Қоғам

Демократияның айқын көрінісі

Зейнолла Тоқаев, Семей қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды. Республикалық референдум – Конституция, конституциялық заңдар, заңдар және мемлекеттiк өмiрдегі өзге де маңызды мәселелерге қатысты шешiм жобалары бойынша жалпыхалықтық дауыс беру. Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша референдум өткізу қазақстандықтар үшін аса маңызды. Бұл қоғамды демократияландыруға бағытталған қадам. Референдум өткізу идеясын мен қолдаймын. Мұны барлық билікті халықтың қолына қайтару десек те артық емес.  Президентіміздің саяси бастамасын қолдаймын, бұл – көптеген ұсыныстарды іске асырудың ең тиімді жолы. Себебі халық референдумды қолдаса, әрі қарай бұл әлеуметтік тұрақтылыққа әкеледі. Қазақстан тұрақты дамып, гүлдене түсуде. Әрқашан жерімізде, елімізде бейбітшілік пен тыныштық болсын.

Элеонора Столярова,

С.Аманжолов атындағы ШҚУ

«Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, әлеуметтанушы:

– Еліміз үлкен өзгерістердің алдында тұр. Оның негізі –конституциялық реформа. Оның мәні – елдегі демократияны нығайту, азаматтардың мемлекет ісіне араласу мүмкіндігін арттыру. Сондықтан Президент Ата заңға енгізілген өзгерістерді халық талқысына салып, көпшілікке сүйене қабылдауды көздеп отыр.

Жалпы, референдумның өзі, яғни белгілі бір маңызды мәселе бойынша азаматтардың пікірін білу – демократияның айқын көрінісі. Қоғам да өз тарапынан ойын, ұстанымын білдіруге әзір болуы тиіс. Мемлекеттің азаматы болуға үйрену керек, жай ғана төлқұжат алу азамат атануды білдірмейді, кез келген азамат ұстанымын ашық білдіре отырып, өз елінің бағыт-бағдарына, келешегіне ықпалын тигізе алуы қажет.

Референдум азаматтарымыздың құқықтары мен міндеттемелерін толық іске асыруға мүмкіндік береді. Осы ретте мен алдағы уақытқа жоспарланып отырған референдумның өтуін толық қолдаймын.

Президенттің референдум өткізу туралы бастамасы мемлекеттің тұрғындардың үніне құлақ асып отырғанын айғақтайды. Конституциядағы өзгерістер шағын бір топпен ғана қабылданбауы керек. Бұл – өте маңызды құжат, Ата заң әркімнің өміріне, тұрмысына, болашағына әсер етеді. Оны бүкіл ел болып талқыға салып, азаматтардың өздері қабылдауы қажет.

Енді Мемлекет басшысы ұсынып отырған осы мүмкіндікті азаматтар ұтымды пайдаланып, науқанға біркісідей белсенді қатысады деп үміттенемін.

 

 

 

 

 

 

 

Марияш Дюсекенова,

Ақжар ауылдық кітапханасының аға кітапханашысы,

Тарбағатай ауданы:

– Президент өзі бастамашылдық жасап, Ата заңымызға қоғам сұранысына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болды. Ең бастысы, мұны халықтың таңдау еркіне қалдырып, референдум өткізілетін болып шешілді. Мемлекет басшысы референдумның мәні мен маңызына елге арнаған Үндеуінде де кеңінен тоқталды.

Парламент сайлауында болатын өзгерістер, саяси партия құру талаптарының жеңілдей түсуі, қоғамдық қозғалыстардың үнқатысу пәрменінің арта түсетіндігі көңілге сенім ұялатады. Халық үніне құлақ асатын мемлекет ұстанымы іс жүзінде орындала түссе, көптеген түйткілді мәселелер оң шешімін табады деген ойдамын.

Қарап отырсақ, Ата заң баптарының үштен бірі өзгермек. Яғни, Конституциямыз мүлдем жаңаша сипатқа  ие болады деген сөз. 5 маусымға белгіленген референдум Қазақстанның болашағын айқындамақ. Сондықтан баршамыз саяси науқаннан тысқары қалмай, сайлау учаскелеріне барып, өз дауыстарымызды беруіміз қажет.

Ата заң басты құжат болғандықтан, мемлекетіміздің қандай жолмен дамитынын, басты құндылықтарын өлшеп-пішіп айқындап бермек. Елдігімізді, Тәуелсіздігімізді нығайтуда Ата заңымыздың айбындылығы қоғам үшін аса маңызды.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button