Денис Тен – Олимпиаданың қола жүлдегері
Олимпиада ойындары басталғалы араға жеті күн салып алғашқы қола жүлде қоржынымызға түсті. Алтынға бергісіз бұл медальді бізге мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен әперді.
Спорттың осы түрінен ел тарихында тұңғыш қол жеткізген жүлденің оңай жолмен келмегені рас. Қысқа бағдарламаның қорытындысы бойынша тоғызыншы орыннан көрінген Денис Тен еркін бағдарлама деп аталатын екінші кезеңде барын салды. Аренаға жиналған қарақұрым жанкүйерлерді өз өнерімен баурап алғаны былай тұрсын, төрелік етіп отырған қазылардың өзіне таңдай қақтырған жерлесіміз жапондық Юдзуру Ханю мен канадалық Патрик Чанды ілгері жіберіп, екі жарыста жинаған 255.10 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.
Сонымен қатар еліміздің спорт тарихында алғаш рет қазақ қызы қысқы Олимпиада ойындарында алғашқы алтылыққа енді. Фристайлдың акробатика түрінен сынға түскен шымкенттік Жанбота Алдабергенова шеберлігінің арқасында алтыншы орынға табан тіреді. Айта кетейік, осыған дейін қазақ ұлтынан шыққан бірде-бір нәзік жанды спортшы ақ Олимпиадада осындай жоғары орын иеленіп көрмеген-ді.
Әзірге Денис Тен мен Жанбота Алдабергенова ұлттық құрамадағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізген спортшыларымыз. Өкінішке қарай, үкілеп қосқан үміттеріміз шаңғышы Алексей Полтораниннің де, конькимен жүгіруші Денис Кузиннің де, басқаларының да көрсеткіштері көңілден шықпай тұр. Айталық, риддерлік Алексей Полторанин 15 шақырым қашықтықты классикалық стильде жүгіру жарысында тоғызыншы келсе, дәл осындай нәтижені 1500 метрге конькимен жүгірген Денис Кузин де көрсетті.
Сонымен қатар кеше тау шаңғы спортынан тағы бір жарыс (супер-гигант) өтті. Ұзын саны 63 спортшы бақтарын сынаған бұл сайыста Қазақ елінің атынан үш шаңғышы – Дмитрий Кошкин, Мартин Хубер мен Игорь Закурдаев шықты. Олардың арасында ең жақсы нәтижені мәре сызығын отызыншы болып кескен Дмитрий Кошкин көрсетті. Оның көрсеткіші – 1:21.50 минут Ал Хубер мен Закурдаев сәйкесінше 40 және 44-ші орындарға жайғасты.
Бұған қоса 1500 метр қашықтықта конькимен жүгіруден Екатерина Айдова, ерлер арасында 4×10 шақырымдық шаңғы эстафетасында Денис Волотка, Сергей Черепанов, Евгений Величко, Марк Старостин жарыс жолына шықты.
Серік Әбілхан