Қоғам

Дене тәрбиесімен тұрғындардың 30,5 пайызы шұғылданады

Дене тәрбиесімен тұрғындардың 30,5 пайызы шұғылданады


– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұқаралық спортты дамытып, елімізде дене тәрбиесімен шұғылданушылар санын 30 пайызға дейін жеткізу міндетін қойғаны белгілі. Алдын ала айтайын, қазірдің өзінде біз бұл межеден көріндік, ауданда бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 30,5 пайызды құрады, бұл – облыстағы ең үздік нәтиже, – деп әңгімесін бастады Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин.

Негізі, Үржардан чемпиондар көп шыққан. Ауданның тумалары Диас Кеңешев пен Ердос Ахмадиев – қос Қысқы Олимпиадада Қазақстанның көк байрағын әуелетіп, ел құрамасын бастап шыққан саңлақтар. Балуандар, дзюдо шеберлері Әсет Мәмбетов, Әсет Иманбаев, Дархан Баяхметов, Алмат Кебісбаев, Еркебұлан Қосаев, бірнеше Олимпиадаға, Азия ойындарына қатысқан шаңғышы Оксана Яцкая, тағы басқа спортшыларды тек ауданның ғана емес, еліміздің беткеұстар мақтанышы деп айтуға болады.

– Кезінде спорт мектебін ашқан, қазір Қарабұлақ ауылында тұратын бапкер ағамыз Айт Қорғанбаев қазақ күресінен Әлем чемпионы, дзюдодан ел біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы Саят Шәмшиевтің томағасын сыпырды. Аталмыш ауылда ат спорты ерекше дамыған. Ауыл әкімі Бауыржан Қаңтарбаев – ауыл спортының дамуына үлес қосып келе жатқан азамат. Көптеген белгілі шаңғышыға қанат бітірген даңқты жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қайникамал Дүйсенованың бір өзі неге тұрады? Жоғарыда есімдері аталған ұл-қыздарымыздың барлығы да – Үржар аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлектері. Қазір бұл мектепке белгілі спортшы, самбо күресінен Әлем чемпионы, өз ісінің нағыз маманы Айдар Қайырбаев жетекшілік етуде. Оқу ісінің меңгерушісі Дидар Алтынбеков те жас ұрпақтан бар білгенін аямауда. Үстіміздегі жылы ауданда 250-ден астам спорттық шара өткізілді. Оған 11 мыңнан астам адам қатысты. Ауданда бірнеше Кеңес Одағының Батыры мен Социалистік Еңбек Ері бар. Міне, солардың құрметіне футбол, волейбол, еркін күрес, қазақ күресінен жарыстар өтті. Оған қоса, Алатаудың баурайында дүркіреп өткен студент-жастардың дүниежүзілік Универсиадасы, Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесі, дүлдүл әнші Әсет Найманбайұлының 150 жылдығы сияқты айтулы даталар мен оқиғалардың құрметіне спорттың бірнеше түрінен жарыстар өтіп, оған аудан тұрғындары белсене қатысты, – дейді аудан басшысы.

Оның айтуынша, Үржарда Наурыз мерекесі қарсаңында қазақ күресінен дәстүрлі «Үржар барысы» жарысы өтіп тұрады. Аудан әкімінің жүлдесі үшін өтетін дәстүрлі халықтық ойындардың да бәсі биік. Әр ауылдық округтен жиналған қатысушылар спорттың 20 түрі бойынша жүлделі орындарды сарапқа салады. Жеңімпаздар аудан әкімінің алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Күні кеше аудан спортын өгіздей өрге сүйреп келе жатқан аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәрсенхан Қабдолданов Өскеменде өткен мемлекеттік қызметкерлердің спартакиадасына 20 адамнан құралған команданы бастап барып, оның бірталайы жүлделі орындардан көрінді.

Ауданда халықаралық жарыстар тұрақты түрде өтіп тұрады. Мәселен, ағымдағы жылдың шілде айында Үржар жерімен Ресей – Қазақстан – Қытай бағытындағы «Жібек жолы-2017» халықаралық ралли жарысы жүріп өтіпті. Оған 52 мемлекеттен 120 экипаж, 1 500-ге жуық адам қатысты. Мұншама темір тұлпардың сайысын бұрын-соңды кім көрген, аудан халқы тайлы-тұяғы қалмай, раллиге қатысқан көлік жүргізушілерінің шеберлігіне таңғалып, қол соқты.
Тамыз-қыркүйек айларында аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәрсенхан Қабдолдановтың ұйымдастыруымен Әсет Найманбайұлының 150 жылдығы мен ел Конституциясы мерекесі құрметіне 45 жастан асқан ардагерлер арасында шағын футболдан ауданның ашық біріншілігі өтті. Дүлдүл әншінің мерейтойына өңірдің барлық ауданынан қонақтар келді.

