Қоғам

Денис Уланов күміс жүлдегер атанды

Денис Уланов күміс жүлдегер атанды

Өскемендік зілтемірші Денис Уланов Грозный қаласында өткен Ресей Президентінің Кубогында күміс медаль иеленді. Бұл – ауыр атлеттің екі жылдық спорттан шеттету жазасынан кейін алғаш шығып отырған жарысындағы олжалаған жүлдесі.
Айта кетейік, Шешенстан республикасында туы желбіреген турнирге Қазақстан атынан Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильин, Әлем чемпионы Александр Зайчиков сынды әйгілі спортшылар қатысты. Қатысып қана қоймай, біреуі алтын, енді бірі күміс медальдарды жеңіп алды. Илья болса өзінің бұған дейін мұрты бұзылмаған рекордын тағы да жаңартып, жанкүйерлер мерейін өсірді. Осындай мықтылардың жолын біздің жігіт те жалғастырды. Алғашқы мүмкіндіктен-ақ шығысқазақстандық ауыр атлет пен оның баспкерлері алтын медаль үшін таласқа түсетіндіктерін байқатты. 94 келіге дейінгі салмақта сынға түскен ол жұлқа көтеруде 170 келіні бағындырса, серпе көтеруде 210 келіні ырқына көндірді.
Бұл сында негізгі бәсеке қазақстандық Денис Уланов пен ресейлік Адам Малигов арасында өрбіді. Серпе көтерудің соңғы мүмкіндігіне дейін екеуінің қайсысы бас жүлдені қанжығасына байлайтыны белгісіз еді. Өйткені, қос спортшы да 219 келіні бағындырды. Бірақ жұлқа көтеру сайысында басты қарсыласымыз үш келі салмақ артық көтеріп, алтынға қол жеткізді. Ал Денис күміс медальды қанағат тұтты. Үшінші жүлдені Беларусь өкілі Александр Венскель иеленді.
Алайда, өскемендік атлет өз салмағында аталмыш Кубоктың серпе көтеру жаттығуында ең үздік деп танылды. Себебі, Денистің салмағы Адам Малиговтан жеңіл болатын.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button