Демократия жолындағы батыл қадам

Ержан Әбіш
Президенттің уәкілеттігі шектелейін деп отыр. Адам құқықтары бойынша «Конституциялық сот» және «Адам құқықтары бойынша уәкілетті орган» деген екі жаңа бап пайда болады. Сайлау жүйесі де өзгермек. Енді кез келген азамат өзін депутаттыққа ұсына алады.
Кеше Өскеменде өткен «Sarap» эксперттік клубының «Конституциялық реформа: мемлекеттік басқаруды трансформациялау» тақырыбындағы аймақтық отырысында осы және өзге де маңызды реформалардың мәнісі айтылды. Жиынды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өткен отырысқа қатысушылар Ата Заңның ел дамуындағы рөлі мен Жаңа Қазақстанды құрудағы конституциялық реформаның маңызын талқыға салды. Алдағы референдум жиынның негізгі тақырыбы болды. Спикерлер дауыс беру белсенділігі ел дамуына қалай әсер ететіні туралы пікірлерімен бөлісті.
Іс-шара модераторы, Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов референдумның мақсаты туралы айтып, Ата Заңға енгелі отырған өзгерістер бұрынғыдай Парламентте емес, референдум арқылы, халық талқысына салынып қабылданатынын атап көрсетті. Сондай-ақ оның айтуынша, өзгерістердің маңыздысы – республиканың суперпрезиденттік басқару моделінен классикалық президенттік модельге көшу.
«Sarap» клубының осы бағыттағы отырыстары бұған дейін Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында өтіп, конституциялық реформа жұртшылықтың қызу талқысына түскен.
– Өздеріңіз білесіздер, 5 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы Жарлыққа қол қойып, 5 маусымда конституциялық реформа жөнінде референдум өткізуді ұйғарды. Елімізде соңғы рет референдум осыдан 27 жыл бұрын, яғни 1995 жылдың 30 тамызында өткен. Онда халық қазіргі Конституцияға дауыс берген еді. Содан бері ғылым мен техника дамыды, қоғамдық сана да өсті. Негізгі заңға заманға сай өзгерістер енгізілгелі отыр, – деген Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров көпшілікті осы науқанға біркісідей қатысуға үндеді.
Ата Заңның жаңа жобасы баспасөзде, электронды бұқаралық ақпарат құралдарында қос тілде жарияланған. Оны оқып, танысқан көпшіліктің өзіндік ой-пікірі де бар.
Жиында Қазбек Майгелдинов референдум дегеннің не екеніне түсінік беріп, Конституцияның 33 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгелі отырғанын жеткізді.
– Қазір әлеуметтік желілерде референдумға қарсы бойкотқа шақырушылар да бар. Ал бойкот тығырыққа әкеліп тірейді. Әр азамат референдумға қатысып, өз пікірін дауыс беру арқылы білдіруі тиіс. Реформалар халық үшін жасалуда және бұл ретте азаматтар пікірі аса маңызды. Мәселен, Тұңғыш Президенттің тарихи рөлін Ата Заңда көрсету қажеттілігі қаншалық маңызды деген ой қоғамда жиі айтылды. Ақыры осы пікір ескеріліп, жобадан бұл бап алынып тасталды, – деді ол.
Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит шаһарда 240 мың дауыс беруші, 120 сайлау учаскесі бар екенін, қазіргі кезде олар алдағы науқанға дайындалып жатқанын атап өтті. Әр азамат өзін тізімдерден тексере алады. Жалпы, қаланың азаматтық секторы белсенді. Референдум жөнінде облыстық және қалалық штабтар құрылып, жұмысқа кіріскен.
Саясаттанушы Самат Нұртаза конституциялық реформа Ресей, Түркия, Қырғызстанда өткенін және оларда бұл процесс президенттік билікті күшейту үшін жасалғанын айтты. Ал бізде керісінше, президент өкілеттіктері шектеліп, Үкімет пен Парламентке, жергілікті атқарушы органдарға мол құзырет беріліп отыр.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің оқытушысы Гүлмира Байыркенова Ата Заңымыздың преамбуласы «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы…» деп басталатынын, сондай-ақ 3-ші бапта «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп жазылғанын еске сап, Негізгі заңды қабылдайтын да тек халық болуы керек екенін атап көрсетті. Сондықтан алдағы референдум – елімізді демократияландыру жолында жасалған батыл қадам.
– Біз қазір аудан-қалаларды аралап, жұртшылық арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп жүрміз. Жуырда ғана Алтай ауданынан оралдық. Жалпы, біздің партия конституциялық реформаларды қолдап отыр. «Жер – халықтікі» дегенді бұрыннан-ақ айтып келеміз. Ата Заңның жаңа жобасында да осылай жазылған, мұны жақтаймыз. Азаматтардың бәрін референдумға қатысып, ауызбіршілік танытуға шақырамыз, – деді Халық партиясы облыстық филиалының жетекшісі Анжела Горностаева.
Қоғам белсендісі Әділ Сайлаубек көпшілік тарапынан өзгерістер керек деген сөздер жиі естілетінін айтып, алдағы референдумның нақ сол өзгерістердің бастауы болғалы тұрғанын жеткізді. Оның пікірінше, реформалар – алдағы дамудың негізі әрі қоғамдағы шиеленістердің алдың алудың бірден-бір жолы.
Кездесу университетте өткендіктен студенттер көп қатысып, талқылауға белсенді қатысты, сарапшыларға сауалдарын қойды. Айталық, 3 курс студенті Нұрай Медеуханова екінші республиканың бірнішіден қандай айырмашылығы болатынын сұрады. Сарапшылар бірінші республика тұсында еліміздің шекарасы шегенделіп, әлемге танылғанын атап, алайда саяси жүйенің соңғы жылдары тұралап қалғанын, демократиялық үрдістердің тежелгенін баса айтты. Екінші республика әділетті қоғам орнатуды, әр азаматқа мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін беруді көздейді.
Саясаттанушы Аида Әйкенова жастарды еліміздің саяси өміріне қызығушылық танытып, саяси іс-шараларға, мемлекетті басқару ісіне белсене қатысуға шақырды. Конституциялық реформа сайлау жүйесіне де маңызды өзгерістер енгізуді көздеп отыр. Мажоритарлық жүйе кез келген азаматтың партия қатарына қосылмай-ақ, аудандық-қалалық, облыстық мәслихаттарға, Мәжіліске депутат болу мүмкіндігін қарастырады.
Кездесуді түйіндеген Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі жиналғандарды «Sarap» эксперттік клубының телеграммдағы парақшасына кіріп, конституциялық реформалар туралы толық ақпарат алуға және өз пікірлерін ашық білдіруге шақырды. Олардың бәрі де ескерілетін болады.