Денис Улановқа Олимпиаданың қола медалі беріледі
Иә, дәл солай. Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдесі қазақстандық талантты ауыр атлет Денис Улановқа берілетін болды. «Ештен, кеш жақсы» дейді мұндайда қазақ.
Биыл жазда Бразилия төрін дүбірлеткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарына қатысушы спортшылардың қанын тексеру барысында бірқатар жүлдегерлердің рұқсат етілмеген препараттарды қолданғаны анықталды. Солардың ішінде 85 келіге дейінгі салмақта Дениспен бірге сынға түсіп, үшінші орын алған румын атлеті Габриэль Синкраян бар болып шықты. Допингтік сынамалар нәтижесі Олимпиада жүлдегерінің тыйым салынған затты тұтынғанын растады. Сол себепті оның Риодағы барлық көрсеткіштері жойылып, иеленген қола медалі төртінші орын алған Денис Улановқа табыс етілетін болды.
Естеріңізге сала кетсек, зыряндық зілтемірші аталмыш бәсекеде қоссайыстың қорытындысы бойынша 390 келіні еңсерген. Дәл осынша салмақты румын спортшысы Синкраян да бағындырған еді. Алайда жерлесіміздің өзінің салмағы қарсыласына қарағанда 200 грамға ауыр тартқандықтан қола жүлдемен қол созым жерде қоштасқан. Десек те «аққа құдай жақ» қой. Айтулы аламанның шаңы басылды-ау дегенде араға бір жарым ай уақыт салып халықаралық Олимпиада комитеті қуанышты хабарды жеткізді біз үшін. Сөйтіп, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында Қазақ елі құрамасының еншісіне барлығы 18 медаль бұйырды. Соның 10-ы қола.
Серік Әбілхан