Қоғам

Денис Уланов Пхеньянда топ жарды

Денис Уланов Пхеньянда топ жарды
Кореяның Пхеньян қаласындағы спорт кешенінде ауыр атлетикадан жастар мен ересектер арасында Азия кубогын сарапқа салған жарыс мәреге жетті.

Азия ауыр атлетика федерациясының ұйымдастыруымен өткен жарысқа Корея, Қазақстан, Қытай, Сирия, Индия, Бангладеш, Өзбекстан, Кырғызстан, Кувейт, Мьянма және Таиланд құрама командалары қатысты.

Бұл жарыста еліміздің намысын Зырян қаласының тұрғыны, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Денис Уланов қорғап, үздіктер қатарынан орын алды. Ол 94 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, қоссайыс қорытындысында 337 келіні көтеріп, алтын медальға ие болды. Қазақстан ауыр атлеттері арасында он тоғыз жастағы біздің спортшы ғана осындай нәтижеге жетті.

Сондай-ақ, Алматы қаласынан Гүлнәз Наурызова ересектер арасында 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медальды иеленді.

– Біздің спорт мектебінде жаттығып жүрген Денис Уланов биыл Талдықорған қаласында ауыр атлетикадан өткен Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанған болатын. Енді, міне, Солтүстік Кореяда бапкерлер мен жанкүйерлердің сенімін ақтап шықты. Біздің мақсатымыз – ұлттық құрама сапын жас та талантты спортшылармен толықтыру, халықаралық дәрежедегі спортшыларды даярлау. Табысты өнерімен көзге түсіп жүрген Денистің жемісті де жеңісті жолдары жалғаса берсін, – дейді Өскемен қаласы бойынша олимпиада ізбасарларын даярлайтын мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер облыстық спорт мектебінің директоры Владимир Тен.
Денисті Иван Строкатов пен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Девяткин баулып, жарыстарға даярлауда.

Әлімжан Қадылбекұлы

Осы айдарда

Back to top button