Дәнді дақылдарды жинау жұмыстары жалғасуда
Шемонаихалық диқандар егістіктің 60%-ы жинады.
Бұл туралы Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары Алексей Ахаев облыс орталығында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Ағымдағы жылы Шемонаиха ауданында 52 мың гектарға жуық алқаптан дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналып, егіннің әр гектарынан 14 центнер өнім алынды.
-Өздеріңіз білетіндей биылғы маусым құрғақ болды. Жаз бойы мардымды жауын да жаумады. Бұл егіннің деген суды талап ететін кезеңіне тура келді. Өткен жылы 74,8 мың гектар жердің бір гектарынан 18,3 центнер өнім алғанбыз. Қазір күнбағысты жинауға кірістік. Аудан бойынша жалпы егістіктің 60%-ы жиналды. Ал ай соңында басталған жауын техникалардың егіс алқабына шығуын қиындатып жіберді. Егін ору жұмыстары аяқталған соң да оларды кептіру керек болады. Сондықтан шаруаларға қосымша субсидияланған үш мың тонна дизель отынын бөлдік, -дейді Алексей Ахаев.
Айта кетелік, аталмыш аудан диқандары келер жылғы егінге күздік дақылдарды да егуге кіріскен. Шаруалар екі мың гектарға жуық алқапқа күздік және қара бидай еккен.
Ынтымақ Толқын