтижесінде бірнеше дәрігердің қабылдауында болып, көптен мазалап жүрген жүрегін де тексертіп алған.

– Бұрын пойыз келетінін алдын ала хабарлап, әр көшеде, әр бұрышқа жазып қоятын. Осы жолы хабарландыру болмады. Тұрғындар бір-біріне телефон арқылы хабарлап айтып жатыр, – дейді ол.

Өскеменнен де келіп қаралғандар болды

Тіпті, кейбір тұрғындар пойыздың Бұқтырмада тұрғанын естіп жүз шақырымнан астам жердегі  Өскеменнен де көлікпен жетіпті.

– Дәрігерлерге жүрегімді, бүйрегімді тексерттім. Бүйрегімде тас, құм бар екенін айтты. Қуаныштысы, дәрі ішу арқылы тасты түсіруге болады екен. Өзіммен бірге жолдасым, сіңлім де бірге келіп, тексеруден өтіп жатыр. Өскемен секілді үлкен қалаларда тоқтамайтын болғасын, осында келдік, – дейді өскемендік Жанар Түкенова.

С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне қарасты «Ақсай» клиникасының оторинолорингологиялық кафедрасының ассистенті Мөлдір Мелсқызы бұл пойызбен лор маманы ретінде биыл алғаш рет шығып отыр. Күніне 50-60 адамға дейін қабылдап келеді.

– Қаралғандардың көбінде құлақ құлығы бар. Оның кейбірін қарау барысында жібітіп, жууға болатын болса, кейбіріне уақыт керек, онда арнайы дәрілер, тамшылар тағайындаймыз. Одан соң аллергиялық рениттер, фарингиттер, созылмалы атиттер көп кездесіп жатыр. Балаларда аденойдтар өте көп, – дейді жас маман.

– Биыл пойыздың ел аралап жүргеніне тоғыз жыл. Содан бері халықтың алғысын алып келеміз, халықтың қатысу белсенділігі жақсы. Бұл істі «ҚТЖ» АҚ жанындағы Әлеуметтік жобалардың корпоративтік қоры «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жүзеге асырып отыр, – дейді осы пойыздың басшысы Дүйсен Балымбетов.

 

P.S. Міне, «Денсаулық» пойызымен жүрген сапарымыз барысында жоғарыдағы сауалдарға барынша жауап іздеп көрдік. Тегін медициналық көмекті алыс аудандар мен ауылдардағы тұрғындар мейлінше қажетіне жарата алса, «әттеген-айлар» алдағы уақытта түзетілсе, алдын ала жарнамасы дұрыс жасалса, біздің де мақсатымыздың орындалғаны. Себебі, пойыздың қызметі жыл соңына дейін жалғасады. Қазір «Денсаулық» пойызы байтақ еліміз – Қазақстанның әр аймағын аралап жүр. Тоқтайтын стансалардың арнайы кестесі де жасалған. Ауылға келген тегін медициналық көмектен қапы қалмайық!!!

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button