Қоғам

Денис Колодин мен Карпович \”Алтайды\” Премьер-лигаға шығара ала ма?

 Денис Колодин мен Карпович "Алтайды" Премьер-лигаға шығара ала ма?

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ «Алтай» футбол клубының бас бапкері Сергей Тимофеевті қабылдап, команданың жаңа маусымға әзірлігі жайында сұрап білді.
Негізі, елімізде жаңа футбол маусымы басталып та кеткен. Өскемендік «Восток» пен семейлік «Спартак» футбол клубтарының біріктірілуі нәтижесінде құрылған жаңа команда Қазақстанның Бірінші лигасы ойындары аясында маусымашар матчын Ақтауда жергілікті «Каспийге» қарсы өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, бірінші тур ойындарынан кейін шығысқазақстандық команда көшбастаушылар қатарында келеді. Келесі кездесуін «алтайлықтар» ертең өткізеді. Бұл күні шығысқазақстандық клуб өз алаңында атакенттік «Мақтаарал» командасын қабылдайды.
Облыс әкімімен кездесу кезінде жаңадан құрылған футбол клубының бас бапкері Сергей Тимофеев биылғы маусымда команда алдына қойылған мақсат – ел Премьер-лигасына жолдама алу екенін жеткізді.
– Команда құрамы жаңадан жасақталғанымен, ойыншылар бір-бірін жақсы біледі. Футболшылардың дені – бұрынғы «Спартак» пен «Восток» клубтарының өкілдері. Әрине, еліміздің өзге өңірлерінен де ойыншыларды тартуға тырыстық. Солардың бірі – былтыр қарағандылық «Шахтердің» намысын қорғаған белгілі қазақстандық футболшы Андрей Карпович. Бұған қоса, командаға тәжірибелі украиналық қақпашы Вячеслав Котляр мен болгариялық қорғаушы Пламен Димов та келді. Ал ең үлкен трансферіміз деп командамызға Ресей құрама командасының сапында 2008 жылы Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері атанған Денис Колодиннің келуін айтар едім. Футболдан хабары бар адамдар бұл ойыншыны жақсы білуі тиіс. Ол бұған дейін Ресейдің «Крылья Советов», «Динамо» (Мәскеу) және «Ростов» сияқты футбол клубтарында өнер көрсеткен. Сондықтан, команданың жасақталуында мін жоқ. Маусым алдында бірнеше оқу-жаттығу жиынын өткізіп, бір-бірімізбен жақынырақ танысуға мүмкіндік туды. Сол сияқты, қаржыландырылу жағы да ойдағыдай. Енді, клуб алдына қойылған мақсатқа жету жолында аянбай еңбек етуіміз қажет, – деген Сергей Тимофеев өзіне жаңа клубтың бас бапкері қызметін сеніп тапсырғаны үшін аймақ басшылығына алғысын айтып, сенімді ақтауға тырысатынын жеткізді.
Осы орайда жаңа бапкер туралы аз-кем айта кеткеніміз де жөн болар. Көзі қарақты жанкүйер Сергей Тимофеевті футболшы әрі бапкер ретінде жақсы біледі. Ол ойыншы кезінде қазақстандық «Қайрат», «Есіл-Богатырь» және «Ертіс» футбол клубтарымен қатар, ресейлік «Спартак-Алания», «Динамо» (Мәскеу), украиналық «Нива» командаларында табысты өнер көрсеткен, 1995 жылғы Ресей чемпионатының жеңімпазы атанған. Сондай-ақ, Сергей Тимофеев екі дүркін Қазақстан чемпионы атағына да қол жеткізген. Бапкер ретінде бірнеше отандық және шетелдік команданы жаттықтырған ол 2004-2005 жылдар аралығында ұлттық құрамы тізгінін де ұстаған-ды. Бір сөзбен айтқанда, тәжірибесі мол маман. Мұны кездесу барысында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ те ерекше атап өтті.
– Сізді ойыншы кезіңізден жақсы білеміз. Әр ойында алаңда жан алысып, жан берісетінсіз, сол себепті сізге осындай жауапты қызметті тапсырып отырмыз. Біз «Алтай» командасының футболшыларынан да осындай қабілетті көргіміз келеді. Сіздерге қолдан келгенше көмекті аямаймыз, ойыншылар мен жаттықтырушылар құрамына алаңсыз жұмыс істеуіне бар жағдай жасалатын болады. Ендігі кезек – өздеріңізде. Шығыс Қазақстан облысы ел Премьер-лигасынан шет қалмауы керек. Командамыз келер жылы еліміздің бас лигасына шығып, жанкүйерлерін бір қуантып тастауы тиіс, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы, сондай-ақ, «Алтай» клубы облысымызда құрылатын футбол академиясымен тығыз байланыс орнатуы керектігін де ескертті.
Естеріңізге салайық, алдағы уақытта Шығыс Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерді әйгілі «Реал Мадрид» клубының тәжірибесі бойынша жаттықтыратын академия пайда болады. Қазір отандық және испандық мамандардан құралған бапкерлер құрамы өңірдің түкпір-түкпірінен доп тебе алатын балақайларды іздестіруде. Бүгінге дейін академияға қабылдануға даяр 67 бала іріктеліп алыныпты. Сол сияқты, Өскеменде жабық футбол манежі салынып жатқанын да айта кеткен жөн.
– Бірнеше жылдан кейін академия түлектері осы «Алтай» футбол клубының сапында ойнап жүруі керек. Жалпы, болашақта біздің команда өз футболшыларымызбен жасақталуы тиіс, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Тағы бір айта кетер жәйт, жаңа маусымда «Алтай» футбол клубы өз қарсыластарын Өскеменде де, Семейде де қабылдайтын болады. Нақтырақ айтсақ, командамыз көктемгі ойындарын облыс орталығындағы «Восток» стадионында, ал қалған кездесулерін Семейдегі «Спартак» аренасында өткізбек.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button