Қоғам

Денис Уланов Бразилияға барады

Денис Уланов Бразилияға барады

Жетісу жерінде аяқталған ел чемпионатында 94 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен өскемендік Денис Уланов алтын медаль иеленіп, Рио-де-Жанейро Олимпиадасына жолдама алды.
Жалпы, бұл салмақтағы бәсекелерді жұрт асыға күткен. Оның өзіндік себебі де бар. Бұл салмақта кіл мықтылар бақ сынайды өйткені. Атап айтқанда, 2009 жылғы Әлем чемпионы Владимир Седов, Азия жеңімпаздары Денис Уланов пен Рүстем Сыбай сынды саңлақтар. Додаға түскен үш атлет те алғашқы мүмкіндіктерінде 170 келіге тапсырыс берген. Алайда, қызылордалық Рүстем бірінші мүмкіндігінде мүлт кетіп, тек екінші кезеңде ғана еңсерді. Ал 2015 жылғы Азия жеңімпазы Денис Уланов болса еш қиналмай көтерді. Жанкүйерлер тағатсыздана күткен Владимир Седов болса, үстіндегі жейдесін лақтырып, зілтемірді көтермей, спортқа тән емес қылық көрсетуі себепті жарыстан шеттетілді. Сөйтіп, бас жүлде үшін тартыс екі спортшы арасында өрбіді. Сыбай үшінші мүмкіндігінде 175 келіні бағындырса, біздің жерлесіміз 180 келіні еркін еңсеріп, жұлқа көтеруде жеке-дара көш бастады. Серпе көтеруде Рүстем әуелі 190 келіні ырқына көндіргенмен, бұдан артық салмақты көтере алмады. Қоссайыс қорытындысында Сыр елінің өкілі 365 (175+190) келімен тоқтап, күміс жүлдеге ие болды.
Болашағынан үлкен үміт күттірген Денис Улановтың серпе көтерудегі ең жоғары көрсеткіші – 216 келі. Нәтижесінде біздің жігіт 396 (180+216) келіні бағындырып, Қазақстан чемпионы атанды. Ең бастысы, Бразилияда өтетін Олимпиада ойындарына жолдаманы қалтаға басты.
Сондай-ақ, 105 келіге дейінгі салмақта сынға түскен тағы бір жерлесіміз Иван Голушко күміс медальмен марапатталды. Оның көтерген салмағы – 345 (157+188) келі.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button