Денис Уланов – Азия чемпионы
Өзбекстан астанасы Ташкентте жалауы желбіреген ауыр атлетикадан Азия чемпионатында жерлесіміз Денис Уланов алтын медаль иеленді. Бұл жеңісі оның биыл жазда Бразилияда өтетін Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігін одан әрі бекіте түсті.
Жасырып-жабары жоқ, ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен шығысқазақстандық спортшының бұл жеңісін жанкүйерлер көптен бері күтіп жүргені белгілі. Өйткені, ол бұған дейінгі талай дүбірлі жарыста жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, өзінің санасуға тұрарлық мықты атлет екенін дәлелдеген. Алысқа бармай-ақ, былтыр күзде өткен турнирде әлем рекордына пара-пар салмақты басынан асыра тік көтеруі бұл сөзімізге дәлел. Сондықтан да болар Улановтың өзбек жерінде топ жаратынына бапкерлер де, қалың жанкүйер де сенім білдірген. Білекті жігітіміз ел сенімін ақтады.
Өскемендік спортшымен бірге 85 келі салмақта барлығы сегіз спортшы бақ сынады. Олардың ішінде Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Катар, Қытай, Иран сияқты елдердің толағайлары бар. Дегенмен, Денис бәсекелестеріне алтын жүлдеге таласуға ешқандай мүмкіндік бермеді. Жұлқа көтерудің үш мүмкіндігін де толық пайдаланған ол 168 келіні бағындырса, серпе көтеруде 205 келіні ырқына көндірді. Нәтижесінде жұлқа және серпе көтеруден екі бірдей алтынды қоржынға салған жерлесіміз қоссайыстың қорытындысы бойынша да 373 (168+205) келімен көш басынан көрінді. Күміс жүлде иегері атанған ирандық жігіт екі жаттығудың нәтижесінде біздің чемпионнан 17 келіге кем көтерді.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қараша айында Денис Уланов қоссайыстың қорытындысы бойынша 394 келіні еңсерген.
Шығыс-Ақпарат