Демократиялық құндылықтардың бастамасы
Маусым айының 5-де болатын республикалық референдумнан аудан халқы үлкен үміт күтеді. Неге десеңіз, демократиялық құндылықтардың бастамасы екенін былайғы жұрт түсініп отыр.
Еліміздің бас құжаты Ата Заңымыз – Конституцияны өзгертпей қадам баса алмайтынымыз анық. Белгілі ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлы айтпақшы: «… Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек». Әлбетте, бәрі де заңды түрде болғаны дұрыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл Қазақстан халқына арнаған Жолдауында барша қазақстандықтардың ұйымшылдықпен, жұмыла тіршілік етуі жайлы баса айтылды. Онда Президент: «…Алайда, береке-бірлігімізді сақтамасақ, жетістіктеріміздің бәрінен айырылып қалуымыз мүмкін. Қаңтардағы дүрбелең кезінде бұған көзіміз анық жетті. Бұл оқиғалар бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төнді. Осы күндерде жұртымыз тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жете түсінді. Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық. Уақтылы және батыл шешім қабылдап, лаңкестерге тойтарыс бердік. Мен қашанда бәрін ашық айтып жүрмін. Індет кезінде қалыптасқан ахуал жөнінде жұртшылыққа үнемі ақпарат беріп отырдым. Кешегі қатерлі күндерде Мемлекет басшысы ретінде халыққа арнап бірнеше үндеу жасадым. Барлық жағдайды азаматтарымызға жан-жақты түсіндіріп, жеткіздім. Әрбір шешімді еліміздің мүддесіне сай қабылдадым. Бұл – мен үшін бұлжымас ұстаным», – деп өз ойын айқын білдірген болатын. Сондықтан бауырлар, береке мен бірлік, тыныштық пен бейбітшілік біздің қазақ халқы үшін өте маңызды болып тұр. Сыртқы күштерден бұрын өз ішімізде бір-бірімізбен тату болып, берекелі ғұмыр кешуіміз керектігін мен үнемі айтып келе жатқан адаммын. Абай баба айтпақшы, «…Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос», дегім келеді. Тек бейбіт те берекелі тыныш өмір ғана халықты жоғары мақсаттарға бастайды. Баршамыз Референдумға бір адамдай қатысып, өзіміздің болашаққа деген сенімімізді білдірейік, ағайын!
Бақытбек Тұрысбеков, «Бексұлтан» шаруа қожалығының басшысы
Аягөз ауданы.