Қоғам

Демократиялық жаңғырудың жарқын көрінісі

Демократиялық жаңғырудың жарқын көрінісі


Кеше Өскемендегі Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында конституциялық реформаны талқылау қорытындыларын шығаруға арналған дөңгелек үстел өтті. Басқосуға Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының, этномәдени бірлестіктердің, мемлекеттік органдардың, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының өкілдері қатысты.

– Өздеріңіз білесіздер, Президент Әкімшілігінің 26 қаңтардағы тапсырмасына сәйкес 10 наурыз конституциялық реформаны талқылау қорытындыларын шығаруға арналған республикалық бірыңғай күн ретінде бекітілді. Осыған орай бүгін біз реформаны қорытындылау бойынша жиналып отырмыз, – деді Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы аппаратының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев.

Кеше Мемлекет басшысы «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Еске сала кетсек, Конституцияға өзгерістер енгізу жобасы ресми БАҚ-та осы жылдың 26 қаңтарында жарияланған еді. 6 наурызда Парламент «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады. Мемлекет басшысына қол қою үшін ұсынылған аталмыш Заң Конституциялық кеңеске жолданған болатын. Ал Конституциялық кеңес өз шешімінде заңның Конституцияға, соның ішінде Республиканың конституциялық құндылықтарына, қызметінің түбегейлі принциптеріне және басқару нысанына сәйкес келеді деп қаулы етті.

Асқар Нұрғазиевтың айтуынша, Конституцияға өзгеріс енгізу жөніндегі мәселелер бір ай бойы талқыланған.

– Елбасының өзі осы мәселені халық талқылауына ұсынуы – демократиялық қадам. Арнайы құрылған жұмыс комиссиясына осы уақыт ішінде алты мыңнан астам ұсыныс-тілек түсіпті. Республикалық деңгейде 250 пікірталас алаңы ұйымдастырылған, ал өңірлік дәрежеде 10 мыңға жуық іс-шара өткізілді, оларға екі миллионнан астам азамат тартылды. Шығыс Қазақстанда үш мыңнан астам кездесу болып өтті. Мұның өзі – елдегі болып жатқан демократиялық жаңғырудың жарқын көрінісі, – деген ол Мемлекет басшысының өзі бастамашы болып, өз өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке беруін қоғамды одан әрі демократияландыру жолында жасалған тарихи шешім деп бағалады.

Басқосуға қатысқан Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы Бақтияр Камалов бекітілген заңға сәйкес Ата Заңымыздың 19 бабына 26 өзгеріс енгізіліп отырғанын атап өтті. Ал Парламент депутаттары талқылау барысында Конституцияға Елбасының мемлекет құрудағы елеулі рөлін көрсетуді ұсынған. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смит өз сөзінде аймақ жұртшылығы конституциялық реформаны талқылауға асқан белсенділікпен қатысқанын айтып, барлығына алғысын білдірді. Оның ішінде үш сенатор және сегіз Мәжіліс депутаты қатысқан ауқымды кездесулер де болды. Ендігі атқарушы билік органдарының мақсаты – халыққа қабылданған заңды жеткізу. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қайрат Чақпантаев талқылау барысында судьяларға қойылатын талапты күшейту туралы ұсыныстардың көп болғанын, олардың ескеріліп, Ата Заңның 79-шы бабына тиісті өзгерістер енгізілгенін айрықша атады. Ғылыми-сараптама тобының мүшесі, саясаттанушы Нелли Краснобаева талқылау кезінде тұрғындардың саяси белсенділігі арта түскенін атап өтті.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси бөлімінің меңгерушісі Алтынай Жарқымбаева халықтық партияның осы бір ай көлемінде ауқымды жұмыс жүргізгенін, 26 қаңтар мен 26 ақпан аралығында бекітілген жүйелі кестеге сәйкес 600-ден астам іс-шара өткенін жеткізді. Талқылауға әсіресе, еңбек ұжымдарындағы бастауыш партия ұйымдары ерекше қарқынды қатысқан екен.

– Арнайы жұмыс тобы құрылды. Осылайша, Конституцияға енгізілуі тиіс өзгерістер жан-жақты елеп-екшелді. Осы реформаны келешек ұрпақ мемлекет дамуының алтын кітабына жазатын болады, – деген Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Лео Шик саяси шараға жоғары бағасын берді.

Дөңгелек үстел отырысында, сондай-ақ, өңірімізде медиацияны дамыту мәселелері талқыланды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button