Аламан бәйге мен қазақ күресінің жеңімпаздарына автокөлік пен басқа да бағалы сыйлықтар табысталды. Жыл сайын мүмкіндігі шектеулі жандар арасында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ пен қол күресінен жарыстар өтіп тұрады. Айта кету керек, мүгедек жандар өңірдегі кез келген спорттық секцияға тегін қатыса алады.

Президенттік тест ережелеріне сәйкес, ауданда қыс және жаз мезгілдерінде шаңғы, жеңіл атлетика сияқты спорттың бірнеше түрінен жарыстар өтіп, оған мектеп оқушылары, мемлекеттік қызметкерлер белсенділікпен қатысады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақстандықтардың бұқаралық спортпен тұрақты шұғылданып, жастардың сергек те шымыр болып өсуіне жағдай жасау керектігі туралы айтылады.
Жоғарыда айтылған тестілеуге ауданнан 17 620 адам қатысып, өздерінің бос уақыттарын мәнді де сәнді өткізетіндерін іс жүзінде дәлелдеді.

– Қазір ауданымыздағы 51 мектепте 157 денешынықтыру мұғалімі жұмыс істейді. Білім ошақтарында спорттың 11 түрінен, атап айтқанда, жеңіл атлетика, баскетбол, волейбол, тоғызқұмалақ, қазақша күрес, футбол, үстел теннисі, шахмат, гір көтеру, қол күресі үйірмелері жұмыс істеп тұр. Үйірмелерге барлығы 733 бала жазылған. Жалпы өңірдің білім беру ошақтарына соңғы екі жылда ғана 2 миллион 550 мың теңгенің спорттық құралдары сатып алынғанын ерекше айтқым келеді, – дейді аудан басшысы.

Белгілі болғандай, бүгінде Үржарда 45 спорт залы бар екен. Оған қоса, ауданның барлық мектебі спорт алаңдарымен қамтылған. Өңірде бірнеше спорт модулі жұмыс істеп тұр. Соның бірі жақында ғана Науалы ауылында пайдалануға берілді. Оған Үржар ауданы спортының өркендеуіне зор үлес қосқан Нұрлан Рахметовтің есімі берілді. Парламент Мәжілісінің депутаты болған, қазір «Сонар» корпорациясының президенті Ержан Рахметов көмек қолын созып, спорт нысанына қажетті құрал-жабдықтарды алып берді. Модульдің ашылуына ауданды ұзақ жылдар басқарып, экономикасын көтеруге ерекше үлес қосқан, қазір облыс әкімінің кеңесшісі қызметін атқарып жүрген, «Ел қайраты» қоғамының облыстағы төрағасы, жерлесіміз Дүйсембай Селиханов пен ауданның өзге де құрметті азаматтары қатысыпты.

Көлденең ауылында орналасқан дәл осындай модульде де бүгінде спорттың онға тарта түрімен жүздеген жас шұғылдануда. Жалпы, Үржар спорт мектебінің Көлденең, Мақаншы, Бақты, Қабанбай, Таскескен, Малақ, Елтай, Қарабұлақ ауылдарындағы бөлімшелерінде грек-рим, дзюдо, қазақ күресі, еркін күрес, бокс, волейбол, шаңғы үйірмелері жүйелі түрде жұмыс істейді. Аталмыш бөлімшелерде қазір 48 жаттықтырушы қызмет етіп, балғындарды баптауда. Жетістіктер де жоқ емес. Ауданда бірнеше еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, КСРО мен Қазақстанның спорт шебері жұмыс істеп, балаларды спорттың қыр-сырына үйретіп жүр. Қорыта айтқанда, Үржар спортында серпіліс бар. Жергілікті бапкерлер алдағы уақытта да ел намысын абыроймен қорғайтын талай таланттың атын шығарады деген сенімдеміз.

Оңдасын Елубай
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button